Абай облысының диқандары өнімдерін өткізе алмай отыр

1007

Жаңадан құрылған Абай облысының диқандары күнбағыстарын өткізе алмай отыр. Айтуларынша сұраныс күрт азайған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Абай облысының диқандары өнімдерін өткізе алмай отыр Фото: google.com

Көктемде несие алып, жер салып, ала жаздай еңбектенген абайлық шаруалардың еңбектері ақталмай жатыр. Күнбағыстың бағасы түсіп, шығынын жаба алмай қалған. 
Сұраныстың азаюына бірден-бір себеп –  Ресейден шектеусіз тасымалданған күнбағыстар. Яғни олар өзге жаққа сата алмаған өнімін біздің елге арзан бағаға өткізуге кіріскен. Кесірінен, жергілікті шаруалардың өніміне сұраныс жоқ. Тіршілігіне тықыр таяған диқандар биліктен көмек сұрауда. 

"Бұрындары мал шаруашылығымен айналыстым, кейін егіншіліке бет бұрдым. Бұл да алды арты тұман дүние, қуаңшылық болса, шығынға батасың. Бірақ биыл жауын-шашын аз болса да, өнім жақсы шықты. Бірақ ешқайда өткізе алмай отырмыз. Көктемде 260 теңге болған шекілдеуіктің келісі 130-150 теңгеден аспай қалды. Шығынды ақтамайды. Мемлекетке 150 миллиондай қарызым бар. Биылғы жабатын қарызым 35 миллион. Басында кішкене сатып, оның 15 миллионын жаптық, – дейді мақаншылық Марат Сағадиұлы.

Егінін жинаған шаруалар келер жылы егіншіліктен бас тартуы мүмкін. Мұның салдары қымбатшылыққа ұрындыра ма деген қауіп бар. Екінші жағынан еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кесірін тигізері анық. 

"Олар қазір өнімдерін қысылғаннан сатады. Сөйтіп қамбалары қаңырап қалады. Келер жылға ұрықтық та қалмайды. Дизельдік отын да, сайман да ала алмайды. Ертең біз өзіміз сол Ресейден сатып алуға мұқтаж боламыз", – дейді егінші Бауыржан Рамазанұлы.

Сауда және интеграция министрлігі мәселеден хабардар. Ақпарат көздеріне Ведомство басшылығы шет елден келген өнімнің бағасын реттейміз деп жауап берген. Бірақ нақты қашан екені белгісіз. Отандық өндірушілердің тауарын тиімді өткізу бойынша да келісім жасалады, тек келер жылы деп айтты.

"Ресейден, Белорусиядан болсын өнімдерінің бағасын реттейміз. Біздің Ауыл шарушылығы министрлігі қазір май өндіретін зауыттармен нақты келісім дайындайды", – дейді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев.

Биыл Үржар ауданының диқандары 200 мың гектарға жуық жерге егін салған. Оның тең жартысы майлы дақылдар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу