Сенегалдық 18 жастағы қақпашы Шейх Туре жалған скауттардың арбауына түсіп, Ганада қаза тапты.
Сенегалдың Африка істері және сыртқы байланыстар министрлігі ресми түрде растағандай, жас спортшыны өзін футбол скауттар ретінде таныстырған алаяқтар алдап, кәсіби клубқа қаралым ұйымдастырамыз деп Ганаға шақырған.
Өкінішке қарай, бұл сапар трагедиямен аяқталды. Турені ұрлап, кейін қылмыскерлер оның отбасынан қомақты төлем талап еткен. Бірақ, отбасы талап етілген соманы төлей алмаған.
Осыдан кейін қандықол қылмыскерлер Шейх Турені өлтіріп, оның денесін Гананың Ашанти аймағына лақтырып тастаған.
Футбол мансабын құруды армандаған жас жігіттің қаза табуы туралы оқиға бүкіл Африканы дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл қайғылы жағдайға байланысты әділеттілікті талап етуде.
Белгілі сенегалдық футболшылар да әріптесінің өліміне бей-жай қараған жоқ. "Тоттенхэм" клубының жартылай қорғаушысы Пап Матар Сарр әлеуметтік желіде былай деп жазды:
"Жас Шейх Туренің қаза болуына қатты қайғырдым. Ол сенегалдық футболдың үлкен үміті еді. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті. Бұл жағдай бізге жас дарындарды жалған уәделер мен қылмыстық топтардың тұзағынан қорғау қажеттігін еске салады. Әділдік орнасын. Жаның жәннатта болсын, бауырым", – деп жазды "Тотенхем" футболшысы.
Шейх Туре Esprit Foot Yeumbeul футбол академиясының түлегі болған.