AIBA-да аударыспақ – Рахимов бокстан аластатылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3011

Халықаралық Олимпиада комитеті AIBA-ның соңына шам алып түскенге ұқсайды.

AIBA-да аударыспақ – Рахимов бокстан аластатылды Фото: avatars.mds.yandex.net

Халықаралық бокс федерациялары қауымдастығында (AIBA) жағдай ушыға түсті. Әуелі Халықаралық Олимпиада комитетінің (IOC) Атқару комитеті AIBA-ны Токио Олимпиадасына боксшыларды іріктеу құзыретінен айырды. Бұған дейін жазғанымыздай, енді былғары қолғап шеберлерін келесі жылғы Олимпиадаға IOC құрған арнайы топ іріктейді.

IOC мұнымен шектелмеді. Осыдан бірер күн бұрын Лозаннада өткен өзінің 134-ші сессиясында AIBA-ны халықаралық федерация ретіндегі мәртебесінен де айырды. Халықаралық бокс федерациялары қауымдастығы, яғни AIBA енді бұл мәртебесін тек Токио Олимпиадасынан кейін қалпына келтіре алады. Ал қазір барлық құзыретінен айырылып отыр, десек те болады. 

Осыған орай, кеше AIBA-ның Атқару комитеті шұғыл мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, AIBA президенті лауазымынан уақытша кеткен Гафур Рахимовтың қайтып келуіне жол берілмейтін шешім қабылдады. Сөйтіп, AIBA Жарғысындағы Рахимов мырзаның өз қызметіне қайта оралуына мүмкіндік беретін бап жоққа шығарылды.

Бұдан кейін AIBA-ның Атқару комитеті кезектен тыс конгресс өткізу жөнінде шешім қабылдап, онда жаңа президент пен басшылық құрам сайлайтын болып келіскен. Аталмыш басқосу биыл күзде, 15 қарашада Лозаннада өтеді екен. Әрі AIBA-ның қазіргі уақытша президенті Мохаммед Мустасан мен Этика комиссиясының төрағасы Йост Шмидке сенімсіздік білдірілген. 

Бір қызығы, қазір AIBA-да Ресей бокс федерациясының Бас хатшысы, EUBC бірінші вице-президенті, AIBA Атқару комитетінің мүшесі Умар Кремлёв белсенділік танытып жүр. Ол тіпті Халықаралық Олимпиада комитетіне AIBA-ның барлық қарыздарын жауып тастау жөнінде ұсыныс жолдап, тілек білдірген болатын.  

Сонымен қатар, AIBA-ның Женевада өткен шұғыл мәжілісінде арнайы үш комиссия құрылған. Бұл ретте, IOC-пен мәмілеге келу комиссиясы Джорджио Бруньолиге сеніп тапсырылса, Владимир Продивус (Украина) кезектен тыс конгресс дайындығын, ал Ди Ву (Қытай) қаржы комиссиясын басқаратын болыпты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу