АЭС пен көлік жобаларының қауіпсіздігіне қатысты жаңа міндеттер жүктелді

94

LRT жобасы мен АЭС құрылысына қатысты техникалық реттеу мәселелері талқыланды. 

АЭС пен көлік жобаларының қауіпсіздігіне қатысты жаңа міндеттер жүктелді  Фото: gov.kz

2026 жылғы 17 маусымда Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Комиссия жұмысына орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің, Астана қаласы әкімдігінің және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты. 

Отырыста көлік саласындағы техникалық реттеу және метрологиялық қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ атом электр станциясын жоспарлау, салу және пайдалану кезеңдеріндегі техникалық реттеу, стандарттау және метрологиялық сүйемелдеу мәселелері қаралды. Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша қатысушылар теміржол көлігінің, автомобиль жолдарының, метрополитеннің, азаматтық авиация саласының және жол бойындағы сервис объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қоса алғанда, көлік саласындағы техникалық реттеу жүйесінің ағымдағы жай-күйін талқылады. Ұлттық сынақ инфрақұрылымын дамытуға, сынақ зертханаларының мүмкіндіктерін кеңейтуге және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкестікті бағалау тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. 

Астана қаласындағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын техникалық және метрологиялық сүйемелдеу мәселелері жеке блок ретінде қаралды. Жобаның Қазақстан Республикасының стандарттау және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ объектіні пайдалануға беру кезеңдерінде мүдделі ұйымдар арасындағы одан әрі үйлестірудің қажеттілігі атап өтілді. Сонымен қатар, қатысушылар жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін арттыру, такси қызметтері саласындағы нормативтік реттеуді жетілдіру, тұрақты авиациялық отынды (SAF) стандарттауды дамыту мәселелерін талқылады. 

Екінші мәселе шеңберінде атом электр станциясын салу жобасын техникалық реттеу және метрологиялық сүйемелдеу бойынша іс-шараларды іске асыру нәтижелері қаралды. Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің бірлескен жоспары аясында көзделген іс-шаралардың белгіленген мерзімдерде орындалып жатқаны атап өтілді. АЭС-ті жобалау, салу және пайдалану үшін қажетті нормативтік құжаттарды талдау жұмыстары жүргізіліп, осы саладағы нормативтік базаны одан әрі дамыту жөніндегі шаралар айқындалды. 

Атом энергетикасы саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін елдің ұлттық эталондық базасы мен өлшеу мүмкіндіктерін дамытуға, білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ атом энергетикасы жобасын іске асыру үшін қажетті стандарттар мен нормативтік-техникалық құжаттар қорын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. 

Отырысты қорытындылай келе, Арман Шаққалиев елдің стратегиялық жобаларын іске асыру үшін сапаның ұлттық инфрақұрылымын уақтылы дайындаудың маңыздылығын атап өтіп, мүдделі мемлекеттік органдарға техникалық реттеу, стандарттау және метрология жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. 

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия сапаның ұлттық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, көлік және энергетика салалары объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған тиісті ұсынымдар әзірлеп, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу