banner

Ай сайын 42 500 теңге алу үшін...

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
48158

2018-2019 жылдары көпбалалы ана атанған әйелдер ХҚО-ға құжат тапсыруға тиіс. 

Ай сайын 42 500 теңге алу үшін...

Ел аумағындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) құжат қабылдауды 27 қараша күні бастады. Бұл іс желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. 2020 жылға дейін құжат тапсырып үлгермеген көпбалалы аналар бұл істі қаңтар айында да тындыра алады. Дегенмен құжатты 2020 жылға дейін тапсырған дұрыс.

2018-2019 жылдары көпбалалы ана атанған әйелдер ХҚО-ға банктен немесе "Қазпошта" АҚ-дан шот ашқаны және жасы 23-тен аспаған баласы күндізгі оқу бөлімінде оқитыны туралы анықтаманы (студет баласы бар аналар), неке куәлігін, банк карточкасының 20 санды номерін, сондай-ақ балаларының туу туралы куәлігінің көшірмесін өткізуі керек. Атап көрсетерлігі анасы мен балалары бір үйде тіркелген болуы маңызды және ХҚО-ға құжаттарды көпбалалы отбасының әкесі емес, анасы тапсыруға тиіс.

Отбасы мүшелері бір мекенжайда тіркелмеген және бірге тұрмайтын болса, жәрдемақы берілмейді. Осының алдын алу үшін көпбалалы отбасы ХҚО-ға келіп, бір мекенжайға тіркелуі керек.

2018 жылға дейін көпбалалы аналардың санатына қосылған және күні бүгінге дейін 10 500 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алып келген аналарға мұндай талап қойылмайды. Олардың барлығына мемлекет 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасының табысына қарамай төленетін жәрдемақыны автоматты түрде тағайындайды.

2018-2019 жылдары көпбалалы ана атанған әйелдерге ХҚО-ға құжат тапсыру туралы талап бекер қойылып отырған жоқ. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, 2018 жылы төрт баласы болған келіншектерден көпбалалы ана деген мәртебе алынып тасталды. Екінші, 2018 жылдан бері қарай 4 бала туған аналарға 10 500 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған жоқ. Үшінші, 2018 жылы төрт баласы болған әйелдер мемлекеттік деректер базасына көпбалалы ана ретінде енгізілмеді. Жоғарыдағы талап осы олқылықтардың орнын толтыру және 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан көп баласы бар аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін қажет болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың мәлімдеуінше, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны атаулы әлеуметтік көмекпен шатастырмау керек.

"2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамай мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ол бала санына байланысты тағайындалады. Мысалы, 4 баласы бар отбасыларға – 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп баласы барларға  – 74 375 теңге төленеді. Мемлекеттік жәрдемақы табысы жоғары және төмен көпбалалы отбасыларға бірдей беріледі. Бұрынғыдай табысы жоғары көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақы алмайды деген талап болмайды. Ал атаулы әлеуметтік көмек тұрмысы төмен отбасыларға беріледі.

Атаулы әлеуметтік көмек бала санына байланысты тағайындалмайды. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі көмекке мұқтаж адамдарға ұсынылады", – деді министр.

Айта кетейік, бас шаһарда тұратын, 2018-2019 жылдары көпбалалы ана атанған әйелдер мемлекеттік жәрдемақы алу үшін тапсырылатын  құжаттарды ХҚО-ға, "Жанұя" отбасын қолдау орталығына және аудан әкімдіктерінің аппараттарына өткізе алады.

Нұр-Сұлтан қаласында құжат қабылдау 3 желтоқсан күні басталды. Құжат Бейбітшілік көшесі, 14 мекенжайында орналасқан "Жанұя" отбасын қолдау орталығында, аудандық әкімдіктерде және ХҚО-ларда қабылданып жатыр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу