Сол себепті, олар АҚШ президенті мен оның жақын ортасына қатысты ауқымды тергеу жүргізетінін мәлімдеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Адвокат іздей берсін!" деп жазды конгрессмен Роберт Гарсия X әлеуметтік желісінде. Сенатор Рон Уайден де алдағы уақытта Конгресс тыңдауларына бірқатар тұлға шақырылатынын ескертті. Демократтар 2027 жылғы қаңтарда Конгрестің қос палатасына бақылау орнатқаннан соң жаңа өкілеттіктерін пайдалануды көздеп отыр.
Тергеудің негізгі бағыттарының бірі Трамп әкімшілігінің көші-қон саясаты болуы мүмкін. Атап айтқанда, АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі қызметкерлерінің әрекеттері, сондай-ақ ұстау кезінде америкалық азаматтардың қаза табу жағдайлары назарға алынбақ.
Конгресс өкілі Делия Рамирес Ішкі қауіпсіздік министрлігінің бұрынғы басшысы Кристи Ноэмге, шекара қауіпсіздігіне жауапты Том Хоманға және ICE операцияларының бұрынғы жетекшісі Грегори Бовиноға Конгресс тыңдауларына шақырылуға дайындалу керегін айтты.
Сонымен қатар, демократтар Трамп отбасының іскерлік байланыстары мен мүдделер қақтығысының болуы мүмкін жағдайларын тексеруді жоспарлап отыр. Өкілдер палатасының Қадағалау комитетін басқаруы ықтимал Роберт Гарсия "президенттің айналасындағы адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін" деген күдіктерді қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап тексеруге уәде берді.
Тергеу аясында Трамп отбасының криптовалюта жобалары, Қатар сыйға тартқан құны 400 млн долларлық ұшақ және шетелдік инвесторлармен жасалған мәмілелер қарастырылуы ықтимал.
Мұнан бөлек, демократтар АҚШ Әділет министрлігінің Джеффри Эпштейн ісіне қатысты материалдарды жариялау барысындағы әрекеттерін де тексермек.