Адамдарды азаптаған күштік құрылым өкілдеріне жаңа жаза түрлері енгізілмек

1417

Олар енді темір тордан мерзімінен бұрын босап шығу құқығынан да айрылады. Жазасын өтеп шыққан соң бұрынғыдай, квазимемлекеттік секторға, ұлттық компанияларға жұмысқа орналаса алмай қалады.

Адамдарды азаптаған күштік құрылым өкілдеріне жаңа жаза түрлері енгізілмек Фото: yandex.kz

Inbusiness.kz адам азаптады деген айыппен ҰҚК-ның бірнеше қызметкері қамауға алынғанын жазды. Азапталғандардың туысқандарының айтуынша, олар Шығыс Қазақстандағы кәсіпорынның бірінде ұзақ уақыт бойы құрамында алтыны бар шикізатты ұрлады деген күдікпен ұсталған адамдардың аузына суқайнатқыш тығып, бастарын унитазға батырып, ұрып-соғып, азаптаған. Мұның шын-өтірігін сот анықтайды.

Дегенмен, құқықтанушылардың байламынша, күдіктілердің айыбын мойындатуға, өзгеге қарсы куәлік етуіне азаптау жолымен қол жеткізу бұрыннан таралған тәжірибе. Бұл кесапат әсіресе, былтырғы қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде белең алды. Мысалы, биылғы 5 қаңтарда, Мәжілісте Бас прокурор Берік Асылов жария еткендей, тәртіпсіздік пен бейберекетсіздік жаппай жайлаған шақта күштік құрылымдардың жекелеген қызметкерлері ұсталғандарға қатыгездік танытқан.

"Мұны еш ақтауға болмайды. Азаптау тәсілдерін қолданғандар шеніне, орнына қарамастан, лайықты жазасын алады, Президент осыны тапсырды. Жалпы алғанда, қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтардың азаптау туралы шағымдары бойынша 329 қылмыстық іс қозғалды. Істердің көбі Антикордың қарауында, тергеуінде жатыр. Ал арнайы прокурорлар Ұлттық қауіпсіздік қызметінің және полицияның 34 қызметкеріне қатысты қылмыстық істерді тергеді. Алматы облысы полициясының ғимаратында 24 адамды азаптауға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды", – деп хабарлады Б.Асылов.

Тағы үш азаматты Алматының уақытша ұстау изоляторында және Бостандық ауданы полициясының бөлімі ғимаратында азаптаған. Бұдан бөлек, Талдықорғанда Мұқашевты, Алматыда Өтепбаевты, Семейде Жотабаевты азаптап өлтіру фактісі бойынша тергеу аяқталды. Тараптар материалдармен танысқан соң іс сотқа бағытталады. 

Мұндай масқараға енді жол бермеу үшін Мемлекет басшысы Бас прокуратура басшылығымен кеңесінде азаптаулар мен қатыгездікті түп-тамырымен жоюды жүктеп, тергеудегі және тұтқындағы адамдарға адамгершілікке қарсы жауап алу тәсілдерін қолдану үшін жазаны күшейту ұсыныстарын әзірлеуді тапсырды.

Бүгінде сол ұсыныстар дайын. Тиісті заң жобасы жаңа қалыптастырылатын Мәжіліске енгізіледі. Оның елеулі жаңалықтарына тоқтала кеткен жөн.

"Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне ұсынылып отырған түзетулердің бұл блогы азаптау үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастырады. Сонымен қатар азаптауға қатысты сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады. Сондай-ақ олардың жазасын жұмсақ түріне ауыстыруды да болдырмайды. Бұдан басқа, мұндай адамдарға босап шыққаннан кейін мемлекеттік қызметке тұруға да, квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеуіне де өмір бойы тыйым салу көзделген. Бұл өзгерістер азаптауды жою бойынша жүйелі жұмыстың кезекті кезеңіне айналады", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Жаңа заң өмірге жолдама алса, онда адам азаптағаны үшін сотталғандар жазасын өтесе де, өле-өлгенше мемлекеттік қызметке, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, Ұлттық банкке, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарға, мемлекеттік ұйымдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қызметке тұра алмайды, ешқашан судья бола алмайды.

Мұндай қылмыскерлердің мерзімінен бұрын, шартты түрде босап шығуына тыйым салынады. Әділет министрлігінің және прокуратураның ұстанымынша, осындай қатаң шаралардың профилактикалық, тәрбиелік маңызы болады: қандай да бір тергеуші күдіктіні ұрып-соғып, азаптамас бұрын соған барса, қалған ғұмырын бүлдіріп, сүйегіне өшпес дақ түсіретінін түсінуі қажет.

Құқықтанушы Нуриля Ахметқызы заңнамадағы бір қайшылыққа назар аударды.

Ол қаңтар оқиғалары мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген саласының жаңғыруына серпін бергенін жеткізді. Соның аясында заңнаманы да ретке келтіріп алған жөн.

"Мысалы, Қылмыстық кодексте "Қинау" деген 110-бап бар. Бұл бап бойынша сотталғандар 1 мың АЕК айыппұлмен құтылады, егер қылмысын ауырлататын жағдайлар болса, мысалы, баланы азаптаса, топ болып жасаса, азаптау тәсілдерін қолданса, онда әрі кеткенде төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айрылады. Сонымен бірге Қылмыстық кодексте "Азаптаулар" деген 146-бап та бар, ол он екі жылға дейін түрмеге отырғызуды қарастырады. Жалпы, қинау және азаптау ұғымдарының айырмашылығына қатысты дау көп. Мысалы, біраз бұрын зерттеушілер 200 судья, прокурор, тергеуші, адвокаттар арасында сұрау салды. Сонда 82%-ы қылмыстық істі қинауға немесе азаптауға жатқызуда, нақты саралауда, осы нормаларды әділ қолдануда қиналатыны анықталған. Ғалымдардың анықтамасына жүгінсек, қинау азаптаудың бір "компоненті" болып табылады. Біздің ойымызша, бұлар – ортақ ұғымдар", – деген пікір білдірді құқықтанушы.

Қалай болғанда, бұл салада қордаланған проблема көп. Олар күштік құрылымдарды қатыгездікке құмартып тұратын қаскөйлерден арылту, қалған қызметкерлерін адамгершілікке тәрбиелеу, заңға қатысты сауатын арттыру шараларына бастап, азаптауға қатысты заңнаманың өзін жетілдіруге дейінгі аралықты, яғни аса ауқымды өрісті қамтиды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу