Әкімдердің қарапайым таксимен жүруі қымбатқа түсуде

10343

Әр мемлекеттік мекеменің такси жалдау шығыны айына – 1,3 миллион теңге.

Әкімдердің қарапайым таксимен жүруі қымбатқа түсуде

Жергілікті шенеуніктерді төл автопарктен таксиге көшіру бастамасын Нұр-Сұлтан әкімдігі бастаған болатын. Елорда басшылығының мәліметінше, әкімдік аппараты қызметтік көліктің орнына такси қызметін пайдалана бастағалы бюджеттің көлік қызметіне кететін шығыстары шамамен 40%-ға үнемделіпті.

Көкшетаулық қоғам белсендісі, арнайы мониторинг тобының басшысы, заңгер Хасан Ерденов осы тәжірибені Ақмола облысында енгізуге күш салып жүр.  

"Биылғы қаңтар айында біздің өңірдің барлық шенеунігін таксиге отырғызу мәселесін көтеріп, өтініш жібердім. Сонда іргедегі елорда сияқты біраз ел қаржысы үнемделер еді. Әйтпесе, қызметтік көлік болған соң, оны өзі қолданып қана қоймай, әйелін, баласын, басқасын таси береді. Тек жүргізушінің актісіне жұмыс бабымен жүрдім деп қол қоя салса, жетеді. Ал таксидің жүретін бағыты тіркеледі. Жыл басында облыс әкімінің аппараты қызметтік машиналардан бас тартып, таксиге көшудің тиімділігіне талдау жүргізіліп жатқанын хабарлап, жауап жіберді. Талдау аяқталған соң, қорытындысын сізге хабарлаймыз деген. Содан бері тым-тырыс жатып алды", – дейді белсенді.

Жауап күте, шыдамы таусылып, қайта жазған екен.

"Жауап келді, талдау нәтижесі болса керек. Бірақ ондай талдауды бірер сағатта жасап тастауға болатын еді. Біздің өңірде оған 8 ай кетті. Хаттан түсінгенім, шенеуніктердің салық төлеушілердің қаражатын үнемдеуге еш ынта-ықыласы жоқ көрінеді. Бұл мәселені облыс басшысының өзі жеке бақылауына алсын. Білікті басшы ғой", – дейді ол.

Осы идея жүзеге асса, жергілікті тасымал бизнесінің гүлденуіне ықпал етуі мүмкін.

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев шенеуніктерді такси көмегімен тасымалдау жүйесіне көшуге қатысты қоғамнан келіп түскен ұсыныстар шынында да қаралғанын хабарлады. Алайда одан бас тартуға ұйғарылыпты. Себебі, бюджеттік жүйе "бюджет қаражатын тиімді жұмсап, мейлінше аз шығын шығару қағидатына" негізделген. 

"Меморгандардың такси жалдау арқылы көлік қызметтерін сатып алуына қатысты есептемелер жүргізілді. Есептеу көрсеткендей, бұл бюджет шығыстарының әлдеқайда көп болуына әкеледі. Салыстыру үшін жергілікті "Әлем такси" қызметтері есепке алынды. Оның диспетчерлік қызметі және өз автомобильдері бар. Сондай-ақ тасымалдауға шығар алдында автокөліктердің жай-күйін тексеретін техникалық бөлімге ие. Оның жүргізушілері рейс алдында білікті медициналық қызметкердің тексеруінен өтеді", – дейді Ермек Боранбайұлы.

Сонымен "Әлем таксидің" әкімдікке ұсынған тарифтері бойынша Көкшетау қаласының ішінде 1 шақырым жүрістің құны күндізгі уақытта – 45 теңге тұрады, ал жол қозғалысы шырқау шегіне жеткенде, 49,5 теңгеге дейін қымбаттайды екен. Бұған 300 теңге күту және отырғызу ақысы қосылады.

"Қызметтік жеңіл көліктердің әрқайсысының қолданыстағы жүріс нормасы жылына 40 мың шақырымды құрайды. Соны назарға алсақ, такси қызметін қала ішінде пайдалану ай сайын 237,6 мың теңгеге түспек. Ал қолданыстағы нормаларға сәйкес, мемлекеттік мекеменің автомобилді ұстап тұру шығыстары айына 136,1 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға сонымен қатар жанар-жағармай материалдарын, майларды, қосалқы бөлшектерді сатып алу, жүргізушінің жалақысын төлеу кіреді", – деді Ақмола облысының басшысы.

Такси қызметі "40 мың шақырым" деген норма кесірінен тиімсіз болып отыр. Осынша сан қайдан шыққан? Ауыл-аймақтағы әкімқаралар жұмысының көп уақытын жолда емес, кабинетте өткізеді ғой.

Облыс әкімі жергілікті шенеуніктерге алыс ауылдарға баруға тура келетінін алға тартты.

"Облыстық басқармалар жыл бойы өңірдегі ауыл-кенттерді, әртүрлі елдімекендерді аралауы қажет. Мұны ескерген жөн. Біздің облыста 17 аудан мен облыстық маңыздағы 2 қала бар. Олар жалпы ауданы 146 мың 219 шаршы шақырымда шашыла орналасқан. Бізді астанамен салыстыруға болмайды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне тек 4 аудан ғана кіреді. Олар небары 722 шаршы шақырымда орын тепкен. Атқарушы және орталық меморгандардың бәрі қала ішінде, орталығында орналасқан. Сондықтан оның мемлекеттік мекемелеріне, тіпті, іссапарлық шығыстар көзделмеген. Ал бізде "Әлем таксидің" қала сыртындағы қызметінің құны 1 шақырым үшін күндізгі уақытта 100 теңгені, ал сұраныс жоғары уақыттарда 115 теңгеге дейін барады. Бұған 300 теңге отырғызу ақысын қосыңыз", – деді Ермек Маржықпаев.

Оның байламынша, егер облыстық шенеуніктерді ақылы тасымалдауға көшірсе, олар аудандарға сапары үшін такси жалдауға ай сайын 1 миллион 371,8 теңге шығындайды. Мұның сыртында "ұзаққа созылатын іссапарлар кезінде такси жүргізушісінің қонақүйде тұруына, тамағына, күту уақытына және басқа да шығыстарына қаржы жұмсауға тура келуі" мүмкін. Әйтпесе, кей ауылдар орталықтан келген лауазымды тұлғаны таситын көлік таппауы ықтимал.

Мемлекет болса, облыстағы мекемелердің жүргізушілеріне әр іссапарға бюджеттен 342,4 мыңнан 508,6 мың теңгеге дейін қаражат бөледі екен. Рас, бұл сомаға жүргізушінің жалақысы және жанар-жағармай ақысы қосылмаған.

"Осылайша меморгандардың автокөліктерін ұстап тұру шығынына қарағанда анағұрлым қымбатқа түсетінін ескере отырып, такси қызметін пайдалануды орынсыз, әрі бюджет заңнамасы қағидаттарына қайшы келеді деп санаймыз", – деді облыс әкімі.

Пандемия жағдайында такси қызметі барлық жерде қымбаттап бара жатыр. Демек Көлгінов командасының "инновациясы" өзге өңірлерге өріс жаймайтынға ұқсайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу