banner

Әкімді жазалай беріп, жасық қылып алмайық!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3193

Қаржыны игере алмаудан қорқатын кей мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы орган қажеттісінен аз қаржы сұрауға дағдыланады.

Әкімді жазалай беріп, жасық қылып алмайық!

Шенеуніктер мен әкімқаралар тек "тыйым салу мен жазалау жүйесін" ғана жақсы түсінеді, тиісінше, олардан қандай да бір тиімділік пен тегеурінді қимыл қажет болса, осы жүйенің барлық "аспабы мен құралы" толығымен қолданылуы керек". Біз әңгімелескен сарапшылар осылай дейді. Дәл осы ойды жақында "Атамекен" КҰП басшылығы да білдірді.

Мұны үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та жақсы түсінетінге ұқсайды. Сейсенбі күні өткен үкімет отырысында ол осы "құралдарды" батыл іске қосты. Премьер нақты іс жасаудың емес, сол істің неге жасалмағанын түсіндірудің шебері болып алған өңір басшыларының ақталған сөздерін күрт үзіп, "екі елі ауызға төрт елі қақпақ" қойды. Сондай-ақ қаржы министріне қажетті қаржыға деген сұранысты рәсімдеуде және кейін оны игеруде кешігіп жүретін әкімдерді шөміштен қағуды тапсырды.

Үкімет жетекшісі "Нұрлы жолдың" қаражатының бір бөлігі нысаналы жеріне бармай, әр жаққа "лақтырылып", қақпақылға түсіп жатқанын, тағы бір бөлігі сол қалпы игерілмей қалғанын білгеннен кейін осындай қатал қадамға барды. Өйтпеске амал жоқ, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын елбасының өзі назарда ұстап отыр.

Дәл осы бағдарлама аясында алдағы үш жылда жалпы сомасы 1,7 трлн теңге тұратын ұзындығы 4,4 мың шақырымдық автожол төселеді; миллиондаған шаршы метр қолжетімді тұрғын үй салынады; апатты және үш ауысымды мектептерді келесі 2018 жылы толық жою үшін мектептер, балабақшалар бой көтереді; бизнес нысандары мұқтаж болып отырған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылады. Мәселен 2016 жылы 35 бюджеттік инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 77 шағын және орта бизнес субъектісі осындай инфрақұрылыммен мемлекет есебінен қамтамасыз етілген.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мемлекет басшысының өзі жолдауында оң бағалаған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы – Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі локомотиві және ол "автожол, тұрғын үй құрылыстарына, сонымен қатар әлеуметтік салаға зор серпін беріп отыр". Оны іске асырудың арқасында тек былтырдың өзінде 105 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Бір қынжылтатыны, қалың бұқара мен кәсіпкерлерге, мемлекеттің өзіне мол пайдасын беріп отырған "Нұрлы жолға" тиісті дәрежеде мән бермейтін басшылар да бар сияқты.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаражат 2016 жылы жергілікті деңгейде тек 98,7%-ға ғана орындалған.

Яғни 3,2 млрд теңге, соның ішінде Ұлттық қордан бөлінген трансферт бойынша 2,9 млрд теңге, ал кредит бойынша 0,3 млрд теңге қажетке жаратылмады. Рас, оның 900 млн теңгесі үнемделген.

"Игерілмеген ең көп қаржы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының үлесіне тиесілі. Нақтырақ айтар болсақ, 856,7 млн теңгені Ақмола облысы Бұланды ауданында индустриялық инфрақұрылым салу бойынша өтпей қалған конкурстар мен орындалмаған жұмысқа байланысты игермеді. 354,5 млн теңге Қостанай қаласында индустриялық аймақ құру жөніндегі жоспарланған іс-шараның уақтылы өткізілмеуі себебінен іске жаратылмады. 181,1 млн теңгені Солтүстік Қазақстан облысы инженерлік желі салу жөніндегі орындалмаған жұмыс пен жұмыстың кестеден кешігуіне байланысты игерусіз тастады. Тағы 170,2 млн теңге Қарағанды облысының еншісінде: бұған инженерлік коммуникация салу жөніндегі техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржы-экономикалық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы түзету және жоспарланған іс-шараның уақтылы өткізілмеуі себеп болды", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен бірге басқа да сорақы жайлар анықталып отыр.

"Атырау мен Павлодар облыстарының әкімдіктері тыйым салғанына қарамастан, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көзделген Ұлттық қор қаражатын инвестициялық жобаларға бөліп жіберген. Бұл бюджет заңнамасының бұзылуы және ол соманы республикалық бюджетке 2017 жылдың 1 наурызына дейін аудару қажет. Алайда 2017 жылдың 14 ақпанына дейін жергілікті атқарушы органдар қаражатты қайтарған жоқ!", – деп үкімет басшысына шағымданды қаржы министрі. Дегенмен ол мақсатты жеріне жұмсалмай, өзге жаққа бағыт алған ел қаржысының ізінен тексерушілер мен тергеушілердің аттанған-аттанбағанын нақтыламады.

Қаржы министрлігінің "ревизорлары" 2016 жылы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген, жалпы сомасы 221 млрд теңге тұратын 420 мемлекеттік сатып алу рәсімін камералық бақылаумен қамти алыпты. Мұның ауқымын түсіну үшін айта кетейік: өткен жылы бұл мемлекеттік бағдарламаға бюджеттен, заемдардан, Ұлттық қордан барлығы 739 млрд теңге бөлінді. Аудиторлар тендерлер барысында осы алапат қаржы ағынының үштен біріндейінің ғана талан-таражға түспеуін бақылай алған.

Әрине, тексерушілердің өз ісіне қаншалықты адал қарағандығын тек олардың ар-ұяты және ішінара коррупциямен күресуші ұлттық бюро ғана біледі. Бір айтарлығы, осы 221 миллиардтың біраз бөлігі "тістегеннің аузында, ұстағанның қолында" кете жаздапты. Қаржы министрлігі 55 млрд теңгені орнына қою үшін ескерту жасаған.

"Мемлекеттік аудиттен өткен нысандар анықталған заң бұзушылықты жойды. 17 млрд теңгенің мемлекеттік сатып алу қорытындысы қайта қаралды. 38 млрд теңге тұратын мемлекеттік сатып алу тоқтатылды", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Мекемеге қарасты бақылаушы-қадағалаушы құрылымдар "Нұрлы жол" жобаларын іске асырушы 54 бас мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарға да камералық бақылау жүргізіпті. Көріп, білгендерінен тексерушілердің көздері тас төбелеріне шыға жаздапты! "Олардың сенімсіз компаниялармен, атап айтқанда, жұмыс істемейтіндермен, қосымша құн салығы есебінен алып тасталғандармен, тіркеуі жарамсыз деп танылғандармен және сот "жалған кәсіпорын" деп танығандармен тауар жеткізудің, жұмысты орындаудың және қызмет көрсетудің 1-4-сатысында өзара есеп айырысқаны белгілі болды", – дейді Қаржы министрі.

"Құмда ізі, сайда тасы" қалмаған ел қаржысының көлемін білгенде, төбе шашың тік тұрады. "2015 жылдан бастап, 2016 жылдың соңына дейінгі кезеңде 627 компанияның әлгіндей сенімсіз өнім жеткізушілермен есеп айырысуының айналым сомасы 597,5 млрд теңге болды. Мұндағы корпоративті табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша мемлекет шамамен 191,3 млрд теңгені жоғалтты", – деп бас шайқады Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда салық тексеруінің нәтижесінде 38,2 млрд теңге қоса есептелді. "Күмәнді кәсіпорындарды қосылған құн салығы бойынша есептік тіркеуден алып тастау, сондай-ақ сенімсіздік белгілері бар жаңа контрагенттерді анықтау жөніндегі жұмыс жалғасады, олар жөніндегі хабарламалар қалыптастырылып жатыр", – дейді бас қаржыгер.

Ол өзге мемлекеттік органдардан және әкімдерден "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында шұғыл түрде барлық қажетті шараны қолдануды және бюджеттік рәсімдердің уақтылы өткізілуін бақылауға алуды сұрады. "Қаржы министрлігі қаражатқа мониторинг жүргізу мен оның жұмсалуын бақылау жұмысын жалғастырады", – деп сендірді ол.

Ел қазынасына қол сұққан адал емес, қарау компаниялармен құзырлы-қудалаушы органдар айналысар. Сондықтан үкімет басшысы өздеріне сеніп тапсырылған өңірлерде қаржылық тәртіп орната алмаған әкімдерге шүйлікті.

"Өткен жылғы қыркүйекте 9 айдың қорытындысын қарағанда әкім мырзалар жыл аяқталғанша барлық қаржы толық ауқымда игерілетініне сендіріп бақты. Бірақ қазір байқап отырғанымыздай, қаражат біраз жерде толық игерілмеген. Бұл жерде тендердің уақтылы өткізілмеуі немесе басқа да себебі маңызды емес. Қаржы бөлінді, бірақ игерілмеді, демек, халыққа тиісті қызмет көрсетілмеді. Бұл – жаман!", – деген Бақытжан Сағынтаев қаржы министріне бұрылды:

"Тәжірибеге енгізіңіз! Егер жыл соңында өңірлер үлкен қаржы сұратса, бермеген дұрыс болады. Егер тендерді уақтылы өткізбей, игермейтін болса, бұл жағдай тексеруші органдар қырына іліксе, жыл аяқталар тұста миллиард бөлудің қанша қажеті бар?! Күтсін, жаңа жыл басталған соң алсын да, тиісті дәрежеде игерсін!", – дейді премьер.

Миллиондаған қаржының неге игерілмегенін түсіндірген облыс әкімдерінің ақталған сөздері ұқсас болып шықты. Мәселен Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бюрократиялық сергелдеңнің құрбаны екенін айғақтай келе, өз басынан кешкен қиындықтарын премьерге бұдан бұрын жеке әңгімелегенін есіне түсірді.

"Жыл басында сұратқан ақша жыл соңына қарай үш лотқа бөлініп түсті. Біріншісі – 411 млн теңге су құбыры жүйесіне, екіншісі – 300 млн кәріз жүйесіне, ал үшіншісі – энергетика саласына арналды. Бірінші лот бойынша конкурс өткізіп, қараша айының ортасынан бастап, жұмысқа кірістік. Екінші лот бойынша екі рет тендер өткізуге тура келді. Біріншісінде қаржы бақылау органы тендердің дұрыс өткізілмегенін нұсқады, тиісінше, қайталай ұйымдастырдық. Салдарынан, желтоқсаннан бастап іске кірісе алдық. Энергетика бойынша екі конкурс өткізіп едік, екеуін де қаржы бақылау органы тоқтатып тастады. Қазір бұл істер сотта жатыр. Бәріне қаржының кеш бөлінуі әсер етті", – деп бастырмалатты Сергей Кулагин.

Бұл үкімет жетекшісінің ашуын туғызды, ол әкімнің сөзін кілт үзді және әрі қарай тыңдағысы келмейтінін анық аңғартты:

"Әкімдердің есебіне сенсек, ақырында менің өзім кінәлі болып шығамын, солай ғой? Өйткені олардың бәрі бұған дейін игерілмейтінін маған хабарлаған, баяндаған, "онда енді неге таң қаласың?" дегенге келтіреді. Мен мұны осылай түсінемін. Олай болса, бұдан былай менен ақша сұрамаңдар! Игере алмайды екенсіңдер. Сәйкесінше, маған алдын-ала кіріп, ақшаны игере алмайтындарың жөнінде күні бұрын ақпараттандырудың да қажеті жоқ!", – деп шарт түйген Бақытжан Сағынтаев мұның барлық әкім мен министрге қатысы барын нықтады.

Премьер-министр қаржы министріне қатаң әрекет етуге кеңес берді: әйтпесе, әкімқаралар инженерлік коммуникацияның құрылысы кешіккенін бүркемелеу үшін оны "техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржы-экономикалық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы түзету" деген сипатта ұсынады екен.

"Бақыт Тұрлыханұлы, қайта-қайта түзетіле беретін мұндай жобаларға қалайша қаржы бөліп жүрсіз? Ақшаны алады да, артынан барлығына тегіс түзету енгізе бастайды. Сіз мемлекет басшысынан ескерту алдыңыз! Қатаң қимылдаңыз!", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Таяудағы үкіметтің кеңейтілген отырысында елбасы қаржы министріне: "Саған мемлекеттің қазынасы, әмияны сеніп тапсырылған, ал сен болсаң, оны оңды-солды таратып жатырсың!", – деп реніш білдірген болатын.

Үкімет отырысында бюджеттік заңнаманы бұзбау және қаржылық тәртіпті орнату мәселесін бірінші вице-премьер Асқар Мамин жеке бақылауға алатын болды.

Сарапшылар "шағын патшалықтың қожайынына" айналып кеткен әкімдерді қаржыдан қағу арқылы тәртіпке келтіруге Сағынтаевқа дейінгі премьерлер де күш салып көргенін еске салады. Мәселен Кәрім Мәсімов те осы идеяны ұзақ жыл ілгерілетіп көрді. Одан бұрын да үкімет басқарған тұста Даниал Ахметовтің әкімдерге айтқан атақты сөзі есте: "Жыл басында қыруар қаржыны қарпып аласыңдар, ал жыл соңында менің алдыма келіп, "домбыра тартасыңдар"!" деп ол бюджет жырының таусылмайтынына қапаланған-тын. Шекспир трагедиясының басты кейіпкері Гамлет ұқсап, үкімет "бөлу не бөлмеу?" деп бас қатыра бермей, бұл мәселені біржақты еткені абзал.

"Атамекен" палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, шенеуніктер тек жазалау мен сыйақы алу жүйесін ғана түсінеді.

"Елбасы өзінің биылғы 20-жолдауында өңірлер мен қалалардың рейтингін жүргізуді тапсырды. Шынайы, объективті рейтинг түзіледі және ол әкімдердің қызметін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Кім рейтингте көш бастаса, сыйақы алады, ал кім көш соңында қалса, жазалау қажет. Өз орынтағында қалу-қалмау рейтингіне байланысты болса ғана әкімдер бұл мәселеге шындап ден қояды. Басқаша болмайды, шенеуніктер тек осындай жүйені ғана түсінеді. Рейтинг шындық аулынан алыс қонбауы үшін оны құруға сарапшылар, депутаттар, халық тартылуы керек. Рейтинг қорытындысында ынталандыру немесе керісінше, жазалау сипатындағы тиісті шаралар қабылдануға тиісті", – дейді Абылай Мырзахметов.

Халықаралық Penny Lane компаниясының заңгерлік департаментінің басшысы Сергей Поправка abctv порталына берген сұхбатында посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдің шенеуніктері бюджет қаржысын игеруді басты көрсеткіш ретінде қабылдағанын, бұл тәжірибеден кетпей, мемлекет дамымайтынын айтады.

"Бюджет қаржысының босқа шығындалуы немесе қажетті жеріне жұмсалмай қалуы – мемлекеттік басқару құрылымының тиімсіздігінен, басыартық мемлекеттік функциялардың көптігінен туындайды. Оның үстіне шынында, қаржыны игеру шектен тыс бюрократияландырылған. Қаржыны игере алмаудан қорқатын кей мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы орган қажеттісінен аз қаржы сұрауға көшеді. Мұндай сақтық сайып келгенде, елге қажетті инфрақұрылымның толық салынбауына, экономиканың қарқынды дамымауына әкеп соғады. Демек, қаржының тиімсіз жұмсалуы немесе игерілмей қалуы үшін жазалай отырып, сонымен бірге биліктегілердің әрекетсіздігі мен батылсыздығына да назар аударған жөн", – дейді сарапшы.

Маман сөзін қаржы министрлігінің ақпараты растай түседі: "Кредиттік тұрғын үй салуға мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырудан түскен 38,2 млрд теңгенің барлығы жергілікті бюджеттің кірісіне түсті. Сонымен бірге бұл қаражаттың барлығы шығысқа бағытталған жоқ. Атырау облысының мәслихаты өз шешімімен мемлекеттік бағалы қағаз шығарудан алынған қарыз деңгейінен тұрғын үй салуға арналған шығыстың жылдық көлемін 0,7 млрд теңгеге аз бекітті. Осы арқылы өңір 100% қаражат игеруді қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары жалпы алғанда 0,6 млрд теңгені игермеді", – деп хабарлайды мекеме.

Жақында үкіметтің кеңейтілген отырысында елбасы: "қорқақ болсаңдар, неге министр болуға ұмтыласыңдар!", – деп қайраған еді. Ендеше, үкімет басшысы да: "әкім, батыл бол, халыққа жақын бол!", – деп талап еткені жөн.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу