"Ағаш ойыншықтар неге қымбат болатынын енді түсіндім"

2977

Gatoys – бір жастан 15 жасқа дейінгі балаларды дамытуға арналған экологиялық таза ойыншықтар жасап шығаратын астанадағы шағын өндіріс орыны. Осы атаумен интернет желісінде сайтын ашып, саудасын да жүргізіп келеді. Бұл жұмысты көпбалалы ана Әлия Тоқтанаева іске асырып отыр. Қалай? Іnbusiness.kz тілшісі баяндайды.

"Ағаш ойыншықтар неге қымбат болатынын енді түсіндім"

"Акрил бояу зиянсыз"

"Біз 89 түрлі ойыншық пен балалар жиһазын жасаймыз. Барлығы ағаштан құрастырылған, пластиктен 100% ада. Ойыншықтарымыз бір жағы таза болса, екінші жағы баланың логикасын дамыту, тілін жетілдіру, координациясын жақсарту, ынтасын ояту, екі жарты шардың синхронды жұмыс істеуі мен есте сақтау қабілетін арттыруға арналған. Барлығы Еуразиялық экономикалық одақтың сертификатымен сертификатталған", – деді Әлия Тоқтанаева.

Ол ойыншықтарына су негізіндегі акрил бояу қолданады. Себебі бұл бояу улы емес, исі жоқ – балаға зиянсыз.

"Ағаш ойыншықтың артықшылығы көп-ақ. Бір жеріне зақым келсе, қайта жөндеуге болады. Бір тетігі жоғалса, қайта сатып ала аласыз", – дейді шебер ана.

Оның шағын кәсіпорыны жеке тапсырыстарды да қабылдайды. Қазір балабақша, дамыту орталықтары мен емханалармен келісімшарт аясында қажетті панель мен модулдер және жаттығу құрылғыларын жасап жатыр.

"Бұрын "ағаш ойыншықтар соншама қымбат болатыны несі?" деп ойлайтынмын. Өзім айналыса бастағаннан кейін көп еңбекті талап ететінін, қол еңбекті бәрі бірдей бағалай қоймайтынын түсіндім", – дейді көпбалалы ана.

Оның айтуы бойынша, астананың нарығында ағаштан жасалған экоойыншықтар шығаратын кәсіпорын болмаған. Тек Ресей мен Қытайдан импортталып келген.

"Балалардың саусағын өлшейміз"

Өндіріс орынында төрт адам жұмыс істейді. Әлия Тоқтанаева кәсіпорынды кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды ойлайды.

"Ағаш конструкцияны жасап шығаруға 3-5 күн уақыт кетеді. Ұзақ процесстің басы бұйымның сызбасын сызудан басталып, қаптамаға ораумен аяқталады. Осы екі ортада шебердің маңдай тері төгіледі. Бұйымды әрлеу үшін әуелі ол бояу тегіс жұғатындай мінсіз күйге келтірілуі, грунтталуы керек. Сосын екі рет акрилмен боялып, сырты лакталады", – дейді ол.

Бұл процессті бастан-аяқ тамашалау өте қызықты. Ағаштың кішкене ғана бөлшегін сөзбен айтып жеткізе алмастай шедеврге айналдыру оңай емес екеніне көз жетеді.

"Әр бұйымды дайындап болған соң сынап көреміз, сосын түзетіп, қосымша керек тұстарын қосамыз. Ылғи жетілдіруге тырысамыз. Балалардың саусақтарын өлшеп, тауарларды тек олардың қолына дәл келетін көлемде шығарамыз. Барлық әдістемелік құрал мен эскиз екі тілде (қазақ, орыс тілдерінде) әзірленеді", – деді Тоқтанаева.

"Нарықта не жоқ екенін сүзіп шықтым"

Ол – бес баланың анасы. Мамандығы – инженер-металтанушы. Қ. Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдаған. С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде оқытушы болып еңбек еткен.

"Карантин кезінде айналысатын әлдебір нәрсе іздедім. Ақыры жеке бизнес ашуды жоспарладым. "Бастау Бизнес" жобасына қатысып, курс оқып шықтым. Ол жер мені баяғы бетімнен 180 градус бұрып, көзқарасымды өзгертіп жіберді. Жоғарыда айтқанымдай, астананың нарығын қарап шығып, балаларды дамытатын әрі зиянсыз ойыншық жоқ екенін көрдім де, жоба құруға кірістім", – дейді жаңаша ізденіс жолына түскен Әлия Тоқтанаева.

Ол курстағы жаттықтырушыларымен кеңесе отырып, "Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасына грантқа өтініш берген. Нәтижесінде, бес млн теңге ұтып алған. Содан кейін "Еңбек" бағдарламасынан 555 600 теңгеге қол жеткізген.

"Гранттар алғаннан кейін, кәсіп ашуыма жолдасым мен жақындарым қолдау көрсетті", – дейді ол.

"Мен енді өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, бизнес ашудан қорықпау керегін айтқым келеді. Курстарға қатысып, біліктілігіңізді арттырыңыз. Әлбетте, сүріну бәрінде болады, тек дұрыс шешім қабылдауды үйреніңіз. Мен қазір бірнеше курсты тәмамдап тастадым. Өзім іс жүргізуші, өзім бухгалтер, өзім СММ-ші болып отырмын", – дейді ол күліп.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу