Айбол Әбікен: "Менің ар-ұжданым таза"

1632

Қазақстан құрамасының 25 жастағы жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен instagram парақшасында алғаш рет допинг дауына қатысты өз пікірін білдірді.

Айбол Әбікен: "Менің ар-ұжданым таза"

"Ассалаумағалейкум, Қазақстан халқы, спорт сүйер қауым! Мен туралы соңғы жаңалықтарды естіген боларсыз. Енді ғана ойымды жинақтадым. Сынайтындар да, қолдамайтындар да бар. Бұл өмір заңы. Кәсіби спорт табандылықты қажет етеді. Қателерді кешірмейді.

Жасыл алаң мен доп менің өмірімде әрқашан маңызды рөл атқарды. Көп уақытымды үйде емес, алаңда өткіземін. Әкем мені футболға алғаш алып келгенде, маған ешкімді балағаттамау, оларға құрметпен қарау керектігін анық айтқан. Содан бері мен әкемнің сенімін ақтауға тырыстым. Ата-анам қарапайым адамдар, бірі құрылысшы, екіншісі үй шаруасындағы әйел. Тынымсыз еңбектің арқасында ұлттық құрама ойыншысы атандым. Қазақстан құрамасының ойыны болсын, клубтық матч болсын, өзімді ешқашан аямадым! Алаңда барымды салып, намысты ешқашан берген емеспін.

Бұл жайсыз хабарды естігенде, аң-таң болдым. Бір нәрсені анық айтқым келеді. Менің ар-ұжданым таза! Әкем мен анамның берген тәрбиесі мені осындай жаман жолдардан сақтады. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырамын. Мен найзағайдан кейін күн шыққандай, жамандықтың артынан жақсылық келетініне сенемін!

Құрметті жанкүйерлер, қолдауларыңызға көп рахмет! Қолайсыздық үшін кешірім сұраймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін! Құрметпен, Айбол Әбікен", – деп жазды ойыншы.

Естеріңізге сала кетейік, Айболдың наурызда Молдовамен өткен УЕФА Ұлттар лигасының плей-офф матчы қарсаңында тапсырған допинг-тесті оң нәтиже берген болатын. Бұдан бөлек 2020 жылы Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан допинг қолданғаны үшін екі жылға, ал 2021 жылы ұлттық құраманың тағы бір ойыншысы Руслан Валиуллин дәл осындай мерзімге кәсіпқой футболдан шеттетілген болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу