АШМ мәліметінше, 2024 жылы отандық зауыттар 757,1 мың тонна өсімдік майын өндірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ал бұл көрсеткіш 2025 жылдың қаңтар-қазанында 622 мың тоннаға жеткен. Тіпті, күнбағыс жинау науқаны әлі толық аяқталмады. Десе де, биыл Қазақстанда 1,7 млн тонна күнбағыс тұқымы жиналуы мүмкін деген болжам айтылады.
Осылайша, Қазақстан күнбағыс тұқымын өндіретін елдер арасында 6-орынға шығуы ықтимал. Өйткені, елде күнбағысты өңдеу де, экспорт да қуаты жыл сайын артып келеді.
"Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының" стратегиялық даму директоры Андрей Антоновтың айтуынша, еліміз аталған өнім өндіруде жетекші орынға көтеріледі.
– Мұндай көрсеткішпен Қазақстан әлемде алтыншы орын алады және өнім көлемі 1,8 млн тонна деп жоспарланған Түркияға жақындайды. Ал алғашқы төрттікте дәстүрлі түрде Ресей (18 млн тонна), Украина (13,1 млн тонна), ЕО елдері (9,5 млн тонна) мен Аргентина (4,3 млн тонна) болады, – дейді ол.
Сарапшы 3 ірі астықты өңірде күнбағыс егу әлеуеті жоғары екенін айтады. Қазір бұл аймақтарда оның үлесі 3%-дан аспайды, бірақ соңғы 3 жылда майлы дақылдар алқабы тұрақты өсуде.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында биыл 760 мың гектар жерге майлы дақылдар егілді. Ал Ақмола облысында екі жылда майлы дақылдар алқабы 2,5 есе өсіп, 500 мың гектар болған. Сол секілді, Қостанай облысы егіс көлемін 691,4 мың гектардан 873,5 мың гектарға дейін арттырған.
– Қазақстанның май өңдеу зауыттары жылына 5 млн тоннаға дейін майлы дақылдарды өңдей алады. Оның 4,1 млн тоннасы – күнбағысқа тиесілі. Ең аз өңдеу көлемі – БҚО (шамамен 100 мың тонна). Ең үлкен қуат – СҚО, Қостанай және Ақмола облыстары (1,3 млн тоннадан астам). Шығыс, Абай және Павлодар облыстары 2 млн тоннадан көп өңдеуге қауқарлы, – дейді А.Антонов.
2027-2028 жылдары қосымша 1,6 млн тоннадан астам қуатты жаңа зауыттар іске қосылмақ. Олардың жартысы астықты 3 өңірде салынады. Шығыста 500 мың тоннаға, Оңтүстікте 330 мың тоннаға арналған жаңа өндірістердің іргетасы қаланды. Солтүстіктегі зауыттардың шоғырлануының бір себебі – әлеуеттің жоғары болуы. Қазір күнбағыстың үлесі 3% болса, ғылыми негізделген норма 17 пайызды көрсетуде.
– 2026 жылға қарай рафинадталған май көлемін 600 мың тоннаға дейін жеткіземіз. Бұл импортты азайтып, зауыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – дейді сарапшы.
Өзбекстандық аграрлық логистика сарапшысы Әлішер Махмұдов биыл Қостанайда өткен форумда қазақстандық майлы дақылдарға қызығушылық тұрақты өсіп жатқанын, Өзбекстан 2024 жылы Қазақстаннан сатып алу үлесін 40%-ға жеткізгенін, жыл сайын 200 мың тоннадан астам шикізат пен жартылай фабрикат және 150 мың тоннадан аса дайын май импорттайтынын айтты.
– Күнбағысты сақтау бидайға қарағанда қиынырақ. Қойма және кептіру инфрақұрылымын кеңейтуі керек. Бұған дейін ұн тартушылар жасаған сияқты қойма көлемін арттырып, жыл бойы қабылдай алатын жүйе қажет, – деп қоса кетті ол.