"Африкада жаңа соғыс өрті тұтануы мүмкін": Судан мен Эфиопия арасындағы шиеленіс күшейді

Екі ел бір-бірінің консулдықтарын жауып, дипломатиялық қызметкерлерін елден шығаруға кірісті.

"Африкада жаңа соғыс өрті тұтануы мүмкін": Судан мен Эфиопия арасындағы шиеленіс күшейді Фото: Синьхуа

Мұнымен қоймай, көрші мемлекеттер бір-бірін "өзара қарулы топтарды қолдап отыр" деп айыптаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Судан билігі елдің шығысындағы Гедареф қаласында орналасқан Эфиопия консулдығын жабу туралы шешім қабылдап, дипломатиялық өкілдік қызметкерлеріне 48 сағат ішінде елден кетуді талап етті. Бұл қадам Эфиопияның бұған дейін Суданның Ассоса қаласындағы консулдығын жауып, алты судандық дипломатты елден шығару туралы шешіміне жауап болды. Хартум өз әрекетін өзара жауап беру қағидатымен түсіндірді.

Десе де, екі ел арасындағы текетірес консулдықтардың жабылуымен ғана шектелмейді. Қарым-қатынастың нашарлауына Судан мен Эфиопияның бір-бірін "қарулы топтарға қолдау көрсетті" деп айыптауы да себеп болған.

Мысалы, Судан армиясы Көк Ніл штатында Эфиопия аумағынан ұшып келген болуы мүмкін ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсіргенін мәлімдеді. Бірақ, әскери тарап дронның нақты кімге тиесілі екенін анықтаған жоқ.

Бұған дейін Хартум Эфиопияны "Судандағы Жедел әрекет ету күштеріне (RSF) өз аумағын пайдаланып, азаматтық инфрақұрылым нысандарына дронмен шабуыл жасауға мүмкіндік берді" деп айыптаған. Судан билігі осы мәселеге байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Африка одағының Бейбітшілік және қауіпсіздік кеңесіне ресми шағым түсірген.

Ал Аддис-Абеба Суданды "Эфиопияның солтүстігіндегі Тыграй аймағында әрекет ететін көтерілісшілерге қолдау көрсетіп отыр" деп айыптайды. Осылайша, екі мемлекет те көршісінің ішкі қақтығыстарға араласып жатқанын алға тартып отыр.

Мемлекеттер арасындағы жағдайды күрделендіріп отырған тағы бір мәселе – шекарадағы Эль-Фашага аумағына қатысты ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан жер дауы. Бұл өңірде бұған дейін екі елдің әскери күштері арасында қарулы қақтығыстар да болған.

Қос тараптың өзара айыптаулары мен дипломатиялық өкілдіктерді жабуы аймақтағы тұрақсыздықтың одан әрі күшеюіне қатысты алаңдаушылық туғызып отыр. Дегенімен, Судан билігі ашық соғысқа жол бермеуге күш салып жатқанын мәлімдеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу