"Әдейі отқа май құяды": Президент әлеуметтік желіде тілге қатысты ұлтараздықты қоздыратын арандатушылар бар екенін айтты

Мемлекет басшысының сөзінше, ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл.  

"Әдейі отқа май құяды": Президент әлеуметтік желіде тілге қатысты ұлтараздықты қоздыратын арандатушылар бар екенін айтты Фото: Ақорда

Десе де, Қасым-Жомарт Тоқаевты қазіргі жастардың қазақ тілінде еркін сөйлеуі қуантады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады.

Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды.

Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі. Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді.

Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған.

Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент олардың көздегені қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару екенін айтады. 

– Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан, құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген "Заң мен тәртіп" қағидатына сай әрекет етуіміз қажет, – деді Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу