Адамдар жалған ақпаратқа қалай сеніп қалады?

1798

"Президент, министр және депутаттардың коронавирусқа қатысты айтқандарына фактчек жасадық" 

Адамдар жалған ақпаратқа қалай сеніп қалады?

Елордада "Қазақ интернеті: бүгіні мен болашағы" атты онлайн-контент жасаушылардың бесінші форумы болып, медиадағы жаңа тендтер талқыланды.
Inbusiness.kz тілшісі осы форумда талқылауға қатысқан factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақовпен тақырып аясында әңгімелесіп, COVID-пандемия кезінде жалған ақпаратпен қалай күрескенін, өздеріне қандай қысым жасалғанын және елдегі ақпараттық еркіндік туралы пікірін сұрады.

"Бірінші белгісі – эмоцияға әсер ету"

– Пандемияның басталуы мен қазіргі кезеңді салыстырсақ, адамдар жалған ақпарат пен анық ақпаратты ажырата алатын деңгейге жетті ме?
– Ақпарат өте көп болғандықтан, адамдар қазір шаршады. Былайша айтқанда, адамдардың еті үйреніп кетті. Ақпарат келіп жатыр ма, кетіп жатыр ма – бәрібір болып кетті. Содан барып сауаттылықтың симптомдары пайда болды, бірақ мұны барша адам сауатты болып кетті деуге келмейді. Өйткені WhatsApp желісінде әлі де жалған ақпараттарды таратып отырғандар бар. Ал барша халық сауатты болуы үшін мектеп, жоғары оқу орыны және жұмыс жағдайларында медиа және ақпараттық сауат деген курстар жүргізілуі керек. 

– Пандемия кезінде қандай фейктер тарады?

– Пандемия басталғалы жалған ақпарат бірнеше рет түрленді. Ағылшын тілді, славян тілді немесе қазақ тілді кеңістік болсын – бәрінде солай болды. Алғашында "қытай биологиялық қару жасапты" деген типте ақпарат тараса, кейін "адамдарды әдейі өлтіреді екен" деген секілді консипирологиялық теориялар жайында тарала бастады. Оның ішінде "бұған Билл Гейтстің қатысы бар екен", "5G арқылы вирус шашады екен" деп кете береді. Ал қазір постпандемия кезеңі басталғанда жалған ақпарат иммунитеттеуге қатысты тарала бастады. Мысалы, "вакцина алған еркек – белсіз, әйел бедеу болып қалады" немесе "чип арқылы басқарады" деген секілді. Ең жаманы, оларды антиваксерлер одан сайын үдетеді. 

– Адамдар жалған ақпаратқа қалай сеніп қалады?

– Жалған ақпарат бірінші WhatsApp, екінші телеграм, үшінші фейсбуктен тарайды. WhatsApp-та "туысқандар" группасынан келсе, телеграмда каналдардан тарайды. Адам ең әуелі эмоцияның құрбаны болады. Мысалы, "вакцинадан кейін белсіз болып қаласың" десе, ол ер адамға әсер етеді. "Вакцинадан соң екі жылдан кейін өлесің" десе, ол бар адамға әсер етеді. Демек адамдардың эмоциясын пайдалану арқылы арандату жүргізеді. Оның ең бірінші белгісі сол, эмоцияңызға әсер еткені.

– Жалған ақпаратпен күресуші адам ретінде қандай кеңес бересіз?

– Бірінші ресми деректерге сүйену керек. Иә, ресми дерек кейде объективті болмауы мүмкін, бірақ одан басқа альтернативті дерегіміз жоқ және болған күннің өзінде оның бейтарап болатынына сенім жоқ. Мысалы, мен қазір coronavirus2020.kz сайтына, статистика комитетінің дерегіне сенемін. Бір нәрсені ескеруіміз керек, "аспаннан у шашты" деген ақпарат көрсеңіз, сол ауаны өзіңізбен бірге әкім де, президент те жұтатынын ұмытпаңыз. Олардың біздікінен басқа ауасы жоқ. Олар басқа ғаламшарда тіршілік етпейді. Сондықтан сыни ойлап, басқа ақпараттармен салыстыру керек.

Депутаттық сауалда фейк болады

– Мемлекеттің stopfake.kz сайтын ашуы жалған ақпарат шынымен күш алып кеткенінің көрінісі ғой?

– Біз сіз айтқан сайттың жетекшісі Данилов мырзаны өте жақсы танимыз. Ол кісі бұл ресурс қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктен туғанын айтқан. Бұл Данилов мырзаның ғана емес, мемлекеттің де әлеуметтік жауапкершілігінен туындаған дүние. Өйткені былтыр мемлекеттік ақпаратты сынға алу көп болды. Соның алдын алу үшін осындай сайт жасады. Иә, ол сайтта жұмыс істейтін әріптестеріміздің еңбегін қатты құрметтейміз. Бірақ мемлекет араласқан жерде фактчек болмайды. Олар жалған ақпаратпен күресуші сайт ретінде ашылды. Ал классикалық фактчекпен айналыса алмайды. Өйткені мемлекет қаржыландырғаннан кейін тәуелсіз ақпарат шығару мүмкін емес. Иә, олар коронавирус жайындағы жеңіл фейктерді тексерген болуы мүмкін, бірақ шенеуніктерді тексере алмайды. Ақпарат министрлігі берген бағыт тұрғысында ғана жазады. 

– Ал сіздер коронавирус пен вакцина тақырыбында "жалған" сөйлеген шенеуніктерді тексердіңіздер ме?

– Біз үшін "ақпараттық объект" деген түсінік қана бар. Өйткені классикалық фактчектің қатаң ережесіне сай, тексеретін адамыңды қызметіне қарай бөлмеуің керек. Сондықтан біз Елбасы мен Президенттің асыра айтқан жерлерін тексереміз. Джо Байден, Дональд Трамп сынды АҚШ-тың Президенттерін де тексереміз. Дәл осы коронавирус тақырыбына қатысты сұрап отырсаңыз, президент, министр және депутаттардың жалған сөйлегенін де анықтағанбыз. Ол сайтымызда бар. Жалпы депутаттар депутаттық сауалында күмәнді ақпараттарды келтіріп жібереді. Сауалын өтімді қылуды ойлайтын болса керек.(Депутат Унжакова COVID-19 вакцинасы туралы. Министрлік маусымда Covid жұқтырған 405 адамның өлімін ресми статистикаға қоспаған  Президент жолдауына фактчек). 

"Аида Балаеваға өкпеліміз"

– Форум аясында сөз сөйлеген АҚШ-тың Уақытша сенімді өкілі Джуди Куо Қазақстан интернетке қолжетімділік жөнінен аймақтық көшбасшы екенін айтты, бірақ "ақпарат еркіндігіне толық құрмет көрсетуге" шақырды. Бұл нені білдіреді?

– Джуди Куо ханым Қазақстан аймақтық қана көшбасшы екенін айтты. Оған Қазақстанның ресурстарға бай, яғни ақшасы бар екені себеп. Яғни жақсы сервис пен құралдарды пайдалана алады. Иә, шынында, Орталық Азия елдеріне қарағанда интернетке қолжетімділік бізде жоғары, бірақ ол сөз бостандығына қол жеткіздік дегенді білдірмейді. Мысалы, депутат Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынып жатқан заң жобасы сөз бостандығымызға қатер төндіреді. Өйткені фейсбук сынды танымал желілер Қазақстанда өкілдігін ашпаса, онда оны бұғаттап тастауы мүмкін болып отыр. Демек цифрлық құқығымыз бұзылады. Цифрлық құқық деген – ақпарат алуға, таратуға және оны өңдеуге, сұрыптауға, сақтауға деген біздің құқығымыз. Демек біз фейсбуктен ақпарат ала алмаймыз, құқығымыз шектеледі деген сөз. Өкіл ханым осы жағдайды реттеуді астыртын жеткізген секілді. Өйткені дипломатиялық өкіл болған соң, ашық айта алмауы мүмкін. Ол кісінің сөзін мен осылай қабылдадым.

– Форумда сөйлеген сөзіңізде Ақпарат және қоғамдық даму министріне өкпелеріңіз бар екенін айттыңыз. Соны тарқатып түсіндіріп бересіз бе? Ол осы ақпарат еркіндігіне қатысты ма?

– Аида Балаева ханым factcheck.kz сайтына игнор жасайды. Шын мәнінде пандемия кезінде жалған ақпараттың көпшілігін зерттеп, мемлекеттің бір жағына шыққан осы сайт болатын. Біз мемлекеттен ақша алмаймыз, олардан награда күтпейміз. Бізге олардың достық қарым-қатынасы керек. Былтыр бізді алты ай салық органдары қудалағанда министр ханым қайда болды?

– Сіздер тек фактімен жұмыс істеп, сілтемелер арқылы дәлел көрсетесіздер. Сонда қалай қысым көрсетеді?

– Жылдар бойы біздің шенеуніктер мемлекет қаржыландыратын сайттарға бәленше деген мақаланы өшіріп таста деп үйреніп қалған. Ал олардан қаржы алып отырған сайттар, "өзің су ішкен құдығың түкірме" дегендей, айтқанын алып тастайды. Мәселен, АҚШ-та баспасөзбен келісімшарт жасалады немесе заңмен қорғалады. Яғни ақша берсе де, контентке араласа алмайды деген түсінік болады. Ал бізде ондай жоқ. Егер мақала ұнамаса, Ақорда мен министрліктерден қоңырау соғып, өшіргізіп тастайды. 

Әрине, олар бізден мақала алғызып тастай алмайды. Бірақ түрлі қысым жасайды. Бірінші, дер кезінде ақпарат бермейді. БАҚ туралы заңға сай, жеті жұмыс күні ішінде жауап бермейді. Кейде айлап, жылдап сұрағымыз жауапсыз қалады. Екінші, жоғарыда айтқандай салық органдары жоқ нәрсені бар етіп көрсетуге тырысады. Бірақ Media Net ұйымынан кемшілік таба алмайды. Демек оның астарында саяси қысым жатады деп түсінеміз.

– Түсінікті. Форумда қазақ тілді онлайн-контентттегі трендтер туралы айтылды. Пандемия кезінде журналистикада қандай трендтер пайда болды?

– Пандемия кезінде адамның көбі сыртқа шықпай қалғандықтан youtube пен telegram-ға көбірек назар аударды. Әсіресе "42 500" оқиғасынан кейін барша адам телеграмға тіркеліп, телеграм-каналдар дами бастады. Ал телеарна тілшілері үйде отырып эфирге шыға алатын болды, zoom арқылы сұхбат ала бастады. Сондай-ақ дата журналистика деген жаңа формат келіп, protenge, Қазына сынды ресурстар пайда болды.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу