Министрдің айтуынша, қазақ қоғамында әке әрдайым отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы саналып келеді. Бүгінде отбасы институтын нығайту және жауапты әке болуды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
– Бүгінгі қазақстандық әке – тек отбасының асыраушысы мен қорғаны ғана емес, бала тәрбиесіне белсене араласатын, оның жан дүниесін түсініп, болашағына бағыт-бағдар беретін тұлға. Әкенің қамқорлығы, сенімі мен перзентімен бірге өткізген әрбір сәті ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, елінің ертеңіне жауапты азаматтарды тәрбиелеуге қызмет етеді, – деді Аида Балаева.
Оның атап өтуінше, отбасы құндылықтарының маңызы Қазақстан Конституциясында да айқын көрініс тапқан.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде мектептер жанынан құрылған 500-ден астам Әкелер кеңесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, "Әкелер одағы" мен "Ата-аналар академиясы" жобалары ата-аналардың тәрбиелік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Министр барлық әкелерге зор денсаулық, бақ-береке тілеп, Әкелер күнімен құттықтады.