Ахметовті өтірікші атандырған асу: Осинов жобасына бөлінген ақшаның кірген ізі бар, қайтқан ізі жоқ

7006

Абай облысындағы өртке байланысты Президент келетінін естіген жергілікті әкімдік жанталасып жол жөндеуге кіріскен болатын. Бұл оқиға ел арасында қызу пікірталас туғызды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Ахметовті өтірікші атандырған асу: Осинов жобасына бөлінген ақшаның кірген ізі бар, қайтқан ізі жоқ

Абай облысының Шығыс Қазақстан облысы құрамынан былтыр ғана шыққанын ескерсек, өңірдегі жолдың сапасы сын көтермеуіне ең әуелі Өскемендегі шенділер жауапты екенін түсіну қиын емес. Өйткені әр проблеманың аты-жөні болатыны ежелден мәлім.

Кешіккен жоба – бюджеттің жауы

Шығыс Қазақстан құрамынан Абай өңірі бөлінбей тұрған кезде республикадағы жолы ең көп өлке саналатын. Жалпы ұзындығы 11,5 мың шақырым жолдың 3,5 мың шақырымы республикалық, ал қалғаны жергілікті маңыздағы жолдар еді. 

2014 жылы осы жолдарды жөндеуге 15,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Оны сол кездегі әкім Бердібек Сапарбаев Астанадағы баспасөз мәслихатында айтқан. 2014 жылдың күзінде облыс басшылығы ауысқаннан кейін бұл сома еселеп артты. Мысалы, 2018 жылы облыстағы жолдарды күтіп ұстап, жөндеуге 82,2 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов ақпан айында халықпен кездесуде өзі мәлім еткен еді. 

2020 жылдың ақпанында халықпен кездесуде әкім жолға бөлінетін қаражат 102 млрд теңгеден асқанын айтқан болатын. Осы аталған сандардың өзінен-ақ шығыстағы жолдарға бөлінетін қаражат көлемі ертегі кейіпкеріндей сәт санап өскенін көруге болады. Қисынға салсақ, жыл сайын миллиардтап бөлінген ақшаның арқасында өңірде жол сапасы жақсарып, оған бөлінетін шығын қысқарып отыруы керек. Ал Шығыс Қазақстанның жағдайында жолдардың араны ақша бөлген сайын кеңейіп, жыл сайын шығыны артып отырған. 

Шығыстағы жолдардың бюджет ақшасын қомағайлана қарпыған жалмауызға қалай айналғанын бір мақала арқылы талдап шығу мүмкін емес шығар. Сондықтан проблеманың бір қырына ғана тоқталайық. 

Шығыстағы жол инфрақұрылымымен байланысты жобалардың бәрі алғашында алаулатып, жалаулатып басталады да, соңы сиырқұйымшақтанып, бюджеттің бүйірін тесіп барып қана аяқталады.

Сиырқұйымшақтанған жобаның зардабын халық көреді демесеңіз, тапсырыс беруші әкімдіктің де, оны орындаушы мердігердің де мұртын балта шаппайды. Өйткені жоба неғұрлым тұраласа, құны соғұрлым арта түседі. Осының салдарынан әуелде жүздеген миллион теңгеге бағаланған жобалар бірнеше миллиард теңгенің жобасы болып аяқталады. Ал ол үшін жазаланып жатқан шенді жоқ.

Мұндай тенденцияның жарқын мысалы  - талайдан бері жыр болып келе жатқан Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан 1,3 шақырымдық көпір. 2020 жылғы мемлекеттік сатып алу мәліметінде көпір құны 26,2 млрд теңге деп бағаланса, биылғы қаңтарда 60 млрд теңге болып шыға келген.

Өскеменнің өз ішінде Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді реконструкциялау жобасы да осылай бірнеше жылға созылып, құны еселеп артқанын қала халқы жақсы біледі.

Әкімді өтірікші атандырған асу

Құрылысы 2017 жылдан бері бітпей келе жатқан Осинов асуындағы айналма жолды да осы қатарға жатқызуға болады.

2017 жылы жоба басталған кезде облыстық БАҚ-та 32 шарқырым жолдың құрылысына 15,9 млрд теңге жұмсалатыны айтылған. 

Әкімдіктің соңғы таратқан мәліметі бойынша, жобаның бірінші учаскесін аяқтау үшін ғана кемінде 13,4 млрд теңге қажет. Екінші учаскедегі жұмыстарды аяқтауға қанша қаражат кететіні әлі белгісіз. Қазір сараптама жасалып жатқан көрінеді.

2020 жылдың өзінде бірінші учаскедегі 12,1 шақырым жолдың 7,7 шақырымы төселіп, тіпті суағарлар да орнатылып қойған. Қыста қар тұтатын бөгет те салынған. 

Ал екінші учаскедегі 15,6 шақырымның 9,9 шақырымында жол төсеу жұмыстары 63 пайыз аяқталып қойған еді. 

Қарқынды басталған жоба неге ұзаққа созылып кетті деген сұраққа жауап іздесек, ресми себебі тым қарабайыр. Төте жол түсетін аумақтағы 20 гектардан астам алқап республикалық орман қорына кіретінін жобалаушылар да, тапсырыс берушілер де "тым кеш білген". 2019 жылы ол мәселе де шешімін тауып, даулы телімді жол құрылысына бөлу туралы Үкіметтің қаулысы шыққан. Сол шешім күшіне еніп, жоба қайта жандағанша мердігер компания ауысып үлгерді. Қазіргі мердігер –  "Kurylys Group RK" ЖШС. Аталмыш компания о баста жалпы құны 15,9 млрд теңге делінген жобаның бір бөлігіндегі жұмыстарды аяқтауға ғана 13,4 млрд теңге жұмсағалы отыр. Осыдан-ақ Осинов асуына бөлінген қаржының кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ екенін көруге болады. 

Осинов асуын қиялап кесетін аса қауіпті жолды айналып өтетін төте дәліз салуға уәде берген облыс әкімі Даниал Ахметов о бастағы сөзін бірнеше рет қайтып алуға мәжбүр болды. 

32 шақырымға созылатын төте жол әуел баста 2020 жылдың сәуірінде қолданысқа берілетіні айтылған. Бірақ 2020 жылы халық алдында есеп беріп тұрған әкім жоба желтоқсанға қарай ғана бітетінін мәлімдеген. 
2021 жылғы әкім есебінде Осинов асуының мәселесі тағы сөз болды. Өйткені уәде орындалмаған еді.

"Бұл жол 2022 жылы аяқталады", - деген болатын Даниал Ахметов.

Межелі мерзімнен жарты жыл уақыт асты. Жобаның қашан бітетінін қойып, аяқтауға нақты қаражат кететіні әлі анық болмай тұр. Мұндай күрделі, кеткен қаражатын есептеу қиын жобалардың сағызша созылуы кімге тиімді деген сұрақ туындайды. Кімге болса да, халыққа тиімді емес екені анық. 

2017 жылдан бері төте жол түсетін сайлар мен батпақты толтыру үшін камаз-камаз материал тасымалданды. Төселген жабынды тегістеуге ауыр-ауыр техника қатынады. Соның бәрі онсыз да сапасы мәз емес жолды бүлдіріп кетті. Әкімдіктің мәліметі бойынша, Өскеменнің іргесіндегі Степное ауылынан Осинов асуына дейінгі 46 шақырым жолды жөндеу қажеттілігі туындап отыр. Орташа ғана деңгейдегі жөндеу жұмыстарына 3,2 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. 

Осинов асуынан жанын шүберекке түйіп, көлігін ойдым-ойдым жолда қинап күнелтіп жүрген Алтай және Катонқарағай аудандарының тұрғындары жол азабынан құтылу үшін ол жаққа да Президент табан тіреуі керек сияқты. Бородулиха ауданында соңғы 30 жылда жөндеу көрмеген жолдарға күрек тигенін көрген ондағы халық "Бізге де бір амалын тауып, Президентті келтіру керек" сияқты деп әзілдеп жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу