Жоғары технологиялар дәрігер мен пациент арасындағы дәстүрлі диалогқа килігіп, одан ақ халаттыларды ығыстырып шығара бастады. Мамандардың орнына дене-мүшенің ең құпия бөліктерін кез келген уақытта, әрі шынайы уақыт режимінде сараптауға дайын алгоритмдер келуде.
Техникалық және медициналық әлемді екіге жарған басты оқиға – таяуда OpenAI компаниясының "ChatGPT Health" сервисін ауқымды түрде іске қосуы болды. Инновациялық платформа АҚШ-тағы 18 жастан асқан барлық пайдаланушылар үшін – тегін тарифтен бастап кәсіби тарифке дейін қолжетімді.
Компанияның өзі "денсаулық сақтау саласына арналған ең қуатты құрал" деп дәріптеп жатқан ең соңғы "GPT-5.6 Sol" моделі пайда болғалы, адамдар өз ағзасы туралы сұрақтарды арнайы бөлімдерге өтпей-ақ, тікелей негізгі чат терезесінде қою мүмкіндігіне ие болды.
"Чат-боттың негізгі интерфейсіне тікелей интеграцияланған сервис медициналық карталарды, зерттеу нәтижелерін және фитнес-трекерлер деректерін жүктеуге мүмкіндік береді. Тегін нұсқаны пайдаланушылар мен Go, Plus және Pro тарифтерінің жазылушыларына енді қосымша бетке өтудің қажеті жоқ: өз денсаулығыңыз туралы сұрақтарды әдеттегі диалог терезесінде қоя бересіз", – деп жазды The Verge.
Жаңашылдықтың ауқымы таңғалдырады: ресми деректерге сүйенсек, бүкіл әлем бойынша апта сайын 230 миллионнан астам адам чат-ботқа денсаулыққа қатысты сұрақтар қояды. Компанияның хабарлауынша, шалғай аудандарда тұратын немесе тұрмысы төмен отбасылар аптасына жүздеген мың хабарлама жібереді. Мұндай 10 сауалдың 7-сі медициналық ұйымдардың жұмыс уақытынан тыс, яғни, клиника-емханалар жабылып, тірі дәрігерлер қолжетімсіз болған кезде жолданады екен.
ChatGPT-дің мұндай жаппай қолданылуына рухтанған OpenAI өкілдері жалаң мақтан мен даңғаза мәлімдемелерге көшті. Компанияның медициналық өнімдер жөніндегі вице-президенті Эшли Александер (Ashley Alexander) ЖИ моделдері "тәжірибелі дәрігер-клиницистер мен терапевттерді ауыстыратынын, өйткені енді жасанды интеллект солар сияқты жоғары деңгейде ой қорыта алатынын" мәлімдеді.
Өз кезегінде компанияның медициналық бағытының жетекшісі Каран Сингх (Karan Singhal) бұл бағалауды жуып-шайып, ЖИ тірі маманның орнын баспайтынына сендіріп бақты. Алайда ол артынша "Гарвард және Стэнфорд университеттерінің кейбір зерттеулері ЖИ-дің лицензиялық емтихандарды тапсыруға және диагноз қоюда адамнан асып түсуге қабілетті екенін растайтынын" нұсқады.
ChatGPT Health-тің соңғы жаңа алгоритмдер негізінде жұмыс істейтіні және үлкен тәжірибеге сүйенетіні алға тартылды: әзірлеушілер екі жыл ішінде медицинаның 30 саласынан 260-тан астам дәрігермен әріптестік орнатып, ЖИ жауаптарына 600 000-нан астам рет сараптамалық кері байланыс алғандарын хабарлады. Жауаптардың сапасын бағалау үшін компания өзінің меншікті HealthBench бенчмарк-жүйесін пайдаланады.
Қалай болғанда, денсаулық сақтау саласы барлық технологиялық алпауыттар үшін басты шайқас майданына айналып барады. OpenAI-дан кейін Anthropic компаниясы ауруханалар мен тұтынушыларға арналған Claude for Healthcare өнімін таныстырды.
Бұл аламан додада тек Google компаниясының шаңын көрсетпеуі назар аудартады: оның MedGemma моделі әзірлеушілер үшін жаңартылып, іздеу алгоритмдеріне ЖИ-жауаптар интеграцияланғанымен, компания жеке медициналық чат-ботты іске қосудан әлі де бойын аулақ салып келеді.
Неліктен миллиондаған адам емханаға барудың орнына чат-ботқа жүгінеді?
Сарапшылардың бақылауы мен пайдаланушылардың пікірінше, ChatGPT әзірше көп жағдайда дәрігердің өзін емес, көп уақытты алатын аралық тапсырмаларды алмастырып отыр.
Пациенттердің ЖИ-ді практикалық қолдану сценарийлері келесідей:
- "Медициналық тілді тәржімалаушы": науқастар одан МРТ, КТ нәтижелерін, анализдер мен ауруханадан шығару эпикриздерін "қарапайым тілде" түсіндіріп беруді, көрсеткіштерді талдауды және әртүрлі дәрігер берген емдеу нұсқаларын өзара салыстыруды сұрап, осы құжаттарын чатқа жүктейді.
- Дәрігердің қабылдауына дайындық: ЖИ симптомдарды жүйелеп, консультация кезінде маңызды нәрсені ұмытып қалмау үшін дәрігерге қойылатын нақты сұрақтар тізімін құрастыруға көмектеседі.
- Заңдылықтарды іздеу: бірнеше жылғы талдаулар архивін жүктеген кезде нейрожелі көрсеткіштердің өзгеру динамикасын анықтай алады. Ал, терапевттер әдеттегі қабылдауда көп жылғы құжатты қопарып отыруға бас қатырғысы келмеуі мүмкін: бұған уақыты жетпейді, өйткені ол "Дамумед" сияқты базаларды толтыруға тиіс.
- Әкімшілік навигация: ЖИ сервистер медициналық сақтандыру бағдарламаларының тиімді тұстарын түсінуге, құжаттарды толтыруға және көмекке жүгіну алгоритмдерін реттеуге де жәрдемдеседі.
OpenAI-дың техникалық интеграция бойынша серіктесі – b.well компаниясы. Ол осы сервисті шамамен 2,2 миллион медициналық мекемемен және дәрігерлермен байланыстырады. Пайдаланушыларға тамақтануды, диетаны коррекциялау, белсенділікті және ұйқы динамикасын бақылау үшін Apple Health, MyFitnessPal, Weight Watchers, Function және Peloton жүйелерінен алынған деректерді де қосу ұсынылады.
Бірақ бұл "көмектің" артында үлкен психологиялық тұзақ жатыр. Жүйе алдымен "өзінің қателесуі мүмкін екенін" ескертеді. Дегенмен, артынша пайдаланушымен оңаша, уақытты еш шектемей, асықтырмай, сенімді, ашық әрі "беделді дәрігер" кейпінде сөйлеседі. Салдарынан, бастапқы ескертуі өз күшін жоғалтады. Адам алгоритмді кәдімгі емдеуші дәрігер ретінде қабылдап, айтқанына құлай сенеді.
Қателіктің құны: сандырақ идеялардан өлім қатеріне дейін
Тәжірибе көрсеткендей, ЖИ-мен қарым-қатынаста оған сыни тұрғыдан қарай алмау қайғылы салдарға соқтыруы ғажап емес. Алгоритмдердің "сенімді" кеңестері пациенттерді интенсивті терапия және жан сақтау бөліміне бір-ақ түсірген жағдайлар аз емес.
Таяуда дәрігерлер бір ер адамның ауыр уланумен және "XVIII ғасырдың дертімен" ауруханаға түсіп, бірнеше апта жатқаны туралы есепті жариялады: ChatGPT оған рациондағы ас тұзын толығымен натрий бромидіне ауыстыруға кеңес берген: тарихта бұл зат ауыр седативті құрал ретінде қолданылған.
Google AI Overview алгоритмдерінің бассыздығы бұдан кем түспейді: олар суретте әдемі көрінуі үшін пиццаға клей қосу сияқты зиянды кеңестерден бастап, диетологиядағы өрескел қателіктерге дейін қауіпті ұсыныстар беріп келген.
The Guardian басылымының зерттеуі қауіпті медициналық кеңестердің ары қарай жалғасқанын көрсетті: ЖИ жүйелері бауыр функциясының тестілеулері, онкоскрининг және ұйқыбезінің қатерлі ісігі кездегі диеталар бойынша жалған ұсыныстарды жиі генерациялайды. Соның бірінде науқастарға майлардан тегіс бас тартуды ұсынған: бұл шынында клиникалық хаттамаларға мүлдем қайшы келеді.
OpenAI компаниясын сотқа берген флоридалық бұрынғы пастор Скотт Уинтерстің (Scott Winters) оқиғасы бүкіл адамзат үшін дабыл және сабақ болса керек: ер адам өкпе артериясының ауыр тромбоэмболиясы симптомдары кезінде ChatGPT оны ауруханаға барудан айнытқанын мәлімдеді.
Reuters жазғандай, чат-бот ер адамға "көбірек жатып демалуға" кеңес беріп, "Құдай сенің денеңді ақаулы етіп жаратпаған" деген сипаттағы діни-философиялық тіркестерді қарша боратқан. ЖИ-ге сенген шағымданушы шұғыл госпитализацияны кейінге қалдырып, салдарынан ажал құша жаздады.
Кейбір жағдайда сырқатты аман сақтап қалу мүмкін болмаған. Ауыр психикалық дағдарысты бастан кешірген Кристиан Фейт Мэдисонның (Christian Faith Madison) оқиғасы да төбе шашты тік тұрғызады. Әйел жасанды интеллектті "рухани ұстаз" ретінде қабылдаған. Нейрожелі оның сандырақ сенімдерін әрі қарай өршітіп, психотерапевт тағайындаған антипсихотикалық препараттарды ішпеуге үгіттеген. SFGate хабарлауынша, америкалық ана ChatGPT-дің сәуегейлігін орындау үшін ақыры өз-өзіне қол салыпты.
OpenAI айыптауларға жауап ретінде бұл оқиғаларға назар аударғанын, қорғаныс механизмдерін күшейтетінін айтып ақталады, бірақ ЖИ өнімнің диагноз қоюға немесе емдеуге арналмағанын, ол тек білікті дәрігерлік көмекті толықтырушы құрал екенін алға тартады.
Заңды және этикалық кереғарлық – технологиялық корпорациялардың медицинаны реттейтін дәстүрлі заңдарды шебер айналып өтуінде. Өнімнің "медициналық құрал еместігін" жазып қояды, соның кесірінен ол америкалық FDA сияқты реттеушілердің қатаң бақылауына ілікпейді. Медицинаға арналған заңдарға бағынбайды.
Дәрігерге серіктес, бірақ оған балама емес
Барлық елдегі қоғамның зор сұранысына орай медициналық ЖИ нарығы қарқынды өсуде. Бұған терапевттер мен тар салалы мамандардың тапшылығы, медсақтандырудың жоғары құны және кәсіби дәрігерлік тілдің күрделілігі түрткі болып отыр. ЖИ болса, ауруды қарапайым тілмен түсіндіреді, тәуліктің кез келген уақытында, қабақ шытпай жауап береді. Күні бойы, түні бойы тілдессеңіз де қой демейді.
Алгоритмдер сырқаттың ұзақ жыл бойы жинаған медициналық деректерін жүйелеу, күрделі талдау-анализдердің нәтижелерін ұғыну, клиникаға баруға дайындалу үшін тамаша құрал бола алады.
Жаһан жұртшылығы дәстүрлі денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімсіздігінен шаршап, өзінің ең құпия биологиялық сырларын алгоритмдерге өз еркімен беруге ден қойған тарихи бетбұрыс кезеңінде тұр. Бірақ дәрігерлік жауапкершілік жүгін көтеруге технологияның өзі дайын ба? Жоқ.
Медицина қоғамның сенімін ғасырлар бойы қалыптасқан қатал стандарттар мен әрбір дәрігердің жеке жауапкершілігі арқылы жеңіп алды. "Ақ халатты абзал жандар" мейірімнің символына айналды. ЖИ болса, денсаулықтың жай-күйіне қатысты данышпандық болжамды да, өлімге апаратын қателікті де бірдей сенімділікпен ұсына салатын суық әрі тасжүрек механизм болып қала береді.
Бүгінгі әлемде медицина – қатаң реттелетін сала. Дәрігерлер өз диагноздары үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Медициналық ЖИ чаттардың әзірлеушілері "пайдаланушылық келісімшарттар" мен ескертулердің артына жасырынып отыр. Технологиялық сектор "жылдам әрекет ет, мол пайда тап және стереотиптерді қират" принципімен өмір сүріп жатқанда, терапевт және басқа емдеуші дәрігердің рөлін ЖИ-ге толық жүктей салу – қауіпті де қатерлі қадам болар еді.