Әдеттен тыс: АҚШ, Саудия және Ресейдің мұнай саясаты ортақ

3446

Вашингтон, әр-Рияд, Мәскеу әлемдік нарықта мұнай бағасын түсіруге күш салып жатыр.

Әдеттен тыс: АҚШ, Саудия және Ресейдің мұнай саясаты ортақ

Түрлі мүдде
Сауд Арабиясы бастаған ОПЕК пен Ресей 2016 жылғы келісім бойынша энергетикалық шикізат өндірісін тәулігіне 1,8 миллион "бөшкеге" қысқартып келгені белгілі. Бұл пәтуа бүгінге дейін сәтті жүзеге асып, оның нәтижесінде әлем биржаларында мұнайдың Brent маркасының құны 80 долларға жақындады.

Келесі аптада ОПЕК елдері Аустрия астанасы – Венада кездеседі. Онда талқыланатын негізгі мәселе – өндірісті қайта күшейтіп, шетелге мұнайды көбірек экспорттау. Бұған, әсіресе, Сауд Арабиясы мен Ресей мүдделі. Екеуі де шикізатты сыртқы нарыққа молырақ шығарып, экономикаларын нығайтып алуды көздеп отыр. Оның үстіне, мұнай арзандаса, әлем экономикасының қарқыны да күшейеді, көмірсутегіне сұраныс өседі. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Мәскеу мен әр-Рияд қазірдің өзінде мұнай экспортын тәулігіне 100 мыңнан астам баррельге арттырып отыр.

Президент Владимир Путин мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман мұнай мен өзге мәселелерді екі елдің футбол командалары Әлем чемпионатында кездескенде талқылайды. Венесуэлада шикізат өндірісі күйреп, Америка Иранның мұнай экспортын санкцияға алуды жоспарлап отырса да, Ресей мен Саудия мұнай бағасын бірге шектеуге ниетті.

"Кездейсоқтық па, әлде олардың бағы ма? Әйтеуір үшеуінің мүдделері ортақ болып шықты. Путин ел ішінде "мұнайды көбірек экспорттайық" деген қысымға ұшырап отыр, Саудия Brent бағасы 80 долларға жеткенде аздап мазасыздана бастайды, ал АҚШ Иранға қатысты саясаты мен бензин бағасының өсуіне алаңдап отыр", – дейді Энергетикалық саясатты зерттеу ұйымының директоры Ларри Голдштейн "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұқбатында.

Ресей мен Саудия экспортты арттырса, әлемде мұнай бағасы түседі. Ал, ОПЕК пен оның Иран, Венесуэла тәрізді мүшелері "қара алтын" құнының неғұрлым жоғары болғанына мүдделі. Кейбір сарапшылардың пікірінше, ОПЕК-тің кейбір елдері өндіріс пен экспортты өз пайдасына сай күшейтетін болса, Вена конференциясының баршаға тиімді нәтижемен аяқталуы екіталай. Сонымен қатар, ОПЕК-тің энергетикалық нарықтағы ықпалы әлсіреп кетуі мүмкін.

Трамптың қарама-қайшы мақсаттары
Әлем "базарында" мұнайдың "тасып" жатқанын Трамп та қалап отыр. Өйткені, бұл шикізат неғұрлым көп болса, оның бағасымен бірге Америкада бензин соғұрлым арзандайды. Ал, былтырдан бері 25 пайызға қымбаттаған бензиннің құны түссе, қарашада өтетін Конгресс сайлауында республикалықтар жеңіп кетуден үмітті.

Қазір Құрама Штаттардың WTI сұрыпты мұнайының 1 баррелі шамамен 67 доллар тұрады. Бұл баға былтырғы жылдың осы уақытындағы бағамен салыстырғанда 45 пайызға жоғары. Сондықтан, Дональд Трамп сәрсенбі күні Twitter’ге шығып, ОПЕК-ті сәуірден бері екінші рет сынады.

"Мұнай бағасы тым жоғары. ОПЕК тағы да баяғы әдетіне басып отыр. Жақсы емес", – деп жазды Американың 45-ші президенті.

Айта кету керек, осы жерде Трамптың бұрынғы президенттерден айырмашылығы шамалы болып тұр. АҚШ-та ондаған жылдар бойы мемлекет басшылары жанармай қымбаттаған жағдайда, ОПЕК-ті өндірісті азайтуға мәжбүрлеу үшін Сауд Арабиясының көмегіне жүгінді. Қазір де сондай жағдай қайталанып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Трампта бірнеше саяси мақсат бар. Олар бір-біріне қарама-қайшы. Соның бірі – экономиканы даму жолында ұстап тұру үшін жанармайды арзандату. Екінші жағынан, Иран мен Венесуэлаға қысым жасау. Ал, осы мемлекеттер Американың санкциялары кесірінен энергетикалық шикізат экспортын төмендетіп алса, әлемде мұнай қоры қайта азайып, АҚШ-та бензинді тағы да қымбаттауы мүмкін.

ОПЕК қандай шешім қабылдауы мүмкін?
ОПЕК мемлекеттері өндірісті арттыру мәселесін Венада маусымның 22-де талқылайды. Ол конференцияның қандай шешіммен аяқталатыны әзірге белгісіз. Бірақ, Халықаралық энергия агенттігінің баяндамасына жүгінсек, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) мүшелеріне өндірісті арттыруға тура келуі мүмкін. Өйткені, Венесуэладағы саяси дағдарыс шикізат экспортына кері әсер етіп отыр. Ал, Трамптың Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығуы Тегеранның мұнай саудасын шектемей қоймайды.

Аталған агенттіктің өзге бір сценарийі бойынша, Иран мен Венесуэлада тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 1,9 миллион баррельге дейін қысқаруы мүмкін.

"Біздің есебімізше, сол жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін ОПЕК-тегі Таяу Шығыс елдері өндірісті күніне шамамен 1,1 миллион баррельге арттыра алады. Ресей де мұнайды көбірек мөлшерде шығаруы ықтимал", – дейді жақында жарияланған баяндамасында Халықаралық энергия агенттігі.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу