"Абылай хан" монументіне LRT бюджетінің 2%-ы кетеді

2583

Арман Шораев монумент эскизіне халықаралық конкурс жариялады 

"Абылай хан" монументіне LRT бюджетінің 2%-ы кетеді

Бұған дейін "Абылай хан" монументінің жобалық кескіні ретінде интернетте тарап үлгерген сурет Бурабайда бой көтеретін кешеннің ақырғы нұсқасы емес. Идеяның авторы, Қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Арман Шораев ертеңнен бастап монументтің эскизіне халықаралық конкурс жарияламақ.

"Менің бір арманым – осы монумент "жасыл технологиялардың" көмегімен өз-өзін қуатпен, жылумен қамтамасыз ететін болуы керек. Бағасына келсек, мысалы, Моңғолиядағы Шыңғыс ханның мүсініне 5 млн доллар жұмсалды. Ол ақша 10 жылдың ішінде  өз-өзін ақтап шықты. Бұл жай ғана ақша соратын жоба емес. Мемлекеттен тек жер телімі мен жол болса деген көмек сұрап отырмыз. Монументтің болжалды орны тасжолдан бір шақырымда тұр. Ал шығынды "краудфандинг" арқылы, баяғы қазақтың асар дәстүрі бойынша жинаймыз. Оның сыртында атымтай кәсіпкерлер мен бизнесмендер бар. Бұл жағынан қазақ күресін өткізудегі тәжірибеміз бар.Конкурстың бірінші кезеңі 1 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін өтеді. Бірінші қорытынды бойынша комиссияның көңілінен шыққан 5 жобаны іріктеп алып, авторларына тиісті қаржы бөліп, макет жасатамыз. Мамырдың жетісінде, Батырлар күні  Нұр-Сұлтан қаласындағы  әскери музейдің ішінде конкурсты түйіндейміз", – деген идея авторы үздік кескінді анықтайтын комиссияның құрамында кімдер бар екенін атады. 

"Комиссияға Мәулен Әшімбаев, Абылай ханның тікелей ұрпағы Шота Уәлиханов, Мұрат Әуезов, Тұрсын Жұртбай, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Берік Әбдіғали, Досқан Жолжақсынов, көкшетаулық ақын Төлеген Қажыбаев, мүсінші Мұрат Мансұров, Зиябек Қабылдинов кірді. Осындай намысын нанға сатпайтын азаматтар объективті түрде іріктейді", – деді ол.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі "Абылай хан" монументінің идеясы монғолдардан ұрланбағанын, мұндай үрдіс Эйфель мұнарасының кезінен бері жалпақ әлемге кең тараған деп санайтынын жеткізді.

"Жалпы монументке 5-7 млн доллардай ақша кетеді деп ойлаймын. Бәрі де салыстырмалы ғой, ол деген LRT-нің бюджетінің екі-ақ пайызы.Монумент бой көтергеннен кейін, күтіп ұстауға ешқандай ақша қажет етпейді, өзін-өзі ақтайды. Зиярат жасайтын өзіміздің бауырлар келеді. Одан қалса, шетелдік туристер бар", – деді Арман Шораев.

Кешеннің эскизімен бірге орналасатын жері де әлі нақтыланбаған көрінеді. Конкурсқа қатысушылар бұл жағын да ескеруі керек.

"Біреулер Ұлытауды, біреулер Семейді, біреулер Алматыны ұсынды. Әрі-бері қарап, біз Абылай хан ордасын тіккен Бурабай мен Көкшетаудың екі ортасында Кенесары деген ауылдың жанында биіктігі 90 метр болатын бір жотаны таптық. Монументтің биіктігі шамамен 50 метрдің ар жақ-бер жағы. Ғарыштан көрінетіндей ғимарат болады деп ойлаймыз.Өйткені тек мүсін емес, астында музей-экспозиция мен конференц-холл бар ғимарат болады.Бұл нысан Ақмола облысы, Бурабай аймағындағы туризмнің дамуына да үлкен әсер әкелетін жоба болады деп есептейміз.

"Ертеңнен бастап халықаралық ашық конкурс жариялап отырмыз. Мына жоба бір нұсқасы ғана. Кейбір сәулетшілер ханды тұрғызу тәуірлеу болар деген ұсыныс айтып жатыр. Бұл өңірде қыста 30 м/с жылдамдықпен жел соғатынын да ескеруіміз керек", – деген бастама иесі конкурс үміткерлеріне қойылатын негізгі талаптарды тізіп берді.

"Параметрлерге келсек, мүсіннің биіктігі 50 метрдің айналасында болуға тиіс. Одан аз болмауы керек. Қауіпсіздікке байланысты өте жоғары талаптар қойып отырмыз. Тек сәулетшілер ғана емес, конструкторлар инженерлер де қатысқаны жөн деген талап бар", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу