Давид Лория осыған орай тараған ақпараттың өзінің кәсіби қызметіне қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Әкесі үшін баласы жауап бермейді. Оның бұған қандай қатысы бар? Ол – ересек адам. Бұл жағдай оған ешқандай әсер етпейді. Егер екеуі бір компанияда жұмыс істесе, мәселе басқаша болар еді, – деді Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков.
Оның айтуынша, Давид Лорияның өзіне қатысты қандай да бір шағым туындаса, комиссия прокуратурамен кеңесіп, құқықтық баға негізінде шешім қабылдайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі "Қызылжар СК" футбол клубының бұрынғы басшысы Григорий Лорияны "бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды" деген күдікпен мемлекетаралық іздеуге жариялаған.
Давид Лория 2025 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан футбол федерациясы президентінің орынбасары қызметін атқарған. 2026 жылдың маусымында бұл қызметтен кеткен.
Ал биыл қазанда "Әділет" партиясы оны Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде ұсынды. Кейін аумақтық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын тіркеді.