Бүгін тараптар стратегиялық әріптестікті нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өңірлік өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы тақырыпқа байланысты біз саясаттанушы Шарип Ишмұхамедовпен сұхбаттасып, Қазақстан мен Моңғолия қатынастарының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын қарастырдық. Сарапшы екіжақты ынтымақтастықтың экономикалық, тарихи және транзиттік мүмкіндіктеріне тоқталып, әсіресе көлік-логистика саласындағы жобалардың маңызын атап өтті.

Сұхбат барысында Шарип Ишмұхамедов Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қатынастардың стратегиялық әлеуеті жоғары екенін, ал қазіргі бастамалар ұзақ мерзімді әріптестікті тереңдетуге негіз болатынын айтты. Оның пікірінше, алдағы кезеңде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мен экономикалық байланыстарды кеңейту екі ел үшін де маңызды бағыт болып қала береді.
– Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Қазақстанға жасаған үш күндік мемлекеттік сапарының маңызын қалай бағалайсыз? Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастар үшін және жалпы аймақ үшін қандай негізгі сигналдар береді?
– Мен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты Қазақстанға жасаған үш күндік сапарын өте жоғары бағалаймын, өйткені бұл сапар алдын ала, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі жыл бұрын Моңғолияға жасаған сапары кезінде келісілген болатын. Сол кезде Моңғолия тарапының Қазақстанның инвестициялық және сауда ұсыныстарына деген көзқарасын анықтау маңызды еді. Бұл сапар аймаққа да, жалпы әлемге де мемлекеттердің екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға мүдделі екенін және оларды нығайтуға ұмтылатынын көрсететін маңызды сигналдар береді. Екі ел де теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекеттер болғандықтан, Қытай мен Ресей сияқты ірі державалардың арасында өз мүдделерін үйлестіруге мәжбүр. Сонымен қатар, бұл сапар Моңғолияның қалыптасқан шектеулерді еңсеруге және Қытайға тәуелділікті азайтуға ұмтылып, басқа серіктестермен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуға ниетті екенін көрсетеді.
– Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда Моңғолияның Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудағы басты мүддесі неде? Және бұл қызығушылық қаншалықты өзара сипатқа ие?
– Моңғолиядағы қазіргі экономикалық жағдай біршама күрделі. Елдің сыртқы қарызы өсіп келеді. Моңғолияның экспорт құрылымы біржақты сипатқа ие, өйткені ел негізінен көмір, мұнай және металдарды экспорттайды, ал дайын өнім экспорты шектеулі. Дайын өнімдерге кашемир, жоғары сапалы жүн, сондай-ақ ет және мал шаруашылығы өнімдері, оның ішінде тірі мал жатады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Моңғолия үшін сауданы дамытуға және ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге ықпал ететін маңызды серіктес бола алады. Бұл бағыттар қазіргі таңда Моңғолия үшін ең перспективалы болып саналады және оларды белсенді дамыту қажет. Сондай-ақ ел экономикасын әртараптандыруға жағдай жасау маңызды.
Орталық Азия нарығы және, әсіресе, Қазақстан нарығы Моңғолияға күрделі экономикалық жағдайдан шығуға көмектесе алады. Бұл ретте мүдде өзара сипатқа ие: мемлекеттер арасында қолайлы жағдайлар мен сындарлы қатынастар болған жағдайда ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктер бар, оның ішінде үшінші елдердің ұстанымын ескеру де маңызды.
Негізгі қиындық – Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда тек Ресей немесе Қытай аумағы арқылы транзитпен жүзеге асуы мүмкін. Сондықтан қарым-қатынастардың дамуы көбіне көлік-логистикалық және саяси жағдайларға тәуелді. Әсіресе Қытай тарапынан оң көзқарас екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың тиімді дамуына ықпал ете алады. Қазіргі таңда бұл қатынастардың деңгейі, менің ойымша, салыстырмалы түрде төмен, алайда оларды дамыту әлеуеті өте жоғары.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтар мен моңғолдарды "көшпелі өркениеттердің ұрпақтары" деп атап өтті. Оларды ортақ тарих, ұқсас өмір салты мен дәстүрлер біріктіреді. Сонымен қатар, Моңғолияда көп санды қазақ диаспорасы тұратыны белгілі. Сіздің ойыңызша, осы тарихи-мәдени фактор екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда қандай рөл атқарады?
– Шынында да, Моңғолия аумағында қазақтардың ірі этникалық тобы тұрады. Олар екіжақты қарым-қатынастарда маңызды көпір рөлін атқаруы тиіс. Әртүрлі деректер бойынша, Баян-Өлгей өңірінде шамамен 120 000-ға жуық этникалық қазақ өмір сүреді.
Қазақстан этникалық қазақтардың осы өңірде тұрақты әрі орнықты дамуына мүдделі және олардың Қазақстанға жаппай қоныс аудармағанын қалайды. Менің ойымша, Моңғолиядағы қазақтар сол елде қалып, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, жұмыспен қамтылуына барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Атап айтқанда, өңірде білім беру, жұмыспен қамту және көлік салаларында заманауи инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта Моңғолия басшылығы қолдау көрсетуі немесе кем дегенде Қазақстанның осы салаға инвестиция салуына мүмкіндік жасауы қажет. Әрине, бұл фактор екі ел арасындағы қарым-қатынастардың оң дамуына ықпал етуі тиіс.
Сонымен қатар, бұл мәселе мемлекеттер арасындағы қатынастарды шиеленістірмей, керісінше нығайтуға қызмет етуі керек. Себебі екі тарап та Моңғолия аумағында тұратын этникалық қазақтардың өзін қауіпсіз сезініп, дәл сол елде даму мүмкіндіктеріне ие болуына мүдделі болуы қажет.
Ал екі елдің де көшпелі өркениеттен бастау алуы – тарихи фактор. Бұл өз кезегінде мемлекеттер мен халықтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, тату көршілік қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ осы өңірдегі халықтардың мәдени және тарихи мұрасын бірлесіп зерттеуге негіз болуы тиіс.
– Моңғолия Президенті Тоқаевтың 2024 жылғы сапары екі ел арасындағы қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне көтергенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Моңғолия үшін Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық әріптес мемлекетке айналды. Сіз Тоқаевтың Моңғолиямен диалогты жандандырудағы және жалпы Қазақстанның Азия елдерімен байланысын нығайтудағы рөлін қалай бағалайсыз?
– Иә, шынында да, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы сапары Қазақстанның Моңғолиямен ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды дамытуға мүдделі екенін көрсетті. Бұған дейін Қазақстанның сыртқы саясатында моңғол бағытына жеткілікті көңіл бөлінбеген болатын. Әртүрлі себептерге байланысты бұл бағыт бұрынғы ел басшылығы тарапынан назардан тыс қалып келді. Президент бұл бағытқа тиісті деңгейде назар аударады деп үміттенеміз және болашақта оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенеміз. Өйткені туыстас халықтар мен жақын мемлекеттер арасындағы тауар айналымының шамамен 130 миллион деңгейінде болуы – жұмсартып айтқанда, Қазақстанның сыртқы саясатындағы елеулі кемшілік.
Бұл қарым-қатынастарда Қазақстан белсенділік танытып, Моңғолия экономикасының дамуына мүдделілік көрсетуі тиіс. Себебі бұл – тарихи және мәдени тұрғыдан бізге жақын ел, әрі онда шамамен 120 000 қазақ тұрады. Олар да Моңғолиядағы экономикалық жағдайға тәуелді. Сондықтан Қазақстан сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда бауырлас ел ретінде қолдау көрсетіп, Орталық Азия елдерімен өзара ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуы қажет.
Жеке өзім Президент Тоқаевтың рөлін жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да ол осы бағытқа көңіл бөле береді деп үміттенемін, сондай-ақ келешектегі ел басшылары да бұл бастаманы жалғастырады деген сенім бар.
– Қазақстан Президенті Моңғолияның экономикалық жетістіктерін жоғары бағалап, Vision-2050 сияқты бастамалардың жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ жаңа қаланың салынуын атап өтті. Осыған байланысты, даму тәжірибесімен өзара алмасуға қызығушылық бар деп айтуға бола ма?
– Бұл шынында да күрделі мәселе. Қай бағыттың неғұрлым өзекті әрі перспективалы екенін, сондай-ақ қай құжаттарды ең маңызды деп санауға болатынын анықтау оңай емес. Көшбасшылардың ынтымақтастық және бірлескен жобалардың бар екені туралы мәлімдемелері, сөзсіз, оң құбылыс, өйткені олар мемлекеттердің түрлі салалар мен бағыттардағы өзара іс-қимылын көрсетеді. Жалпы алғанда, 13 құжатқа қол қойылды. Алайда бұлар толыққанды келісімдер емес, көбіне меморандумдар мен ниет туралы декларациялар болғандықтан, олардың практикалық маңызы әзірге шектеулі.
Соған қарамастан, жасалған мәлімдемелерге сүйенсек, ең маңызды әрі мәнді жетістік ретінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы автожол салу жөніндегі келісімді атауға болады. 2026 жылғы 21 сәуірде бұл жол Ресей аумағы арқылы екі елді байланыстыратыны туралы жарияланды.
Ендігі кезекте Моңғолия, Қазақстан және Ресей басшыларының қатысуымен үшжақты кездесу өткізіліп, жобаның нақты жол картасы бекітілуі тиіс. Онда қаржыландыру, маршрутты айқындау, жер бөлу, шекаралық бақылау, сондай-ақ тауарлар, қызметтер мен азаматтардың қозғалысы үшін "жасыл дәліздер" құру мәселелері қамтылуы қажет.
Мен бұл бастаманы осы сапардың ең басты жетістігі деп санаймын. Себебі қазіргі таңда Моңғолияда Ұлан-Батыр қаласын елдің батыс өңірлерімен толыққанды байланыстыратын автожол инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде дамымаған. Бұл жобаны іске асыру шекара маңындағы аймақтарды дамытуға, елдің ішкі байланысын жақсартуға, сондай-ақ Ресей және Қазақстанмен көлік қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақта теміржол құрылысы мәселесін де қарастыру қажет. Дамыған көлік инфрақұрылымынсыз мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейту және нақты интеграция туралы айту қиын.
Аталған жобаны жүзеге асыру елеулі инвестицияларды, жоғары жауапкершілікті және көптеген техникалық әрі құқықтық мәселелерді келісуді талап етеді. Олардың қатарына стандарттар, сертификаттау және кедендік рәсімдер жатады. Дегенмен, бұл міндеттер табысты орындалған жағдайда, ұзақ мерзімді оң нәтиже беріп, елдер арасындағы байланыстарды нығайтып, сауданың дамуына серпін береді. Бұл мәселе алдағы уақытта да үшжақты деңгейде жалғасын табады деп сенемін. Болашақта тек автожол жобасы ғана емес, сонымен қатар теміржол қатынасы да іске асырылып, екі ел мен олардың халықтарын ұзақ жылдар бойы байланыстырады деген үміт бар.