Айдос Сарым бейбіт шерулер туралы: Министрлікпен ортақ консенсусқа келген жоқпыз

3831

Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Бақытжан Бұқарбайдың ұйымнан шығуына қатысты пікір білдірді. 

Айдос Сарым бейбіт шерулер туралы: Министрлікпен ортақ консенсусқа келген жоқпыз

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі "Бейбіт жиындар туралы" заңның Ақпарат және қоғамдық даму министрі ұсынған жобасымен келіспейді. "Қоғамдық шартты қайта жүктеу" атты дөңгелек үстелген қатысқан саясаттанушы  Айдос Сарым БАҚ өкілдеріне осындай мәлімет айтты. 

"Бұл тұрғыда әлі ортақ консенсусқа келген жоқпыз. Біз заң жобасын әлі де жетілдіру керек деп отырмыз. Өткенде Алматыдағы жиында министрлік те, министрлік ұсынған заң да біраз сынға түсті. Жалпы кез келген жақсылық үшін күресу керек екен. Мына заң үшін де Парламентке барып, Сенатқа барып күресу керек. Осының айналасында бір-бірімізді қарғамай, сілемей кәдімгідей үлкен қоғамдық коалиция құрып, осы заңды итермелеу керек. Оның заңи жолдары бар. Петицияға шығайық, басқа да жолдары бар. Бірақ енді әлемдік үрдіске сай, есі дұрыс заңды қабылдау  біздің қоғамның қолынан келеді. Біздің қоғам оған дайын. Мен білсем, аталған заң қазіргі күйінде қабылданбайды. Әрине, біз оған кепілдік бере алмаймыз. Өйткені заң шығарушы орган емеспіз. Бірақ әлі біраз күресу керек, әлі біраз айтысу керек, дауласу керек. Құдай қаласа, бұл төңіректегі әңгімелер әлі жалғасады. Дүйсенбі күні Әділет министрлігінде кездесу өтеді. Онда да осы заң турасында біраз әңгіме айтайық деп отырмыз. Біз қазір заң жобасын жетілдіруде әлемдік тәжірибені жақсы көрсетіп жатырмыз", – деген сарапшы Бақытжан Бұқарбайдың ұлттық кеңес құрамынан өз еркімен шығуына қатысты ойын айтты. 

"Біздің биліктің өзі "жұмақ концепциясымен" емес, "тозақ концепциясымен" қозғалады. Қордайдағы жағдайлар, басқа да жайттар айналып келгенде билікті қорқытып, үркітіп алған. Шындап келетін болсақ, биліктің жұмысы жұмақ құру емес, тозаққа жол бермеу. Бұл тұрғыдан кейбір мәселелерге  жауапкершілік танытқан дұрыс шығар. Алайда қоғамның өскенін, оның талап-тілегінің еселеп өскенін де түсініп, мойындау керек. Сол кезде мұндай дау тумайды, үйреншікті қарапайым нәрсеге айналады. Ал арамыздан Бақытжан Бұқарбайдың кетуі өзінің жеке көзқарасы. Жуырда тағы үлкен ротация болады деп ойлаймын. Бұл тұрғыда бәрімізде еркіндік бар. Маған да мысалы кеңестің мүшесі болу басы артық жұмыстан басқа ештеңе беріп жатқан жоқ. Ішкі иірімі көп, қажытатын тұстары көп бұл жұмыстың. Одан да ойыңды "Фейсбукке" жаза салған оңай. Ал шенеуніктермен бір үстелде отырып дауласу, белгілі бір дүниені дәлелдеу денсаулық үстейді деп ойласаңыздар, қатты қателесесіздер", – деді Айдос Сарым.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу