Агроөнеркәсіп саласын инновациялауға басымдық беріледі

4850

Алматыда ауылшаруашылығының жағдайын бақылауға арналған ахуалдық орталықты іске қосу жоспарланып отыр. 

Агроөнеркәсіп саласын инновациялауға басымдық беріледі

Оның базасында жер, су ресурстарын, климат пен астық сараптамасын, малшаруашылығы мен одан әрі болжам жасауды бақылауға арналған технологиялар жұмыс істейтін болады.

Бұл жобаны 2015 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында құрылған агротехнологиялық хаб әзірлеп жатыр. Жалпы хаб МЖӘ түріндегі инвестициялармен және өзінің құрылымына бизнес-инкубатор, технопарк және зертхананы біріктіріп тұрған халықаралық инновациялық орталық болып саналады. Ахуалды орталық келесі жылы толық іске қосылады деп болжанып отыр. Жобаның инновациялық бөлігіне жауап беретін ресейлік "Полимедиа" ЖШС-ның ақпараттық жүйесінің басшысы Николай Муравьевтің ойынша, орталықты іске  қосу елдің ауылшаруашылығы саласы мен экономикасына оң әсер етеді.

"Мұндай жобаны құру мен енгізу – аса тиімді және заманауи технологияны жаппай енгізуді қамтамасыз етеді де, агросектордың табысы мен нәтижесін арттырады. Бұл үлкен салық салынатын негіз, бұл дегеніңіз бюджет түсімі мен сату көлемінің өсуі, сондай-ақ халықаралық нарықта өзіндік құнның аз болуы есебінен бәсекегет қабілеттілікті арттыру. Сонымен қатар ахуалдық орталық агросекторды басқаруда үлкен ашықтықты қамтамасыз етеді", – деп есептейді Николай Муравьев.

Қазір ахуалдық орталықты әзірлеп жатқандардың алдында барлық өңірде қажетті инфрақұрылым құру мәселесі тұр.

"Агрохабпен бірлесіп, барлық өңірде агротехнологиялық хабтың бөлімшелерін және орталықтандырылған пункті ауылшаруашылығы министрлігінде құруды ұсынып отырмыз. Бұл барлық өңірден ауылшаруашылығы саласындағы жағдай туралы ақпарат жинауға және тиісті сараптамалық материалдар мен сараптамалық түсіндірмелерді ауылшаруашылығы министріне  тікелей беруге мүмкіндік жасайды. Қазір Алматыда қанатқақты аумақ құрылған, бірақ  ақпарат алмасуды қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды тарату керек. Ауылшаруашылығын басқару саласындағы міндеттерді шешу үшін нақты тәсілдер мен әдістемелерді әзірлеу қажет. Ол үшін ең үздік деген инновациялық және алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу керек болады. Соңғы кезеңде оларды барынша  тарату қажет", – деді  Николай Муравьев.

Бүгінгі таңда елімізде жаңа білім мен цифрлық технологияның негізінде агроөнеркәсіп саласын инновациялау мен АӨК-ні жаңғыртуға басымдық жасалуда. ҚазҰАУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Тілектес Есполовтың айтуынша, мемлекет бұған үлкен қаражат бөліп отыр.

"Биыл агротехнологиялық хабты жете жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 441 млн теңге қаражат бөлінген. Келесі жылы жаңа зертханаларды құру үшін 1,2 млрд теңге, ал аграрлық техникамен және технологиямен қамтамасыз ету үшін төрт миллиард теңге бөлінеді. Бүгінгі күні мемлекеттің қолдауына ие болып отырмыз. Қазір алдымызда аграрлық сектор мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың нақты міндеттері тұр", – деді академик  Тілектес Есполов.

Университ ректоры агрохаб құрылғаннан бері ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің бірқатар проблемалық мәселелерін анықтағанын айтты.

Академик Тілектес Есполов Қазақстанның жер, су және еңбек ресурстары тауарларын тиімсіз қолдану, ұсақ тауар өндіру және өткізудің әлеуетті нарықтарына қол жеткізудің болмауын ауылшаруашылығына тиесілі негізгі проблемалар ретінде атап көрсетті. Сонымен қатар шаруалардың білім деңгейінің төмендігі, олардың агротехникалық тәсілдерді білмеуі сияқты проблемалар бар.

Осы айтылғандарды ауылшаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев та мақұлдап отыр.

"Ауылшаруашылығының ішкі жалпы өнімі 3,6 трлн теңгеден асады немесе еліміздің жалпы ЖІӨ-сінің 7,8%-ын құрайды. Еліміз әлем бойынша астық экспорттаушылардың ондығына кіреді. Жыл сайын Орталық Азия елдеріне алты миллион тоннаға дейін, ал Еуроодақ елдеріне екі миллион тоннаға дейін астық экспорттаймыз. Жалпы Қазақстан 70 елге астық экспорттайды, ал ұн экспорты бойынша еліміз  көш бастаушылардың бірі", – деді ауылшаруашылығы министрлігінің өкілі.

Сондай-ақ Ермек Көшербаев елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АӨК-ге инновацияларды енгізу және посткеңестік елдерге тән экстенсивті даму жолынан интенсивті дамуға көшу керектігін атап кетті. Ермек Көшербаевтың сөзінше, ауылшаруашылығы министрлігі бұл мультипликативтік әсер береді деп есептейді.

Агротехнологиялық хаб әлемнің әртүрлі елдерімен ынтымақтастық орнатты. Қазіргі уақытта ҚазҰАУ ғалымдары зияткерлік меншіктің мыңнан аса қорғау құжаттарын алған, сондай-ақ сараптама жасалып, стартаптарды құру үшін әлеуетті әзірлемелер бөлінген деп сендірді Тілекетес Есполов.

Гүлназ Ермағанбетова, Элина Гринштейн

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу