Абат Айымбетов: "Іштей уайым болды. Бірақ өзіме сендім"

2318

Қазақстан ұлттық құрамасы Әзербайжанды 2:0 есебімен жеңіп, Ұлттар лигасын жеңіспен бастады. Матч аяқталған соң бүгінгі ойындағы қос голдың авторы Абат Айымбетов кездесуге қатысты өз пікірін білдірді.

Абат Айымбетов: "Іштей уайым болды. Бірақ өзіме сендім"

– Бұл тек бастамасы. Әлі бізді алда маңызды ойындар күтіп тұр. Енді босаңсымау керек және бұдан кейін де дайындықты жалғастырамыз.

– Жанкүйерлердің барлығы да бірінші гол қалай қақпаға кірді деп таң қалып жатты. Сол жердегі оқиғаны айтып өтсең. Шамасы рикошет болды-ау деймін?

– Иә, рикошет болды. Көптен бері чемпионатта гол соға алмағаным уайым болып, оқу-жаттығу жиындарынан соң жарақат алып, 1 айдай ойындарға қатыса алмадым. Іштей уайым болды. Бірақ өзіме сендім. Екі гол соққаныма қуаныштымын.

– Алғашқы гол өте әдемі соғылды. Ал екінші гол ұзақ уақыт тексерілді. Нәтижесінде, VAR арқылы шешілді. Сол уақытта сенің қуанбай тұрғаныңды байқадым. Бейнежазбадан да қарадым. Офсайд болды деп ойладың ба?

– Негізі ондай ой болды. Өйткені бір қарағанымда қорғаушы офсайдта болғандай көрінді. Сондықтан күмәнім болғанын жасырмаймын. Бірақ бейнежазбаны қайта қарағанда ешқандай офсайд болмаған екен. Өте қуаныштымын!

– Бір қызығы, Қазақстан ұлттық құрамасында хет-трик жасаған ойыншы Дәуренбек Тәжімбетов екен. Оның рекордын түбі сен жаңартасың ба деген ой келеді.

– Бұйырса, алда әлі ойындар бар. Жанкүйерлерді қуантамын деген ойдамын. Сонымен қатар өзімнің жеке нәтижелерімді неге жаңартпасқа?

– Ойынның соңында ортада құлап қалғанда барлығы да сені жарақат алып қалды ма деп қорықты. Содан кейін Артур Шушеначев сенің орныңа алмасып шықты. Қатты жарақат алған жоқсың ба?

– Жарақат болған жоқ. Тек аяғымның сіңірі тартылды. Айтарлықтай ауыр жарақат алмадым.

– Сондай-ақ иығыңда да жарақат бар еді?

– Жарақатымнан толықтай айықтым. Қазіргі таңда ештеңе мазалап жүрген жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу