Әкелі-балалы павлодарлықтар Елтаңба шығарады (Фото)

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3329

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні.

Әкелі-балалы павлодарлықтар Елтаңба шығарады  (Фото)

Бұл кісінің есімі ­- Бекболат Ыбыраев. Баянауылдың тумасы. Егіндібұлақ деген ауылдан. Мамандағы  мұғалім. Кезінде ауыл мектебінде еңбек, сызу, сурет, музыка пәндерінен сабақ берген.  Қазір "Rainbow" компаниясының басшысы. Мемлекеттік рәміздерді өндірумен айналысады.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді өндіруге құқығы бар 30-дан астам компания жұмыс істейді. Соның үшеуі Павлодар облысында тіркелген екен. Соның ішінде Бекболат Ыбыраев басқарып отырған компанияның аты алысқа тараған. Бұл нарықта он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Олардың өнімін Павлодар ғана емес, тұтас республика қолдануда.

Компания 2010 жылы құрылған. Содан бері нарықтың беделді ойыншысына айналды.  

"Мемлекеттік рәміздердің ішінде Елтаңбаны жасау қиын. Оған негізінен хром пайдаланылады. Әуелде жасаған дүниеміз қарайып кетіп, түсін жоғалтып алып жатты. Кейін Ресейге барып, ондағы цехтардың жұмысымен таныстым. Нәтижесінде хромның қараймайтын түрін жасап шықтық", ­– дейді компания басшысы.

Компания өндіріске қажетті шикізатты Қытайдан алдырады. Жалпы, қытайлық тараппен бес жылдық келісімшарт жасалған. Бекболат Ыбыраевтың сөзінше, шетелден әкелінетін материалдар сапалы. Оның үстіне, рәміздерді басып шығаратын қондырғылар да шетелден жеткізілген.

Директордың сөзінше, Қазақстанның Елтаңбасы мазмұны терең, жасалуы өте күрделі. Компания қазіргі уақытта Елтаңбаның 12 сантиметрден бастап 2 метрге дейінгі үлгісін жасай алады. Ал мұнда тәулігіне 200 метр Ту шығарылады.

"Бағасы да қолжетімді. 12 сантиметрлік Елтаңбаның бағасы – 12 000 теңге. Ал 2 метрлік Елтаңба 250 000 теңге тұрады", ­ дейді компания басшысы.

Компаниядан 7 адам жұмыс істейді. Соның бірі – Бекболат Ыбыраевтың өз ұлы. Есімі  Мәди.

"Ауылдан қалаға келіп, мұғалім болдық. Ерлан Арын С.Торайғыров атындағы ПМУ-ді басқарған жылдары мені университеттің колледжіне шақырды. Қолданбалы өнер факультетін ашқысы келді. Бірақ, бұл идея жүзеге аспады. Кейін сыртқы жарнамамен айналысатын агенттік ашып, жеке бизнес бастадым. Қазір ұлым ізімді жалғастырып келеді", – дейді кейіпкеріміз.

Бекболат Ыбыраевтың сөзінше, мемлекеттік рәміздерді өңдіру  өте жауапты міндет. Елдің басты нышанын шығарғандықтан, артылған жауапкершілік те ауыр.

"Мұны қол астымдағы қызметкерлер де жақсы біледі. Сондықтан олар әр іске ыждаһаттылықпен қарайды. Кейбір студенттер бізге келіп, тәжірибеден өтеді. Осылайша, білгенімізді өзгелерге де үйретуге тырысып жатырмыз",  деді компания басшысы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу