Ағылшын тілін меңгерген мұғалімдерге қосымша 35 мың теңге төленеді

5812

Жаңа оқу жылынан бастап ел мектептерінде үш тұғырлы тіл бағдарламасын енгізу бойынша қанатқақты жоба қолға алынады. 

Ағылшын тілін меңгерген мұғалімдерге қосымша 35 мың теңге төленеді

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, біліктілікті арттыру курстарынан өткен, ағылшын тілін еркін меңгеріп, сабақты шет тілінде жүргізе алатын мұғалімдерге қосымша еңбекақы тағайындалады. 

"Егер мұғалім арнайы дайындықтан өтіп, жоғары сыныптарға сабақты ағылшын тілінде жүргізетін болса, онда оған қосымша ақы төленеді. Төлемақы міндетті базалық еңбекақының 20 пайызын құрайды. Бұл шамамен 35 мың теңге", - деді Бибігүл Асылова.

Жаратылыстану ғылымы пәндері бойынша ағылшын тілінде қанша мұғалімнің сабақ беретіндігі кейін нақтыланбақ.

"Қазір жоғары оқу орындарында сабақты ағылшын тілінде оқыған түлектердің тізімін жинастырудамыз. Қыркүйек айында ағылшын тілінде қанша мұғалім сабақ беретіндігі туралы нақты ақпаратты жариялайтын боламыз. Бұл бағытқа қаржы былтыр қарастырылды. Ал биыл нормативтік-құқықтық базаны дайындадық. Барлығы нақты әрі ашық болуы тиіс", - деді Бибігүл Асылова.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев abctv.kz-ке берген сұхбатында ағылшын тілінде жүргізілетін жаратылыстану пәндері бойынша мектеп оқулықтарымен қамту мәселесі оң шешілетіндігін айтқан еді.

"Мұндай оқулықтар өз елімізде дайындалады. Ал биыл бастау алатын қанатқақты жобаға "білім инновация" лицейлерінің оқулықтары пайдаланылады. Олар аталған жоба үшін екі түрлі оқулық әзірлейді. Оқулықтың бірі толықтай ағылшын тілінде жазылса, екіншісі - аралас. Оқулықты әзірлеу туралы өтінішімізді жерде қалдырмағаны үшін лицейлерге алғысымызды білдіреміз. Пилоттық режимде үш тұғырлы тіл бағдарламасына көшетін мектептерге екі оқулықтан беріледі. Әрине болашақта біздің оқулықтар ағылшын тіліне аударылады", - деп Ерлан Сағадиев тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтқан болатын.

Ел мектептерін үштұғырлы тіл бағдарламасына кезең-кезеңімен көшіру 2019 жылы басталады. Қазақстан тарихы, информатика, химия", биология, физика секілді пәндер ағылшын тіліне аударылады.

Қанатқақты жобаны алдағы қыркүйек айынан қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. 

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу