Аграрлық университетке түсетіндердің басым бөлігі қыздар

3301

Ғалым аграрлық білімнің тоқырауға ұшырағанын айтады. Бұл салаға қала түгіл, тіпті ауыл жігіттері де ықыласты емес.

Аграрлық университетке түсетіндердің басым бөлігі қыздар

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті – еліміздегі ең пиары мықты ЖОО-лардың бірі. Оның ректорын Елбасының өзі қабылдады. ҚазҰАЗУ пандемия ушыққан кезде ғаламат вакцина жасап жатқанын жариялады.  

"Отандық COVID-19 вакцинасы ДДСҰ кандидаттық биопрепараттарының тізіміне кірді. Орасан зор қуаныш, мақтаныш сезімімен хабарлаймыз, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің (қазіргі аты ҚазҰАЗУ) Халықаралық вакцинология орталығында наноэмульсиялық майлы адъювант негізінде жасалған суббірлікті SARS-CoV-2 вакцинасы 2020 жылғы 9 қыркүйекте ДДСҰ кандидаттық вакциналар тізіміне қосылды. Қазіргі уақытта біздің вакцина зертханамызда қауіпсіздік пен тиімділіктің клиникаға дейінгі сынақтарынан өтуде. Отандық вакцинаның иммуногенділігі мен тиімділігі бойынша мәліметтер 2020 жылғы қазанның ортасында дайын болады. ҚазҰАУ әкімшілігі осынау әлемдік деңгейдегі ғаламат зерттеудің барлық қатысушыларына алғыс айтады", – делінген университеттің ресми сайтында.

Сол кез халық коронавирустан қатты зардап шегіп, биліктің жаны қысылған шақ еді, сондықтан бұл хабар сенсацияға айналып, барлық ақпарат құралдары мен блогерлер сүйінші сұрағандай таратты. Үкіметте де осы мәселе жеке қаралған. Алайда сол жылғы қазанда ғылым ордасы уәде етілген мәліметтерді халыққа жариялаған жоқ. Қазір әлемде пандемия аяқталуға таяу.

ҚазҰАЗУ вакцинасы халыққа егіліп жатқан жоқ. Қазақстан вакцинаны Ресей, Қытай, АҚШ-тан тасуға мәжбүр болды. Отандық вакцинадан тек ҚазВак қана шектеулі партияда шығарылған.

Бірақ атауына білдей зерттеу деген айқындауышты қосып алған аграрлық университеттің басты миссиясы – инновациялы вакцина жасау емес, ауыл шаруашылығын әлемдік деңгейге көтере алатын инновациялы білім-біліктілігі бар аграрлық мамандар даярлау болса керек. Әйтпесе, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені қазір ел тарихындағы ең бір нашар күйде екені жасырын емес. Мысалы, былтыр республика астықты жинау жөнінен антирекорд орнатты.

Қазақстандағы астық шығымдылығы – дамыған елдер түгіл, ТМД көлеміндегі ең бір төмені.

Демек Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты осы ұлттық зерттеу университеті агросекторді өркендетуге нендей үлес қосуда?

ҚазҰАЗУ-дың Жеміс, көкөніс және жаңғақ шаруашылығы кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гульфаридат Аманқызы маңызды мәселелерді көтеріп, АШМ басшысының блогына хат жолдады.

"Міне, 20 жылға жуық уақыттан бері біз, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қызметкерлері, университет басшыларының біліктілігінің төмен болуы кесірінен ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл халқы алдындағы университеттің рейтингі жыл сайын төмен құлдырап бара жатқанын бақылауға мәжбүрміз. Қазақтар "Ауруын жасырған аңдамай өледі" дейді. Әрине, өте қатқыл айтқан шығармын, бірақ жағдайды түземесек, аграрлық білімде ұзақ уақыт бойы жинағанның бәрін жоғалтып аламыз. Лабораториялар, жатақхана сияқты қажетті жағдайдың болмауы, ЖОО қабырғасында тәжірибеден толыққанды өтуге мүмкіндіктің жоқтығы лайықты білім-машық алуға мүмкіндік бермейді. Салдарынан жыл сайын бітірген мыңдаған мамандардың аз бөлігі ғана аграрлық сектордан орнын табады", – деп алаңдайды профессор.

Ол Қазақстан мен Корея арасындағы Farm 2021 EPIS халықаралық бағдарламасының осы университетте жүзеге асырылуын мысалға келтірді. Бағдарлама аясында кореялық мамандар біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырған. Онда оқитындарды бірнеше кезеңмен іріктеп алған. Қорытындысында қысқа мерзімді курстардан өткен 40 студенттің 20-сы ғана ұзақ мерзімді курстарға таңдап алынған. Олардың бәрі курсты табысты аяқтап, сертификаттарға ие болды. 

"Енді Smart Farm 2021 EPIS ұйымдастырушылары біздің университеттің 20 студенті арасынан 8-ін іріктеп алды. Олар Ақылды жылыжайда ары қарайғы тағылымдамадан өтуге тиіс. Содан кейін мамандарымыз суперзаманауи жылыжай жұмысын жүргізуді үйреніп, ол тәжірибені фермерлер арасында тарата алады. Ең бастысы, Корея тарапы қазақстандық мамандарды даярлауға барлық жағдай жасап отыр. Ал біздің ЖОО басшылығы әлі күнге дейін шәкірттеріміздің әрі қарай оқуына және бағдарлама бойынша тәжірибеден өтуіне кедергі жасауда. Әсіресе, бұл мәселе конкурстың барлық кезеңдерінен өткен студенттер оқитен кафердралар меңгерушілері тарапынан шешілетін емес", – деді Гульфаридат Аманқызы.

Оның айтуынша, аграрлық саланың білікті мамандарын дайындау үшін ауыл шаруашылығы жағдайында практикалық білім жинаудың маңызы зор. Әйтпесе, студенттер ауыл шаруашылығы дақылдарын қалай өсіру, шаруашылықты қалай жүргізу керектігін білмей шығады.  

"Мұндай білік-машықты меңгеру үшін университетте барлық жағдай жасалуға тиісті. Бірінші кезекте оқу және ғылыми зертханалар ашылып, оған кез келген шәкірт пен оқытушы көңілі қалаған уақытта кіріп, төл зерттеуін жүргізе алғаны жөн. Бұл лабораториялар қонақтарға көрсетуге арналған музей экспонатына айналмай, оларда нақты зерттеулер жүргізілуге тиіс. Бұған қоса, заманауи техникамен жарақтандырылған, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға арналған эксперименталды жер телімдері бар оқу шаруашылықтары қажет. Портативті оперативтік приборлармен жабдықталған минилабораториялар қажет. Сондай-ақ студенттердің, магистранттардың, докторанттардың тұруы мен өнімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуы шарт. Әзірге студенттердің тұру шарттары еш сын көтермейді", – деді ҚазҰАЗУ профессоры.

Ол АШМ басшысынан оқу процесін, оқу, өндірістік тәжірибені, студенттердің тұру жағдайларын ұйымдастыру ісін лайықты жолға қоюға ықпал етуді сұрады.

"Бізге креативті ойлайтын, заманауи технологияларды игерген, жергілікті климаттық, топырақтық зоналарда ауыл шаруашылығы өсімдіктерін және малдарды өсірудің барлық шарттарын жақсы білетін, саланың мәселелерін шешуге қабілетті мамандар қажет. Міне, аграрлық университеттің ең басты мақсат-мұраты да осы. Соңғы кезде отандық өндірушілер кадрларға, дақыл түрлерінен мол өнім жинауға қатысты мәселелерді шешу үшін шетелдік ғалымдар мен консультанттарды тарта бастады. Шетелдік әріптестерімді төменшіктеткім келмейді, бірақ олар біздің табиғи-климаттық жағдайларды, салада қордаланған проблемаларды біле бермейді. Олардың заманауи технологиялары, сорттары мен тұқымдары жергілікті жағдайға бейімдеуді қажет етеді. Біздің өзіміз кеңес кезінде студент болып жүріп, өндірісте істедік. Оқу кезінде көктемнің басынан қоңыр күзге дейін практикадан өтетінбіз, егін және мал шаруашылығының барлық процесіне, сақманға, егін жинауға қатысатынбыз", – деді профессор.

Қазір бұл жоқ. Тіпті саладағы қандай да бір ұғымның не білдіретінін білмей шығатын студенттер бар.

Ол ауыл шаруашылығы отрядтарын жандандыруды, "Агроконвейерлер" құруды ұсынады. Солар арқылы аграршы-студенттер отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бір жағынан көмектесіп, екінші жағынан тәжірибе жинар еді. Оның түсіндіруінше, "Агроконвейердің" мәні сол, оған әртүрлі ЖОО-дан барлық бейіндегі мамандықтар қатысады: агрономдар, топырақтанушылар, агрохимиктер, көкөніс-жеміс өсірушілер, техника жөндейтін инженер-механиктер, өндірісті қуатпен жабдықтайтын энергетиктар, сумен қамтитын мелиораторлар, тіпті өнімді саудалау, маркетингін жүргізу үшін маркетологтар, экономистер, бухгалтерлер жұмылдырылады.

"Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, кезінде мен де осындай мықты мектептен өттім. Отряд командирі болдым. Мұндай отрядтарда болашақ командалар қалыптасады, жастар бірігіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорнын құра алады. Бұл мектепте жастар нақты өндірісті ұйымдастыруға, басқаруға және өз бетінше шешім қабылдауға үйренеді. Мұндай жасақтар аграрлық сектордың дамуына серпін береді. Осылайша, дарынды, қабілетті жастар оқу бітіре сала, мемлекеттен жұмыс талап етпейді, оны өзі құрады. Бүгінде аграрлық мамандықтар тіпті ауылдағы жігіттерді де қызықтырмайтын болып барады. Олар қалаға барып, кез келген жолмен сонда қалуды қалайды. Салдарынан біздің университетке түсетін студенттердің көбін қыздар құрайды. Ауылды көтеру үшін негізінен жігіттерді алған жөн", – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гульфаридат Аманқызы.

Оның айтуынша, ҚазҰАЗУ-дан 2021 жылдың өзінде 200-ден аса қызметкер жұмыстан кетіп қалыпты. Көбісі – аграрлық саладағы магистрлар мен PhD докторлар көрінеді. Себебі оқытушылардың жалақысы сын көтермейді екен.

Билік не дейді?

Жалпы профессор төл оқу орнын қаралауды, жала жабуды көздеп отырмағаны байқалады, ол көңілге түйген көкейкесті мәселелерді көтеріп, шешімін ұсынуға талпынған.

Арыз иесіне жауапты Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өз блогында орналастырды. Онда бұл мәселелерді АШМ-нің Ғылыми қамтамасыз ету басқармасы "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КеАҚ-ымен бірге қарағаны атап өтілген.

Министр университеттің деңгейі төмендеп бара жатыр деген байламмен келіспейді.

ҚазҰАЗУ ақпаратынша, хат жазған оқытушының бұл тұжырымы шындыққа сәйкес келмейді. Жүйелі жұмыс нәтижесінде университет 9 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орын алады екен. Соңғы 3 жылда университет серпін жасап, бірден 200 тұғырға биіктеп, 481-орынға шығыпты. Алдына әлемдік санаттағы QS-400 рейтингіне кіру мақсатын қойып отыр. Министр университеттің алғашқылар қатарында корпоративті басқарудың тиімді моделін енгізгенін алға тартты.

Оның дерегінше, шетелдік ғалымдар мен агробизнес құрылымдарынан шақырылған мамандар оқытушылық-профессорлық құрамның 20%-ын құрайды. Барлық оқу және ғылыми лабораторияларда оқытушылар мен шәкірттер үшін қажетті жағдалар жасалғаны тілге тиек етілді. Студенттер жыл сайын Алматы, Алматы облысы және басқа өңірлерде 500-ден аса оқу шаруашылықтарында тәжірибе мен тағылымдамадан өтетін көрінеді. 

"Университет түлектерінің практикасы мен жұмысқа тұруына келсек, ҚазҰАЗУ жыл сайын студенттердің оқу-кәсіби тәжірибесінен өтуін жүзеге асырады. Бүгінде АӨК кәсіпорындарында тәжірибеден өту үшін 537 келісім бекітілген. Университетте әлеуетті жұмыс берушілермен ықпалдастық жұмысын үйлестірумен Тәжірибе және жұмысқа орналастыру орталығы айналысады", – делінген АШМ басшысының жауабында.

Оның мәліметінша, АӨК үшін білікті мамандарды даярлау тәжірибеге бағдарланған модулдер және салалық ҒЗИ-лар мен жұмыс берушелер әзірлеген пәндер негізінде жүргізіледі. Оқу жоспарларына түзетулер енгізілген. Тәжірибелерді өткізу мерзімдері ауыл шаруашылығы маусымдарына сәйкестендіріліп өзгертілген. Практикадан өту 6-7 айға созылады және "барлық технологиялық процестерді қамтиды". Бұл түлектерге ЖОО-ны аяқтаған соң өндіріске тез бейімделуге мүмкіндік беретін көрінеді.

Университет түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткіші 2020 жылғы тамыздан 2021 жылғы шілде аралығында 81,8%-ды құрапты.

Егер шын болса, мұның бәрі әрине, қуантарлық жайт. Бірақ бір қуантпайтыны, ауыл бизнесмендері, аграрлық кәсіпорындар жыл өткен сайын кадр тапшылығы күшейіп бара жатқанын ұдайы, барлық алаңдарда айтып келеді. Бұл мәселені жақында Парламент те көтерді.

Ендеше ауыл шаруашылығы кадрларын даярлау саласы бәрібір реформаны қажет ететін болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу