Абыл Кекілбаев: Азаматтық авиация басшыларына сұрақ көп – ал олар үндемей отыр

4837

Ресейге салынған санкциялардың ізімен кей бағытта Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшатын ұшақтардың саны көбейгені байқалады. 

Абыл Кекілбаев: Азаматтық авиация басшыларына сұрақ көп – ал олар үндемей отыр

Flightradar да осы жөнінде Қазақстан аспаны арқылы қанша ұшақтың ұшып жатқаны туралы сызба жариялады. Ал бұл уақытша құбылыс Қазақстанның азаматтық авиация саласына қандай әсерін тигізеді? Шынында да, кейбір тараптан айтылып жүргендей "осы жағдай бюджетті қампайтуға жақсы мүмкіндік" деген пікір орынды ма? Осы сұрақты іnbusiness.kz тілшісі азаматтық авиация саласында 15 жылдық тәжірибесі бар білікті маман – абыз қаламгер Әбіш Кекілбаевтың немересі Абыл Кекілбаевқа қойып көрді.

Сарапшының айтуынша, өкінішке қарай, Қазақстанның авиациялық саласының басшылығының сыртқы коммуникациясы өте нашар.

"Аэронавигациялық мекеменің (КазАэроНавигация) күнделікті жұмысы – ұшақтар қай бағытта ұшса да, ұшу қауіпсіздігін ұйымдастыру. Тікелей міндеті де осы. Қазір геосаяси жағдайларға байланысты ұшақтар қалыпты бағдарынан тыс айналып ұшуға мәжбүр. Міне, сондықтан біздің Қазақстанның батысы да әуе кеңістігінің бір бағдары ретінде қолданылуда. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің аэронавигациялық мекемелерінің келісімімен болып жатыр. Бір күннің ішінде өте күрделі жұмыс жасалды. Себебі әуе кеңістігін пайдалану Қазақстанның ғана емес, екіжақты келісіммен ғана жасалатын шаруа", – дейді ол телефон арқылы білдірген пікірінде.

Оның айтуынша, елдің азаматтық авиация басшылығы тарапынан берілуі тиіс мәлімет өте шектеулі.

"Біздің Азаматтық авиация әкімшілігінің немесе оның басшылығының сыртқы коммуникациялары жоқ. Мысалы, Эйр Астананың президентінің әйелі ақпарат таратып отыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Әлде саясат па? Әлде біздің дайындығымыздың жоқтығының көрсеткіші ме? Сол мәселені көтеріп отырмын. Сыртқы істер министрлігі ақпарат таратып, жұмысты атқаруын атқарып жатыр. Бірақ мына жағдайға байланысты азаматтық авиация саласының басшылары өз ой-пікірін айтуы керек еді ғой", – дейді ол.

Осы жағдайды біздің азаматтық авиация қалай пайдалана алады? Өзінің қандай да бір ұсынысы бар ма? Сұрақ көп, жауап жоқтың қасы.

"Оның бәрін әуе компаниясы немесе әуежай айта алмайды. Қазір менің көзім жетіп отырғаны – әуе компаниялары мен әуежайлардың жағдайы жетім бала секілді қалды. Бәрі де сыртқы коммуникацияның жоқтығынан! Азаматтық авиация басшылығы деп отырғаным осы мәселелер үшін Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі жауап бере ме, әлде Азаматтық авиация әкімшілігі бірдеңе дей ме – түсінбей отырмын. Азаматтық авиация әкімшілігінде уақытша басшы болып АҚШ азаматы отыр. Әйел. Осы жағдайда оның қандай ой-пікірі бар? АҚШ азаматы біздің саясатқа қарағанда осы мәселеге бөлек назар аудару керек шығар. Біздің министрлік, комитет үндемейді", – дейді Абыл Кекілбаев.

Қазақстан аспанында ұшақтар санының артуынан бюджетке ақша көбірек түсе ме деген сұраққа келгенде сарапшы бұл жерде қаражат сол әуе кеңістігіне қатысты мекеменің жеке шотына түсетінін атап өтті.

"Ол қаншалықты көп екенін айта алмаймын. Бұрын ұшқан ұшақтардың көбі ұшпай қалды. Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа ұшатын ұшақтар ұшпайды. Мұның бәрі қаншалықты тиімді екенін мен білмеймін. Тиімді немесе тиімсіз екенін айту ертерек деп ойлаймын. Ол үш күннің ішіндегі мәселе бір жылдық ақымызды төлеп бермейді ғой. Көп болса 4-5 күннің ішінде шешіле салуы мүмкін", – деді ол.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу