Әйелдерден ерлерді құттықтауды ұмытпауын президенттің өзі өтінді

2083

Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, шендер мен мемлекеттік наградалар тапсырды.

Әйелдерден ерлерді құттықтауды ұмытпауын президенттің өзі өтінді Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қазақстанның барша ер-азаматтарын алда келе жатқан төл мейрамы –  "Отан қорғаушы күнімен" құттықтады.

"Барлығымыз үшін бұл үлкен қуаныш! Қазақстанның Отан қорғаушыларын ұлықтау үшін 7 мамырды мереке деп атадық. Мен 1992 жылы дәл осы күні қазақтың қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойған болатынмын. Сондықтан Қазақстанда жұбайларымыз, әйел азаматшалар ер-азаматтарымызды құттықтайтын күн де осы! Есіне сала бермесек, кейде олар ұмытып кетеді!", – деп әзілдеп, ақ жарыла күліп алды Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан кейін ел президенті қазақстандықтардың ер-азаматтар бөлігіне бұрылып, шын жүректен тілек білдірді.

Ізінше елбасы жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер мен мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімін өткізді.

"Мен бүгін жоғарғы бас қолбасшы ретінде жоғары әскери және арнаулы атақтар, сондай-ақ қызметтегі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалар тапсырамын. Осындай жоғары марапатқа еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтайтын әскеріміз бен арнаулы қызметтердің үздік өкілдері ие болып отыр. Өз өмірін әскери қызметке байлап, жас кезінен әскери білім алған, қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған, бар деген жерге барып, тұр деген жерде тұратын әскери адамсыздар. Өз еңбектеріңіз арқасында ең жоғарғы генерал атағын алып отырсыздар. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев іс басындағы сардарлар мен сарбаздарға жеке қайырылып, әлемде белең алып келе жатқан тұрақсыздық жағдайында мемлекеттің әскері мен күш құрылымдары ерекше маңызға ие болатынын нықтады:

"Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет екендігіне қарамастан, біздің айналамызды достарымыз қоршағанына қарамастан, біз әлсіз болмауға тиіспіз. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда барлығы тез өзгеріп сала береді. Ертең, арғы күні не боларын ешкім де білмейді. Қару әрдайым әзірлікте, ал жауынгерлер әрқашан сақадай сай, даярлықта болуға тиіс. Әскерилер кез келген мезетте Отан үшін, жерімізді сақтап қалу үшін өмірін қиюға дайын болуға тиіс. Біздің бәріміз, ерлер осы үшін дүниеге келгенбіз, осы мақсатта өмір сүреміз. Қай күні және қай жерде шыбын жан шығарын біз білмейміз. Жауынгерлер барлық замандарда Отанды қорғау жолында жанын пида етуді өзінің борышы санаған. Бұл айтыла салынған жай сөз емес!" – деп нықтады жоғарғы бас қолбасшы.

Осы орайда әскерилерге Ұлы Отан соғысының сабағы көрсеткендей, жаһандық қақтығыс күтпеген жерден тұтанып кетуі мүмкіндігі ескертілді.

Сол себепті де "ел тәуелсіздік пен мемлекеттілік қорғанында тұрған азаматтарды ардақ тұтады, ал мемлекет бар қажеттімен қамтамасыз етеді".

Ақордадағы рәсім барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "генерал-лейтенант" әскери атағы мен погонын Талғат Жанжүменовке, "ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты" арнаулы атағын Нұрғали Білісбековке, Марат Өсіповке, "сыртқы барлау генерал-лейтенанты" арнаулы атағын Ғабит Байжановқа, "генерал-майор" әскери атағын Ұларбек Абыкеевке, Қаныш Әбубәкіровке, Қайрат Көпбаевқа, Арман Қалиевке, Серік Ізтілеуов өз қолымен табыстады.

Сондай-ақ Сабыржан Оңғарбаев, Бақытбек Рақымбердиев "ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры" арнаулы атағын, Нұрлан Оразов "сыртқы барлау генерал-майоры" арнаулы атағын, Махамбет Абисатов, Арманбек Баймурзин, Мұрат Қабденов, Жанат Сүлейменов "полиция генерал-майоры" арнаулы атағын иеленді.

Жалпы алғанда, бір күн ішінде елімізде жиырма шақты жаңа генерал пайда болды.

Бұдан бөлек, елбасы ІІ дәрежелі "Даңқ" орденін – М.Таласовқа, М.Құсайыновқа, М.Сатовқа, Қ.Жақыпбаевқа табыс етті. Ал І дәрежелі "Айбын" орденімен Д.Кұрмашев, А.Төлеуов, II дәрежелі "Айбын" орденімен – Ж.Жақыпов, А.Калинин, Д.Пластовец, "Құрмет" орденімен – Э.Омарова, "Ерлігі үшін" медалімен – Ғ.Әлеуханов, В.Калмыков, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен – Н.Залмұқанов марапатталды.

"Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан Дулат Құрмашевті ерекше атап өткім келеді. Аса қауіпті қылмыскерлерге қарсы арнайы операцияны басқарып, ұтымды өткізген оны бірінші дәрежелі "Айбын" орденіне лайық деп санадық. Қызметін мінсіз атқарып, әскери білімге білікті басшылық жасағаны үшін Жасұлан Жақыповқа екінші дәрежелі "Айбын" ордені беріледі. Биыл құрлық әскерлері арасында өткен командалық дайындық нәтижесі бойынша ол бірінші орынға ие болды. Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі барша жұртқа үлгі. Сол себепті "Ерлігі үшін" медалімен марапатталады", – деді президент.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтарға зор денсаулық, мол табыс тіледі.    

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу