Агрологистика: бүгінгі бет-бейнесі қандай?

2917

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасындағы дөңгелек үстелге жиналған қауым осы сұраққа жауап іздеді.

Агрологистика: бүгінгі бет-бейнесі қандай?

"Агрологистика: ауылшаруашылық нарығының қазіргі заманғы инфрақұрылымын дамытуға жүйелі көзқарас" тақырыбында өткен шараға қатысушылар тауарды тікелей өткізу мен өнімді қайта өңдеудің тиімді жүйесін құру, көтерме-тарату және сауда-логистикалық орталықтардың біртұтас желісі тұжырымдамасын түзу сияқты өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Бұған себеп, ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің, яғни өндіріс иелері мен кәсіпкерлердің, арадағы делдал тараптардың, тасымалдаушылар мен сауда орындары қожайындарының Астанада 7 қарашада таныстырылған "2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының жобасы" аясындағы мұрат-міндеттерді нақтылауы, соның нәтижесінде үкіметке беретін ұсыныстар легін әзірлеу болды. Өйткені, қолданыстағы инфрақұрылым мен өнімді жеткізу тізбегінің тиімділігін көтеру бағытында өзекті біраз мәселенің шешуді күтіп тұрғаны жасырын емес.

Бұған дейін вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлімдегендей, бағдарламада алты міндет айқындалған: ол мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға, өсімдік шаруашылығын 48%-ға көтеру, ауқымды ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, ауылшаруашылық өндірушілерін мейлінше тиімді әрі жеңілдетілген мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету, 600 мыңнан гектардан астам суармалы жерді айналымға енгізу және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді жетілдіру.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан "Атамекен" палатасы Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Дина Мамашева, Қазақстан ДСҰ-ға кіруінен бері, ұлттық экономиканың барлық тармағынан нақ ауыл шаруашылығына басты назар аударылғанын атап өтті. Оның пікірінше, отандық өнімді өткізу нарықтарын іздестіру, баға қалыптастыру, ұсақ шаруашылықтарды қолдау, халықаралық үздік тәжірибені енгізу сынды жайттарға қатысты кемшіліктерді жоюға бизнес-қоғамдастықтың белсенді атсалысқаны қажет. Өз кезегінде осындай пікірталас алаңдары мүдделі, құзырлы жақтардың басын қосады.

"Самұрық-Қазына" қоры Көлік және логистика департаментінің директоры Ерхат Есқалиевтың айтуынша, ең бастысы өнімді өткізу жолдарын жасақтап барып, қалған іс-қимылға кіріскен абзал.

"Қазіргі уақытта қолдан шыққан дүниені сатудан пайда әкелу жайы баршамызды толғандыратыны анық. Агрологистикадағы қателік сол, көптеген фермер, шаруа қожалығы әртүрлі себеп салдарынан, тиісті өндірістік үдерістің тез жүргені салдарынан ба, тәжірибесіздіктен бе, саудаға келгенде тығырыққа тіреліп жатады.

Логистика бұл ғылым мен менеджменттің сәтті үйлесуі, жоспарлаудың сауатты жүргізілуі, бәсекелестік жарысында барынша аз шығынмен, мол пайдамен көзделген межеге қол жеткізу. Ол үшін оқу-білімді, өрісті кеңейткен маңызды.

"Қарапайым мысал, – деп Ерхат Есқалиев оған біраз нақты мысал келтірді, –бір-екі жыл бұрын станциялар маңайынан ұзамайтын "Қазақстан темір жолының" бүгінде жауапты іске тереңінен бойлап, дербес қоймалардың іргетасын қалауы, терминалдар қуаттылығын күшейтуі, жүк тиеп-түсіру орындарын оңтайландыруы. Ауылдағы ағайын да логистикаға қабілетсіздік, мүмкіндікті дұрыс кәдеге жаратпау салдарынан тежеліп, зардап шекпеуі тиіс".

Оның сөзінше, бір вагонға немесе жүк көлігіне "ақылды басқару" тетігі арқылы кедендік рәсімдеу, өнімді дайындау, стандартқа келтіру, рұқсат беру құжаттарын түгендеу тәрізді толық қызмет көрсетуге ерінбеуі керек. Ал бұл тұста көмекке қыр-сыры мол күрделі әрекетпен күнделікті айналысып жүрген, тәуекелдерге жақсы қанық білікті мамандар келмекші. Мемлекет бөлген қаржы озық жетістектермен ақталса, бидай да шірімейді, басқа өнім де тұрып қалмайды. Мәселен, шетелде қоймада, құрғақ жерде сақталған алманы Жаңа жыл мерекесін өткізіп, дүкен сөрелері босағанда жан-жаққа жөнелту "қулығы" жүзеге асады екен.  

Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшысы Еркін Наурызбеков 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының тұжырымдамасы жобасында импортты алмастырып, ішкі сұраныстан артылғанына экспортты дамытуға, көтерме-тарату орталықтарын құруға айрықша назар аударылғанын хабарлады. Министрлік өкілі "мемлекет нашар менеджер" деген қағиданың жаңсақ екенін дәлелдеуге тырысты.

"Құжат бөліктерінің бірінде көліктік-логистикалық әрі сауда инфрақұрылымын дамытуға мұқият көңіл бөлінген. Сонымен қатар, көтерме-тарату орталықтары шеңберінде өндіруші мен түпкі тұтынушының қарым-қатынасын нығайтып, "алтын көпір" орнату көзделген. Мұнда кооперативтерге жете мән беріліп, олардың құрамына жеке қосалқы шаруашылықтар шоғырландырылады, өнімдері жыл бойы ірі компанияларға жіберіледі деп отырмыз", – деп түсіндірді АШМ қызметкері.

Қазақстан көлікшілер одағы төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко баяндамашыдан "Көтерме-тарату орталықтарын құруда өнім ерекшеліктері ескеріле ме?" деп сұрады. Министрлік сарапшысы "Иә" деп бас изегенімен, "Атамекен" КҰП-тың Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Дина Мамашева жаңадан сәйкес жеке-дара орталық салу идеясын сынап, дайын тұрған, заңнамамен қамтамасыз етілген көліктік-логистикалық орталық әлеуетін пайдаланып, қызметін жетілдіру, яки ықпалдастыру әлдеқайда табысты болатынын меңзеді.

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданынан байланыс орнатқан "Сатыбалды" шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов өңірде Ақтөбе, Атырау облыстарымен алыс-беріс тауарды жеткізудің тиімді де қысқа автожолдарын төсеуге аса зәру екенін айтып, шешімін табуды өтінді. Оған берген жауабында "Самұрық-Қазына" қоры Көлік және логистика департаментінің директоры Ерхат Есқалиев мәселені "Қазавтожол" ұлттық компаниясы" АҚ басқармасының төрағасы Ермек Қизатовқа жеткізуге уәде берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір ұстанымымен келіспеген "Жібек жолы" логистика және бизнес институтының сарапшысы Андрей Хлусс аймақтардың азық-түлікке деген сұранысын анықтау әдісі негізінде сұрыптау, сақтау, қайта өңдеу, қаптау мен өткізу жұмыстарын біріктіретін көтерме-тарату орталықтары тораптарын бір орталықтан басқару үлгісін ұсынды. Оның пікірінше, түрлі ықтимал жағдайды қарастырып, өткізу нарықтарын ынталандырған жөн.

"Азық-түлік қауіпсіздігінде 80-85% өнімнің ел ішінде шығарылуы, қосымша сақтандыру қорының болғаны абзал. Олай дейтініміз, қор түгесілсе, баға да шарықтап кететіні аян. Өнімді өсіргеннен кейін, оны тұтынушыға өткізгенше болатын ысырапты қатты ескеріп үнемдемесе, тауарлық келбетін сақтауға қаржы салмаса, ысырап шаш-етек болады. Логистикаға ден қойса, кірісі де көңіл көншітпек", – деп таразылады шетелдік сарапшы посткеңестік елдер мен Еуропада екі бөлек ұғымдардың, "маркет", "база" секілді терминдердің жүретініне қынжылып.  

"Қазагроқаржы" АҚ департаментінің директоры Бауыржан Сәбитов өзінің "Көкөніс сақтау қоймаларын тұтынушыларға жақын қалада ма, егістік алқап басында салу керек пе?" деген сұрағына "Қала аумағында орналасқаны ұтымды болады" деген жауап естіді.

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу