24 шілде күні еуропалық ұшақ жасаушы Airbus осы жылдың ең ауқымды рейстерінің бірін сынақтан өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сынақ сәтті шықса, компанияның жаңа Airbus A350-1000ULR әуе кемесі Францияның Тулуза қаласынан Аустралияның Мельбурн қаласына дейін тоқтаусыз ұшып өтуі тиіс. Бұл туралы Airbus өкілдері Executive Traveller басылымына растады. Ұзындығы шамамен 17 мың шақырымды құрайтын және шамамен 22 сағатқа созылатын маршрут аустралиялық Qantas Airways компаниясының көп миллиард долларлық "Sunrise" жобасы үшін маңызды сынақ болмақ.
Бұл рейс коммерциялық жолаушылар ұшағының аралық қонбай-ақ тәулікке жуық уақыт бойы әуеде қалықтау мүмкіндігін анықтауы тиіс. Qantas мұндай жобаны 2017 жылдан бері жүзеге асыруға ұмтылып келеді.
Компания Аустралия мен Еуропа, сондай-ақ Солтүстік Америка арасындағы тікелей рейстерді жанармай құюсыз, транзитсіз және жолай аялдамасыз іске қосуды көздейді. Егер жоба жүзеге асса, 2027 жылдың қазан айынан бастап жолаушылар алғаш рет Сиднейден Лондонға немесе Нью-Йоркке ешқандай ауысып мінусіз тікелей ұша алады.
Мұндай ұзақ қашықтықтағы рейстерді орындау үшін тапсырыс берілген A350-1000ULR ұшақтарына бірқатар маңызды өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, лайнердің артқы бөлігіне көлемі 20 мың литр болатын қосымша жанармай багы орнатылады. Сонымен қатар, жанармай жүйесі мен борттық асүйдің салқындату жүйесі жаңғыртылады.
Жаңа модификацияланған A350 ұшағы пайдалануға берілер алдында European Union Aviation Safety Agency сертификаттау рәсімінен өтуі керек. Осыдан соң ғана лайнер коммерциялық рейстерге қатыса алады.