Әкім Нұр-Сұлтандағы "алтын квадрат" аудандарды атады

15051

Бұл учаскелердің тұрғындарына өзгеден көп салық салынады. 

Әкім Нұр-Сұлтандағы "алтын квадрат" аудандарды атады   Фото: 2gis.kz

Әдетте әкімқаралар өзі басқаратын елдімекендегі "майшелпек" жер телімдерінің тізімін былайғы жұрттан жасырын ұстайды. Оны жергілікті билікке жақын тұлғалар, шенеуніктер және инвесторлар біледі. Әйтпесе, жерді мемлекеттік қажеттілік үшін алып қойғанда, үй-жер иелері әкімнен не инвестордан көп ақша талап етуі мүмкін.

Алайда бұқара халық та қарап отыра алмайды және риэлторлардың қызметі мен бағасына жүгінеді: жылжымайтын мүлік саудалаушы мамандар қаладағы қымбат үйлерді өздері анықтайды. Бұл ретте ол аудандағы баспананың өтімділігі, мектеп, балабақша, сауда орындары, СОО, бизнес орталықтар, базар, банк секілді күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылымның жақындығы және басқа да факторлар ескеріледі.

Биліктің әр қаладағы "қымбат шаршы метрді" анықтау әдістемесін де білдік.

Игілік пе әлде кемсітушілік пе?

Жалпы, көшуді жоспарламаған, баспанасын сату ниеті жоқ адамдар үшін әкімдіктің бұл тізіміне кіру – қосымша проблема. Өйткені ол төлейтін салық көлемін арттырады. Елорда тұрғыны Арыстанбек Мықтыбаев өзге астаналықтар аз төлеп жатқанда, неге аққұла өзіне елден ерек, жұрттан көбірек салық салынатынына наразы.

"Мүлік салығы 2019 жылдан бері 28–30%-ға өсті. Қалайша әкімдік пен салық органдары үй иесінің, яғни менің келісімімсіз пәтерімнің құнын бағалай алады? Мен мұнымен келіспеймін! Салығы көбірек болатындай Бараев көшесінің несі ерекше?! Оның астында алтын жасырылып па? Аймаққа бөлу коэффициентін арттыратындай, бұл көшеде нендей бірегей жәдігер орналасқан? Елорданың ескі орталығындағы шағын ғана көше. Онда негізінен ескі, 5–10 қабатты тұрғын үйлер мен жер үйлер орналасқан", – дейді А.Мықтыбаев.

Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталықта оның әпкесі тұрады екен.

"Ол жаңа аудан, зәулім үй. Заманауи инфрақұрылымы бар, тіпті инженерлік-коммуникациялық желілері де су-жаңа. Бірақ оларда мүлік салығы төмен. Оның үстіне көлемі жыл сайын азайып келеді. Ал Бараев көшесінің салығы ғарышқа өрлеп барады. Әкімдік біздің үйге сонша салық жүктердей не еңбек сіңірді? Барлық проблеманы КСК-мыз тұрғындар қаржысы есебінен шешеді. Эксплуатациялық шығындар да, нысаналы жиналымдар да біздің мойнымызда. Соған қарамастан, салыққа амортизация да, мүліктің физикалық тозуы да әсер етер емес", – деп қамығады Арыстанбек Мықтыбаев.

Құнды жерде тұрғаныңызға қуаныңыз

Мұндай шағымдарға Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жауап қайырды.

"Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының ақпаратынша, Салық кодексіне сәйкес, салық салынғанда аймаққа бөлу коэффициенті (АБК) басшылыққа алынады. Бұл коэффициент салық салу нысанының орналасқан жеріне қарай өзгереді. АБК-ны уәкілетті органның келісуімен жергілікті атқарушы органдар тиісті әдістемеге сай бекітеді. Нұр-Сұлтандағы салық салу объектісінің орналасқан жерін ескеретін аймаққа бөлу коэффициенті қала әкімдігінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы №510-69 қаулысымен бекітілді", – деді өз блогында А.Көлгінов.

Ол құжатқа сәйкес, Бараев көшесіне ең жоғарғы баға – 2,3 коэффициенті белгіленді. Салыстыру үшін айтсақ, сол жағалаудағы "Үркер" тұрғын алабында немесе Н.Назарбаев халықаралық әуежайы маңындағы аумақтарда коэффициент небәрі 1,5-ке ғана тең.

Айта кету керек, Қазақстандағы барлық қалаға қатысты "Елді мекендегі салық салу объектісінің орналасқан жерін ескеретін аймаққа бөлу коэффициентін" 2016 жылғы 28 қаңтарда сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бекітіп кеткен.

"Жалпы, астанада Пушкин көшесінің (Гумилев) жұп жағы – Кенесары көшесі, Жастар шағын ауданы, Кравцов – Ташенов, Таха Хусейн, Республика даңғылы, Бараев көшесі аумағы жоғарғы 2,3 коэффициентіне тең. Оны өзгерту мәселесіне келсек, Салық кодексінде қолданыстағы АБК-ны қайта қарау мерзімділігі қарастырылмаған. Нысанның салық салу құнын анықтау кезінде осы коэффициент қоса пайдаланылады. Бұдан бөлек, баспананың шаршы метрі, пайдалы алаңы, физикалық, функционалдық тозу коэффициенті және АЕК ескеріледі", – деді Нұр-Сұлтан басшысы. 

Оның айтуынша, АБК – сол аумақтың құндылығын көрсетеді. Оны есептеу кезінде билік бірнеше факторды назарға алады: біріншісі – ауданның қала орталығына жақындығы. Екіншісі – орталықтандырылған инженерлік жабдықтармен қамтылуы, абаттандырылуы, сондай-ақ көліктік қолжетімділігі. Үшіншісі – бағалау аймағының ішінде қалалық маңызы бар қызмет көрсету нысандарының (мектеп, балабақша, банк, басқасының) болуы. Төртіншісі – ерекше құқықтық мәртебесі бар аймақтарға кіруі. Бесінші фактор – қоршаған ортасының ахуалы, санитарлық және микроклиматтық жағдайлары. Алтыншысы – құрылыстың инженерлік-геологиялық шарттары; табиғи және өзге де күйретуші әсерлер қаупінің дәрежесі.

Әкімдік осының негізінде елорданың ең құнды жерлерін анықтады.

Нұр-Сұлтан қаласында мына аудандар "алтын квадратқа" жатады:

Сол жағалау:

1.  Есіл өзені – Тұран даңғ. – Қабанбай батыр даңғ. – 23 к. (Шұбар т.а., Сарайшық, к. Орынбор к., Д.Қонаев к., Достық к., Сауран к., Түркістан к., Сығанақ к., Ақмешіт к., Алматы к., 36 к. ауданынан бастап, Министрлер үйі ауданында, 23 к.) Керей Жәнібек хандар к., солға қарай Т.Рысқұлов.

2. Есіл ауданы, Тәуеліздік к. және Түркістан к. қиылысы ауданы.

3. Қабанбай батыр даңғ. бастап Мәңгілік ел көшесі аралығы.

4. Алматы көшесі.

5. Арай көшесі.

6. Ақмешіт көшесі.

7. "Нұржол" сулы-желекті бульвары.

8. Қабанбай батыр даңғ. – Қорғалжын тас жолы, Тұран даңғ. және Сарайшық к. участкісі.

9. Дінмұхамед Қонаев көшесі.

10. Достық көшесі.

11. Керей, Жәнібек хандар көшесі.

12. Шұбар шағын ауданы.

13. Орынбор көшесі.

14. Сығанақ көшесі.

15. Сарайшық көшесі.

16. Сауран көшесі.

17. Түркістан көшесі.

18. Тұран даңғылы.

19. Хусейн бен Талал көшесі және басқа жекелеген нысандар аумағы.

Оң жағалау:

1. М.Ғабдуллин көшесі – Ш.Иманбаева көшесі ауданы.

2. Республика даңғылы.

3. Есіл өзені жағалауынан – Кенесары к. – Республика даңғ. аймағы.

4. Пушкин к. (Гумилев) жұп жағы – Кенесары к., Жастар шағын ауданы (Молодежный), Кравцов к., Ташенов к., Таха Хусейн к., Республика даңғ. (жұп жағы Сейфуллин к. дейін), Бараев к. дейін.

5. Тұрар Рысқұлов көшесі.

6. Астрахан тұйығы (орамы).

7. Ағыбай батыр көшесі.

8. Балқаш (Балкашинский) тұйығы.

9. Шығанақ көшесі.

10. Жұмабек Ташенов көшесі.

11. "Самал" шағын ауданы.

12. Есіл тұйығы.

13. "Жастар" шағын ауданы.

14. "Жастар" гараж кооперативі.

15. Балочная көшесі.

16. А.Бараев көшесі.

17. Горький көшесі.

18. Грязнов көшесі.

19. Западная көшесі.

20. Ирченко көшесі.

21. Киров көшесі.

22. "Косой" тұйығы.

23. Косыгин көшесі.

24. Красная көшесі.

25. Репин көшесі.

26. ДЭУ-3 көшесі.

27. А.Петров көшесі.

28. Узкая көшесі.

29. Грейдерная көшесі және басқа нысандар.

Жанат Ардақ

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу