Айдан Сүлейменова: Қайырымдылыққа жүйелі көзқарас жыл сайын мыңдаған баланы мүгедектіктен құтқарады

2081

AYALA қайырымдылық қоры 15 жыл бойы жаңа туған нәрестелердің өмірі мен денсаулығын сақтап келеді. 

Айдан Сүлейменова: Қайырымдылыққа жүйелі көзқарас жыл сайын мыңдаған баланы мүгедектіктен құтқарады

– Айдан Төлеутайқызы, Сіз 15 жыл бұрын AYALA қайырымдылық қорының негізін қаладыңыз, қордың осы уақыттағы негізгі жетістіктері туралы айтып берсеңіз?

– Мен AYALA қайырымдылық қорын тіркеген 2007 жылдың наурызынан бері екі бағытта – нәрестелер мен балалар өлімін, мүгедектігін азайтуда және мектеп-интернаттар мен балалар үйлеріндегі жасөспірімдерді кәсіби бағдарлау бойынша жұмыста, шын мәнінде, серпінді жобалар жасалды. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар, бірақ әртүрлі себептерге байланысты мемлекеттің назарына іліне бермейтін оқшау проблемаларды шешуде оны алмастыруды емес, оған көмектесуді мақсат етемін.

15 жыл ішінде біз осы игі іс үшін барлық істі қатар алып жүрген қарапайым ҮЕҰ-нан Қазақстандағы неонатологияда жалғыз кәсіби сарапшы қор деңгейіне көтерілдік.

Жұмысымызда тиімді қайырымдылық деп аталатын тәсілді қолданамын. Бұл тәсілдің мәні қарапайым. Нәресте өлімі мен мүгедектігі бойынша ашық статистиканы, медициналық мекемелердің жабдықтарға деген қажеттіліктерін талдау, Денсаулық сақтау министрлігімен салыстыру, басым бағытты таңдау, демеушілер алдындағы жобаларды қорғау, құрал-жабдықтарды орнату, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін біздің жабдықта жұмыс істеуге үйрету, жобаның қорытындысы бойынша нәтижелерді қадағалау және міндетті есептілік.  

2007 жылдан бастап бұл жүздеген мың бала өмірін шетелде емес, елімізде құтқаруға мүмкіндік берді. Неонатолог дәрігерлердің пікірі бойынша, AYALA қоры берген заманауи жабдықтармен жұмыс істеу оларды өсу мен кәсіби шеберлігін дамытуға ынталандырады. Қазақстанда дәрігерлердің жетіспеушілігі мен олардың жүктемесі проблемасының қаншалықты өткір тұрғанын бәріміз де білеміз. Біздің жобаларымыз оларды кәсіби тұрғыдан шаршаудан қорғап, мамандықта қалуына көмектесетініне қуаныштымын.

– Сіздің қайырымдылығыңыздың басты мақсаты – балалар өлімі мен мүгедектігі көрсеткіштерін төмендетуде мемлекетке көмек көрсету екенін атап өттіңіз. Неге сіз дәл осы бағыттарды таңдадыңыз?

– Менің мамандығым дәрігер, бұл қайырымдылық үшін басты бағыт ретінде денсаулық сақтауды таңдауыма себепші болды. Балалар денсаулығын сақтау саласына мамандануға көмек сұрап қорға жүгіну ағымын талдау нәтижесінде келдік. 2007-2008 жылдары бұл балалардың өмірі мен денсаулығын шетелде құтқару үшін қаржылық көмек туралы ата-аналардан толассыз жүздеген өтініштер болды.

Дәрігерлік практика мені жалғыз дұрыс тәсілге үйретті. Яғни симптомдарын емдеу емес, себептерін табу және жою. Сондықтан бала өміріне араша болу неге Қазақстанның өз ішінде мүмкін еместігін іздестіре бастадым. Балалар денсаулығын сақтау саласының шынайы жағдайын зерделеу реанимациялық бөлімшелерді жарақтандыруда үлкен проблемаларды анықтады. Мен 15 жыл бойы жемісті ынтымақтастықтың арқасында осы жағдайды біртіндеп бірге түзеткен Денсаулық сақтау басқармаларының барлық басшысына, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшыларына, Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басшыларына алғысымды білдіремін.

Денсаулық сақтау министрлігімен AYALA қайырымдылық қоры ынтымақтастық туралы 3 меморандумға қол қойды. Дене салмағы өте төмен шала туған балалардың, босанудағы ауыр және орташа ауыр асфиксияға байланысты балалардың өлімін азайту, сондай-ақ шала туған балалардың ретинопатиясына байланысты көру қабілеті бойынша мүгедек балалардың санын азайту бойынша.

Осы Меморандумдардың әрқайсысы бойынша нәресте өлімі көрсеткіштерінде тіркелген нәтижелер бар. "Басқарылатын гипотермия" меморандумы аясында менің қорымнан Қазақстанның 12 Облыстық перинаталдық орталықтарында ауыр асфиксиямен туған 235 баланың өмірі құтқарылды. "Ретинопатия" меморандумы аясында он екі Облыстық перинаталдық орталық бинокулярлық офтальмоскоптар мен үш лазерлік қондырғылар алды. Бұл жабдықтар биыл 1 265 жаңа туған нәрестеге диагностика жасап, олардың көру қабілетін сақтап қалуға көмектесті. Алдағы айларда демеушілердің арқасында біз 3 ретиналды камера мен бір лазерлік қондырғыны сатып алып, Ақтөбе мен Семейдің Облыстық перинаталдық орталықтарына, сондай-ақ Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына тапсырамыз. Бұл жабдықтар алдағы бес жылда мыңдаған сәбилердің көру қабілетін сақтап қалуға көмектеседі.

– Сіздің қайырымдылық жобаларыңызды іске асыру кезінде мемлекет серіктес ретінде немесе бақылаушы ретінде әрекет ете ме?

– Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және ҚР Білім және ғылым министрлігімен өте нәтижелі әріптестік пен ынтымақтастықта белсенді жұмыс жүргізілуде. Әрине, әрдайым олай болған жоқ. Қайырымдылық ұйымының кәсібилігі мемлекеттік биліктің бейінді институттарымен өзара іс-қимылды қандай деңгейде құруға болатындығынан көрінеді.

– Қайырымдылық жасау барысында Сізге қандай қиындықтар кездеседі?

– 15 жыл ішінде қайырымдылық жасауда әрбір нақты жағдайда қиындықтарды емес, мүмкіндіктерді көру қағидасын қалыптастырдым. Шала туған сәбилердің ретинопатиясын мысал ретінде алайық. Өткен жылы біз шала туған балалардың көру қабілеті бойынша жаппай мүгедектік себептерін талдай бастадық. Қиындықтар көп болды. Бірақ біз мүмкіндіктерді көрдік, оларды басты бағыттарға айналдырдық және 2022 жылы диагностикалық және лазерхирургиялық жабдықтар офтальмолог дәрігерлері бар перинаталдық орталықтар  пайда бола бастады. Үш офтальмолог ота жасай бастады, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде ретинопатияның күрт дамыған түрін инъекциялық емдеуге арналған клиникалық хаттама мақұлданды.

Мүмкіндік – бұл әрқашан жаңа деңгейге шығу, шеңберден шығу. Сенсеңіз, қайырымдылықта да еркіндік пен шығармашылық өте қажет.

– Сіз осындай қысқа мерзім ішінде Қазақстандағы ретинопатияны диагностикалау мен емдеудегі жағдайды қалай өзгерте алғаныңызға толығырақ тоқталып өтсеңіз.

– Мақсатты көріп, кедергілерге мән бермей, Денсаулық сақтау министрлігінің, офтальмолог дәрігерлер мен қазақстандықтардың энергиясын біріктіріп, балаларға көмек көрсету үшін бағыттауға тырысу.

Қордың барлық қызметкері осы мақсатта жұмыс істеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Мағрипа Хамитқызы Ембергенова тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Медицина ғылымдарының кандидаты, Көз аурулары ҒЗИ офтальмолог дәрігері Әсел Үсенбайқызы Шәріпова өте құнды үлес қосты. Дәл осы кісінің көп жылдық практикалық білімі, сараптамасы және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеудегі бірегей тәжірибесі табыстың негізгі факторына айналды. ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Жандос Қонысұлы Бүркітбаевтың жаңа туған сәбилердің көру қабілеті бойынша мүгедектігі сияқты оқшау мәселеге қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін.

Бөтен балалар болмайды, мені ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі басшыларының бірінің бұл өмірлік философияны толық қолдайтыны қуантады. Осының нәтижесінде тек бір Семейдің өзінде биыл бірде-бір жаңа туған нәресте соқыр болып қалған жоқ. Оларға дер кезінде диагностика жүргізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Өткен жылы диагностикалық және хирургиялық құрал-жабдықтардың жоқтығынан 23 нәресте көру қабілетінен айырылды. Атырауда біздің қондырғы арқылы көз түбі патологиясы бар 136 бала анықталды.

Дәрігерлердің айтуынша, ерте диагностика оларға дер кезінде емделіп, балалардың көзін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

– Көп жылдар бойғы қайырымдылықтағы жобаларыңызға қолданған тәсіліңіз тиімділігімен ерекшеленеді, себебі неде?

– Бұл корпоративтік басқарудың үздік тәжірибелері мен қайырымдылық ұйымының құндылықтарын табысты біріктірудің нәтижесі деп ойлаймын. Мен ынтасы жоғары, адал және жауапты кәсіпқойлар командасын жинап, өсіре алдым.

Көп жылдан бері AYALA қайырымдылық қоры жылдық мақсаттар бойынша жұмыс істеп келеді. Жыл басында стратегиялық сессияда қор үшін негізгі мақсаттар қойылады, содан кейін әрбір қызметкер оларды өзінің жеке мақсаттарымен қолдайды және олар бойынша есеп береді. Бұл маған басқару назарын шын мәнінде маңызды нәрсеге аударуға мүмкіндік береді. Барлық жобаны біз тек командамен талқылап, шешім қабылдаймыз. Қолдау, ынтымақтастық және кәсіби әдеп ахуалы менің қорымда өте жоғары бағаланады.

– Сіз алдағы 15 жылда қайырымдылықпен айналысуды жалғастыратын ойыңыз бар ма?

– Бұл менімен мәңгі болады деп ойлаймын.

– Сіз алдағы жылдары қандай жобалармен жұмыс істейсіз?

– Біз шала туған нәрестелерді ретинопатия бойынша жобаны жалғастырып, оны нысаналы мақсатына жеткізгіміз келеді. Бұл дәрігерлерге нақты диагностикада және көз лазерхирургиясында көмектесу үшін Қазақстанның кем дегенде алты Перинаталдық орталығын ретиналды камералармен жабдықтау.

Бұл – Жапония, БАӘ, Еуропалық одақтың жетекші хирургтерінен шеберлік сыныптарында бірнеше ота жасайтын неонаталдық офтальмологтарды дайындауға көмектесу. Мұндай қадамдар Қазақстанға шала туған нәрестелердің көру қабілетінен айырылу жағдайларының санын алдағы 5-10 жылда бір-екі жағдаймен шектеуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда туылғаннан бастап 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны соңғы бес жылда екі есеге артып, қазір 100 мыңға жақындап келе жатқаны қатты алаңдатады. Менің азаматтық ұстанымым мен қордың жұмыс тәсілі осы қауіпті жағдайдың жақсы жаққа қарай өзгертуге бағытталатын болады. Сондықтан қор командасы балалардың мүгедектігін азайту бойынша жобалар жасауды жоспарлап отыр.

– Сізді қайырымдылық жасауға не шабыт береді, бұл қызмет барынша эмоциялық және рухани ресурстарды қажет етеді емес пе?

– Ең басты шабыт беріп, жігерлендіруші – біздің қор берген жабдықтардың көмегімен дәрігерлер құтқарып қалған балаларын күнде құшақтайтын мыңдаған бақытты отбасылар. Менің әріптестерім, елдің зияткерлік әлеуетін сақтауға көмектесу шабыт сыйлап, жігерлендіре түседі.

– Қазақстандықтар қайырымдылық жобаларға қаншалықты белсенді қатысуда?

– AYALA қайырымдылық қорының жобалары бойынша өте белсенді деп айта аламын. 2019 жылдан бастап қор бокстар арқылы және Halyk Bank пен Kaspi Банктегі қайырымдылық жарналары арқылы жинаған қаражат бірнеше есеге өсті. Біздің толық есеп беруіміз, ашықтығымыз, Қазақстандағы балалар өлімі мен мүгедектікті азайту жөніндегі мақсатымыз жүздеген мың отандастарымыздан қолдау тауып отырғанына қуаныштымыз. Біздің Қамқорлық күшімізді қолдаған баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіріп, барлық істеріңізге табыс және мықты денсаулық тілеймін!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу