Air Astana шетелдік жолаушылар транзитін өсіруді қолға алды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2625

Ұлттық авиатасымалдаушы еуропалық, үндістандық, ирандық және қытайлық жолаушылардың транзитін арттырып жатыр.

Air Astana шетелдік жолаушылар транзитін  өсіруді қолға алды

Ұлттық авиатасымдалдаушы Бейжің, Теһран, Дели, Париж және басқа да шетелдің ірі қалаларына ұшатын тұрақты рейс ашу арқылы жолаушылар транзитін арттырып  жатыр. Ал халық санының аздығынан Air Astana арқылы ұшатын өз азаматтарымыздың өсу санын анықтау қиын болып тұр. Осыған байланысты компания шетелдік жолаушылар транзитін екі негізгі орталық Астана және Алматы арқылы өсіруді қолға алып отыр.

Қазақстан транзитпен ұшатын Қытай азаматтарына Астана, Алматы арқылы 72 сағаттық визасыз тәртіпті ұсынғаннан кейін Қытайдан келетін және кететін транзиттік трафик өскен. Мысалы, былтыр Теһран-Алматы рейсін ашқаннан кейін ұлттық авиатасымалдаушы Ираннан келетін транзитті Қытайға тасымалдай бастады.

"Ираннан ұшатындардың 65-70%-ы одан әрі Бейжіңге ұшады. Ал қалғаны басқа елдерге ұшады, оның шамамен 10%-ы Астанаға келеді. Астанаға келулері түсінікті, өйткені бұл жерде елшілік бар", – деді  abctv-ке Air Astana-ның Астана және Солтүстік Қазақстан бойынша сауда менеджері Дәулет Еркенұлы.

Осының негізінде авиакомпания Теһран-Алматы бағытына ұшу жиілігін арттырмақшы.

"Ирандық трафик өз шығынын ақтайды, сол себепті біз қыркүйек айында төртінші жиілікті ашқымыз келіп отыр. Егер экономикалық жағынан пайда көрмесек, ашпас едік. Ирандық Mahan Air наурыз айынан бастап ұшпайтын болды. Қазіргі уақытта біз Теһран-Алматы бағыты бойынша жалғыз тасымалдаушымыз", – дейді ұлттық авиатасымалдаушы өкілі.

Ирандықтар Бейжіңнен басқа Air Astana ұсынатын Қытай қалаларына да ұшады.

"Трафик негізінен Қазақстанда туындамайды, ол Иранда туындап отыр. Ол жақта үлкен топтар қалыптасып, Гонконг, Бейжің, Үрімшіге ұшады. Кері қайтатын жолаушылар саны да осыншалықты көп", – деп атап көрсетті  Дәулет Еркінұлы.

Ұланбатырға да ұшқысы келетіндер бар, бірақ әзірге мүмкіндік жоқ

Air Astana-ның Ұланбатырға тікелей ұшатын рейс ашу жоспары бар. Егер Моңғолияның авиацияға жауапты тұлғалары рұқсат беретін болса, онда авиакомпания  тікелей трафикке ғана емес, сонымен қатар өзінің  Астана-Париж бағытындағы рейс жүктемесіне де қол жеткізеді. Француздықтар Парижден Ұланбатырға дейін және кері қарай ұша алатын болады. Ал тап қазіргі уақытта олар Мәскеу арқылы ұшып жүр.

"Ұланбатырға ұшу туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз, бірақ та келіссөздер біз ойлағандай болмай тұр. Биылғы жылы рейсті толық аша алмаймыз, өйткені Астана-Дели рейсін ашып қойдық. Келесі жылы бұл рейс ашылады деген үмітіміз бар. Бұл рейстің ашылуы тек экономикалық тұрғыдан ғана тиімді емес, сонымен бірге біздің бағдарлық торымызды дамыту үшін мүмкіндік береді, – деді ұлттық авиатасымалдаушы өкілі. – Ол жердегі транзит өте жақсы. Алғаш рет рейсті ашып, билет сатқан кезде ешқандай жарнамасыз-ақ 3000-нан астам билет сатқан болатынбыз. Билеттің  2500-і Еуропада,  оның ішінде 1800-і Францияда сатылған болатын".

Ұлттық авиатасымалдау өкілі француздықтар  қазіргі уақытта Маңғолия ұсынып  отырған экотуризмді жақсы көретініне тоқталып өтті. Сондай-ақ ол Астана-Ұланбатыр бағытын ашу саяси мәселе екеніне де тоқталды.

"Ол жақта саяси кедергі көп. Қазір барлық трафик Мәскеу арқылы келеді, оны ресейлік тараптан тартып алуға да болар еді. Бірақ та моңғолиялық және ресейлік тараптың ұшуға келісім бермей отырғанына қарағанда, бұл бағыттың келешектегі мүмкіндігі зор ма деп ойлаймын", – деді Дәулет Еркінұлы.

Астанадан Ұланбатырға қарай тек француздар ғана емес, Моңғолиядан Қазақстанға келген оралмандар да ұшқысы келеді.

"Аптасына үш рет. Қазақстандағы Моңғолия дисапорасымен сөйлестік. Олар бұл рейстің ашылғанын қалап отыр. Бұл түсінікті де, өйткені олардың Моңғолияда туыстары бар және бизнес бойынша да барғылары келеді. Ал біз бұл рейсті қалай болғанда да толтырар едік", – дейді авиакомпания өкілі.

Ереванға ұшу қазіргі уақытта еш басымдық бермейді

Авиатасымалдаушы алыс бағытты игеріп жатқанда, посткеңестік кеңістік ішінде қамтылмай қалып жатқан қалалар бар. Air Astana бәсекелесі SCAT авиакомпаниясы 31 мамырдан бастап Астанадан Ереванға (Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі) ұша бастады.

"Ереванға ұшу жоспарымызда бар, бірақ та оған трафикті қайдан аламыз", – деді Дәулет Еркенұлы.

Қытайлық транзит

Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы географиялық орналасуы қытайлық жолаушы үшін тиімді болмақ. ЕХРО өтіп жатқан кезде ашық аспан тәртібін енгізуге байланысты маусым айынан бастап Астана мен Қытай арасын  Air China компаниясы байланыстырып тұр.

Ұлттық авиатасымалдаушының Еуропа, ТМД елдеріне және Иранға жолаушылар тасымалдау арқылы ақша табу мүмкіндігі бар. Алайда Air China компаниясы ЕХРО көрмесі біткеннен кейін де ұшатын болады.

"Air China компаниясы ЕХРО біткеннен кейін де ұшатын болады. Қазіргі уақыттың өзінде Астана – Бейжің рейсі аптасына төрт рет ұшады, осы аптадағы орташа жүктеме  62% деңгейінде болды. ЕХРО басталғанға дейін сәуірде Астана-Бейжің бағыты 50% деңгейінде болған, бірақ ол кезде визаға қатысты қиындықтар бар еді", – деді авиакомпания өкілі.

Қазақстан үкіметі  транзиттік Қытай азаматтарына Астана және Алматы арқылы 72 сағаттық визасыз тәртіпті ұсынып, ұлттық авиатасымалдаушы үшін бәсекелестік басымдығын тудырды.

"Астана-Париж рейсін ашқан кезде рейстің 30-35%-ын Үрімші мен Бейжіңнің Парижге баратын жолаушылары толтырды. Біз үш бағытта ұшқымыз келеді. Бұл – Шанхай, Чэнду және Сиан", – деді ол.

Мәскеу мен Теһраннан Қытайға баратын жолаушылар көп. "Мәскеуден Гонконгке Қазақстан арқылы ұшады. Сондай-ақ Теһраннан Мәскеуге Қазақстан арқылы ұшатындар бар. Мәскеу-Алматы, Алматы-Гонконг бағыты бойынша аптасына екі рейс ұшады. Кешке Алматыға ұшып келеді да, бес сағаттан кейін Гонконгке ұшып кетеді", – деді авиакомпания өкілі.  

Астана мен Алматыға келетін рейстердің уақыты  шетелдік жолаушылар транзитін екі негізгі орталық Астана және Алматы арқылы өсіруді ынталандыруға бағытталған.

Бұған дейін abctv.kz Air Astana Сібір мен Оралдың транзиттік жолаушыларын тасымалдауға Астана-Киев рейсін алғанын хабарлаған болатын.

Негізгі транзиттік әуежай ретінде Астана мен Алматының әуежайы қолданылуы  мүмкін.

"Біз осы екі орталықты дамытуға күш салып жатырмыз. Бірақ та қазіргі уақытта Астанадан ұшатын рейстерді арттыруға басымдылық жасалуда", – деді  Дәулет Еркенұлы.

Ұлттық авиакомпания Новосибирск, Екатеринбург және Омбыдан басқа Уфаға да ұшуды да жоспарлап отыр. Сондай-ақ компанияның Астанадан Үндістанның қаласы Мумбайға да ұшу жоспары бар. 

"Қазір Делиге А320 ұшағы ұшып жүр. Ал Мумбайға ұшу үшін А321 немесе Boeing-757 керек", – деді авиакомпания өкілі.

Бұл бағыт Оңтүстік Үндістаннан қосымша транзиттік трафикті алуға  мүмкіндік береді. Үндістанның жолаушылары Алматы арқылы Астанаға, Мәскеуге, Киевке және Қытайдың басқа қалаларына еркін ұшып жүр. Дәл қазіргі уақытта авиакомпанияда 31 әуе кемесі бар. Барлық ашылған бағытқа қызмет көрсету үшін 2026 жылға қарай компания әуе кемелерінің санын 64-ке дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Жыл соңына дейін компания 300000 транзиттік жолаушыны тасымалдауы тиіс. Қазірдің өзінде шаммен 200000 жолаушы тасымалданды.

"Осы жылы 300000 адамды транзитпен тасымалдаймыз деп жоспарладық. Алғашқы жартыжылдықта шамамен 200000 жолаушы тасымалданды. Осы аптадағы транзиттік жолаушылар легі 18000 болды. Бұл – таза транзиттік жолаушылар. Тасымалданғандардың жалпы саны –70000, ал транзиттік жолаушылар саны –18900", – деді авиакомпания өкілі.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу