Агроөнеркәсіп кешені экономиканың драйвері бола алмай тұр

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2974

Ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға жеткізе алмай жүріп, 2,6 млрд доллар табыс тапқымыз келеді.

Агроөнеркәсіп кешені экономиканың драйвері бола алмай тұр

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне соңғы 5 жылда 4,4 млрд доллар тартылды. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында аталмыш салаға 136 млн доллар инвестиция құйылды. Өткен жылдың дәл осы уақытында бұл көрсеткіш қазіргіден 25%-ға кем болды.

Бүкіләлемдік банктің және Cedar Meats, Agriprotein Technologies, Phoenix Global DMCC, Green Island сынды трансұлттық компаниялардың өкілдерімен жаңа жібек жолының азық-түлік қауіпсіздігін талқылағанда премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осылай деді.   

Министрдің мәлімдеуінше, қазақ елі экспорттық мүмкіндігін арттыруға басымдық беріп жатыр.

"Иранға тірі, мұздатылған және салқындатылған қой жеткізу кезіндегі кедергілер жойылды. Былтыр алғаш рет осы елге 4763 тірі қой мен қозы экспортталды. Бұған қоса сиыр етін жеткізудің талабы келісіліп, тауық жұмыртқасын тасымалдайтын болдық. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі, ұсақ мал экспорттауға қатысты шектеу алынып тасталды және ет пен ет өнімдерін сондай-ақ тауық жұмыртқасын жөнелтіп тұруға рұқсат берілді", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін Қытай нарығының да қақпасы ашылған.

"Қазір біздің елден Қытайға мұздатылған сиыр, қой еті, балық, бал, тірі жылқы, бидай, кебек, соя, жоңышқа, рапс жүні, ұн, өсімдік майы экспортталып жатыр" – деді ол.  

Айта кетейік, былтыр Қазақстан ҚХР-ға 180,6 млн доллардың ауыл шаруашылық өнімін экспорттады. Ауыл шаруашылық өнімдерін ел аумағынан тыс жерге шығару үшін 167 отандық кәсіпорын шет мемлекеттің  арнайы тізіліміне қосылды. Оның ішінде 150 кәсіпорын Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін, 17 балық өңдеу кәсіпорны Еуроодаққа балық және балық өнімдерін экспорттау құқығына ие болды.

Бүгінгі таңда Қытай шекарасындағы Қорғас порты, Каспий теңізіндегі Ақтау порты, "Батыс Еуропа-Батыс-Қытай" халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып тұр. Бұған қоса ішкі нарықтың импорттан қорғалуы мен сыртқы сауда нарығын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар нақты нәтиже бере бастады.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында 745,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Экспорт көлемі 539 млн-нан 795 млн-ға ұлғайып, өңделген өнім экспорты 307 млн долларды құраған. Салаға салынған инвестиция 1,4%-ға көбейіп, 88 млрд теңгеге жеткен. Ал ет және ет өнімдерін өндіру - 4,8%-ға артқан.

Ет және ет өнімдеріне қатысты биылғы көрсеткіш көңіл көншіткенмен, былтырғы көрсеткіш ойдағыдай болған жоқ. Бұған ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің сандарын саралағанда көз жеткіздік. Мысалы өткен жылдың алғашқы 3 айында небары 1,6 мың тонна ет экспортталған. Бұған ет өндірушілердің бір тонна еттің бағасын 35%-ға қымбаттатуы себеп болған. Салдарынан 2017 жылдың бірінші тоқсанында ет экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 25%-ға қысқарған.
 

Жарға жыққан жоба
Осыдан жеті жыл бұрын елімізде 2011-2015 жылдарға арналған "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру" жобасы қолға алынды. Соған сәйкес 2016 жылы ет экспорты 60 мың тоннаны, одан кейінгі 5 жылда 180 мың тоннаны құрауға тиіс болды. Өкініштісі жоспардың жартысы да орындалған жоқ. Көрсетілген уақытта Қазақстан шет мемлекетке 12-ақ мың тонна ет экспорттады.

Өткен жылдың алғашқы алты айында біздің ел Ресейге 95 тонна қой, 2 тонна жылқы, Иранға -14 тонна қой етін, Қырғызстанға - 119, Тәжікстанға - 38 тонна құс етін экспорттады. Ал Қытайға 50 мың тонна ет жөнелтті. Есесіне Аргентина, Исландия Уругвай, Мексика, Венгрия мемлекеттерінен 1120 тонна шошқа, 723 тонна жылқы, 42 907 тонна құс етін алдыртты. Бұған қоса АҚШ-тан 170 мың тонна құс етін, Беларусь, Ресей, Парагвай, Бразилия, Польша мемлекеттерінен 23 мың тонна сиыр етін, Аустралиядан 1 мың тоннаға жуық қой етін импорттады. Осылайша 2017 жылы Қазақстанға сырттан 210 мың тоннаға жуық ет кірді. Ет импортының 83,7%-ын мұхиттың арғы жағындағы ел, 16,3%-ын ТМД елдері жапты. Ал біз 2011-2015 жылдар аралығында жүзеге аспай қалған жобаны етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасына ауыстырып, тағы да келер күнге үміт арттық.
 

Кооперация қызметі күмән туғызады
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Қазақстан ет экспортынан 2,6 млрд доллар табыс табуы мүмкін екенін айтып жүр. Әрине бұлай болса, қуанамыз. Бірақ кейде ауыл шаруашылығы министрлігі құр қиялдың жетегінде жүрген жоқ па деген ой мазалайды. Себебі... 

Фермерлік шаруашылық санын 20 мыңнан 100 мыңға, 7 млн ірі-қара басын 15 млн-ға, сиыр мен қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға жеткізуді мақсат тұтып отырған етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасында фермерлік шаруашылық өндірісінің моделіне басымдық берілген. Яғни ет экспортымен ірі шаруа қожалықтары ғана айналыса алады. Ал шағын шаруа қожалықтарына кооперация аясында ірі шаруа қожалығын құру қажет. Басқа жағдайда  оларға шет мемлекетке ет экспорттау құқығы берілмейді. Тап қазір біздің елде малдың 85%-ы шағын шаруа қожалықтары мен жеке қолда екенін ескерсек, етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы ет өнімдерін экспортқа бағыттау мен импортты алмастырудың көсегесін көгерте ала ма деген сұрақ туады.

Бұл сұрақты мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов министр Өмірзақ Шөкеевке жолдады.

"Біз жаңа қожайындар монополистік түсінікке салып, бас пайдалары үшін шаруа қожалықтарының ұпайын жемей ме? Кооперацияның осы түрі мемлекет басшысының шағын және орта бизнестің үлесін жүйелі түрде ұлғайту қажет деген тапсырмасына қайшы емес пе? деген сұрақтарға жауап алғымыз келеді", – деді депутат.

Оның ойынша, шет мемлекеттен мал әкеліп, 100 бас малы бар фермерлер қожалығын құру, шығыны көп бастама. Мұны реформаның алдағы кезеңдерінің бірінде ерікті түрде жүзеге асыруға болады.

"Кооперация мен халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде саяжай кооперативі туралы заң қабылдау орынды болар еді. Ал агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту аясында жастарды ауылға қайтаруға басымдық беріп, ауылға қатысты мамандықтардың мәртебесін арттыру қажет. Бұл жұмысты қолдарына дипломдары тие салысымен базарларда арба итеріп жүрген немесе сауда дүңгіршектерінде тұрған салалық колледждер мен институттардың түлектерінен бастауға болады. Ауылда қалған кәрі адамдардан жасақталған кооперация қызметі күмән туғызады", – деді ол.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу