Абайдың трагифарс драмасының тұсауы кесілді

18122

Жаңа қойылымның мазмұнға бай философиялық ілімі көрерменді тағылымды ойға жетелейді. 

Абайдың трагифарс драмасының тұсауы кесілді

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің "Жастар театры" айрықша тарту жасады. Бас ақынның рухани болмысынан сыр шертетін "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" атты трагифарс премьерасы өтті.

Абай тақырыбына кез келген театр бара бермейді, өйткені дана ақынның болмысын ашу өте күрделі. Ал құрылғанына небәрі үш-ақ жыл болған жастардан құралған шығармашылық ұжым дара тұлғаны дәріптеуде бой тартып қалмай, талғампаз көрерменге ой салар қойылым ұсынып отыр. Қоюшы режиссеры – жас талант Айша Әбдірахман. Басты рөлді өнерпаз Мақсат Серіков сомдайды. Шығарманы театрдың көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов жазған.

"Театр жастары Абай бейнесін, оның болмысын көрермендерге көрсеткісі келді. Осы мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Олар Абайдың ішкі түйсігіне, ішкі рухына сыйынады. Қойылымда ақынның балалық шағы мен жастық шағы сомдалды. Балалық әлеміне жүгінеді, осы әлемнен жас Абайлар көрініс табады", – деді ҚР мәдениет қайраткері, жастар театрының көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов.

Жаңа қойылымның мазмұнға бай философиялық ілімі көрерменді тағылымды ойға жетелейді. Хакімнің ішкі әлемі, рухани болмысы бір шығарманың бойында өрбіген. Қойылымның негізгі ерекшелігі  – кемеңгер Абайдың рөлін төрт адам сомдайды. Олар – ақынның балалық, жастық, бозбалалық және қартайған кездегі болмысы. Түрлі күштермен, келеңсіздіктермен күрестегі ақынның толғанысын, жан күйзелісін көпшілікке жеткізеді.

Осылайша арпалыспен астасқан қойылым ізгілікпен достасып түйінделеді. Яғни ішкі жан азабында "сабырды серік, иманды берік ұстансаң" ешқандай кедергі жоқ екенін меңзейді. Рухы тұтас адамның бағындармас қамалы, алмайтын асуы жоқ екенін көрсетеді. Тәлімді қойылымды ойлы жастар осылайша көңілге ұялата білді.

"Абайдың жан дүниесінде болып жатқан оқиғаларды көрсете білдік. Бір жарым ай уақыт іздендік, көңілге көп дүниені сіңірдік. Ақынның рөлін сомдау оңайға соққан жоқ. Үлкен ізденісті керек етті", – дейді жас Абайдың рөлін сомдаған  Әділет Әбенов.

Айта кетейік, аталмыш спектакль Қарағанды облысында өтетін халықаралық театр фестиваліне онлайн режимде ұсынылды. Сәтін салса, Сыр жастарының бұл қойылымы жүлделі орынға ілігер деген үміт бар.

Нұрбек Дәуренбеков


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу