banner

Айдын Айымбетов тізгінін ұстаған ұйымның шығыны көп

2107

Ғарыш саласын, ғарыштық техника мен технологиялар секторын ғылыми және практикалық тұрғыдан бүге-шігесіне дейін білетін ғарышкерге компанияның ісін түзейді деген сенім артылып отыр. 

Айдын Айымбетов тізгінін ұстаған ұйымның шығыны көп

Осыдан тура бір ай бұрын, биылғы 27 қыркүйекте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы А. Айымбетовтің "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы болып тағайындалғанын хабарлады. Бұл стратегиялық мекеме Айдын Ақанұлына қандай күйде тигені енді ғана белгілі болып отыр. Ғарышкердің басшылығымен "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ-ның жаңа "2021–2030 жылдарға арналған даму стратегиясы" іске асырылуға тиіс. 

"2020 жылдың қорытындысы бойынша "ҚҒС" ҰК" АҚ-ы залалға ұшыраған компания. 2016 жылы аудиторлардың ұсынымдарына сәйкес компанияның 20 млрд 733,9 млн теңге көлеміндегі залалының негізгі үлесі немесе барлық залалының 34%-ы активтерін қайта бағалау және құнын төмендету нәтижесінде туындады. Бұған Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) ғарыш жүйесі және Дәлдігі жоғары спутниктік навигация (ДЖСН) жобаларының қаржылық-экономикалық негіздемелері бойынша кірістілік көрсеткіштеріне қол жеткізілмеуі себеп болды", – деп түсініктеме берді Цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті.

Бұған қосалқы мердігерлік жұмыстардың шығыны қосылыпты. Бұл жұмыстар шығынының тым жоғары болуы жерді қашықтықтан зондтау жүйесін сақтандыру, спутник өндірушілердің техникалық қолдауды қамтамасыз етуі шығындарымен байланысты екен.

"Мемлекеттік органдарға ЖҚЗ қызметтері Аэроғарыш комитетінің бағдарламасы бойынша орталықтандырылған түрде ұсынылады. Бұл қызметтер құнына тек операциялық шығыстар ғана кіреді, ал ЖҚЗ және ДЖСН бойынша амортизациялық аударымдар есепке алынбайды. Бұл ретте активтердің жылдық амортизациясының үлкен сомасы компанияның залалсыз, шығынсыз қызметке қол жеткізуіне мүмкіндік бермейді. Алда Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені (ҒА ҚСК) пайдалануға берілгеннен кейін жылдық амортизация сомасы тек ұлғая беретін болады және үлкен шығынға әкеліп соғады", – деп ашық айтылған 2030 жылға дейінгі жаңа стратегия жобасында.

Бір ғылым докторы ғана бар сектор

Ведомство дерегінше, "Қазақстан Ғарыш Сапарының" кадрлық құрамы да алаңдаушылық туғызады екен. Оның жоғары техникалық білімі бар қызметкерлерінің саны небәрі 177 адам. Қалған 62-сі – гуманитарлық жоғары білімі барлар. Ғарыш технологиялары саласы бірінші кезекте технарь-мамандар мен сарапшыларды талап ететіні сөзсіз.  

Айтқандай, техника ғылымдарының маманы деген 177 адамның ішінде 96-сының (54%-ының) ғана ғарыш саласында кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар.

ҚҒС-ның қызметкерлерінің құрылымында 26 жасқа дейінгісінің саны 18 адам немесе 7,5%. 188-і немесе 78,7%-ы – 26–50 жас аралығында. 33 адам немесе 13,8%-ы зейнеталды жаста.

Қазақстандық ғарыш саласына жауапты осы ұлттық компанияны жоғары білікті мамандармен қамту үшін отандық мамандарды аэроғарыштық бейіндегі бірқатар шетелдік ЖОО-да және "Болашақ" бағдарламасы аясында нысаналы даярлау қолға алыныпты. Бұдан бөлек, кейбір мамандар ғарыш аппараттарын дайындаумен айналысатын стратегиялық серіктестің өндірістік алаңдарында оқытылуда.

2020 жылы "ҚҒС" ҰК" АҚ-ның қызметкерлер құрамында 1 ғылым докторы, 3 PhD, 5 ғылым кандидаты болды.

Ұлттық компания жаңа кадрлық саясатын бекіткен. Ол ел басшылығы қойған ҚҒС-тің стратегиялық мақсаттарына сай әрбір қызметкерді бағалау, ынталандыру, кәсіптік оқыту және дамыту жүйесінен тұрады.

Компания үздік мамандарды тарту және тұрақтап қалдыру үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Соған қарамастан, үздік мамандарды тартуға кері әсер ететін бірқатар фактор бар көрінеді. Біріншіден, ғарыш саласындағы халықаралық, әсіресе батыстық компаниялармен, сондай-ақ кірістілігі жоғары өңірлік компаниялармен салыстырғанда, ҚҒС-те еңбекақы көлемі тартымсыз екен. Екіншіден, "Қазақстан Ғарыш Сапары" республикалық бюджетке күні қарап отырған компания, ел қазынасынан қаржыландыруға тәуелді болып қалуда.

Осыған байланысты ҚҒС жаңа кадрлық саясаты "таяу жылдарда озық дағдылары мен құзыреттері бар, жоғары деңгейлі кадрларды тартуға, оқытуға және ұстап қалуға бағытталады". Бұл үшін материалдық, материалдық емес ынталандырулар жүйесі қалыптастырылмақ. ҚҒС қызметкерлеріне нысаналы мақсаттарға, қызмет нәтижелеріне жетуіне қарай сыйақылар төленбек. Қазіргі мемлекеттік қамсыздандыру сыртында әлеуметтік қолдау және қосымша жеңілдіктер бағдарламасы қарастырылады деп күтілуде.

Илон Масктан үйренсек...

"Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі және дәлдігі жоғары спутниктік навигация жобаларының қаржылық-экономикалық көрсеткіштері орындалмады. Себебі меморгандар ЖҚЗ және ДЖСН технологияларын өз жұмысында қолдануға әзір болмады. Тиісінше, олар өз бюджеттерінде осыған арналған шығыстарды қарастырмады. Сондықтан "Қазақстан Ғарыш Сапары" үшін табыстың негізгі көзі – коммерциялық қызмет, сондай-ақ ҚҒС қызметтері мен өнімдерін шетелге экспорттаудан түсетін кірістер болуға тиіс", – деп міндет қойылған ұлттық компанияның жаңа стратегиясы жобасында.

Компанияның табыстылығын арттыру шарасының бірі ретінде ҚҒС қызметкерлерінен тек техника маманы болумен шектелмей, сонымен қатар маркетолог, ұйымдастырушы біліктіліктерін игеру талап етілмек.

Бұл істе Илон Масктың өз ұжымдарында енгізген тәжірибесі жақсы үлгі бола алады: оның SpaceX, Tesla Motors, Hyperloop, SolarCity және басқа қаптаған компаниялары мен жобаларына тартылған мамандар, қызметкерлер БАҚ, әлеуметтік желі, түрлі кездесулер, семинарлар секілді барлық алаңда, әртүрлі ортада өзі айналысып жатқан жобаның маңызын, ғажайыбын, креативтілігін аузынан суы құрып мақтайды, қайда жүрсе де ауызға алып, танымал етеді, ілгерілетеді.

Ал "Қазақстан Ғарыш Сапарының" немен айналысып жүргенін әлем түгіл, қазақстандықтар біле қоймайды. Мысалы, былтыр Жерді қашықтан зондтау және жер учаскелерін цифрлау жүйесі Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су басу аумағын жедел анықтауға мүмкіндік беріпті. Осының арқасында облыс әкімдігі және ТЖМ елге қанша залал келгенін мүмкіндігінше жедел білген.

Жалпы ЖҚЗ спутниктерін пайдаланудың 5 жылы ішінде еліміздің, планетаның 1 миллиард шаршы шақырымнан астам жер аумағы ғарыштан түсірілген. ЖҚЗ деректерін талдау Қазақстанда жалпы кадастрлық құны 700 миллиард теңгеге жуық, ауданы 9,6 миллион гектар пайдаланылмайтын 37 мыңнан астам жер учаскесін анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде кадастрлық құны 149 миллиард теңге болатын 11 мыңға жуық жер учаскесі айналымға қайтарылды.

Бұдан басқа, еліміздегі бүкіл ауыл шаруашылық жерлері (жалпы көлемі 33 миллион гектардан асады) цифрландырылды: оның ішінде 12,4 млн гектары – тыңайған жерлер, 19,4 млн гектары – егістік, 1,6 млн гектары – шабындық ретінде айқындалды. Қазақстанда орман алқаптарының жалпы аумағы 18,1 млн гектарды құрайтыны анықталып, цифрландырылды. Сондай-ақ су объектілерінің едәуір бөлігі – 4,1 млн гектары да толық цифрландырылған. Өзге де жетістіктері бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу