"Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" жаңа заң бірден 5 ескі заңның "түбіне" жетті. Ол қолданысқа енгізілісімен, "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы" сонау 1996 жылдан бергі заңның, "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" 2004 жылғы заңның, сол жылдан бері күшінде болған "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" заңының күші жойылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сондай-ақ 2009 жылғы "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" және 2010 жылғы "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңдар тарих қойнауына кетті.
Патриотизм, әлде табыс көзі: ерікті көмекшілер қалай марапатталады?
Жаңа "суперзаңға" Президент 2025 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған болатын, алайда ол 60 күндік өтпелі кезең өткен соң, биылғы сәуірде ғана ресми түрде қолданысқа енгізілді. Соған қарамастан, құжаттың толыққанды іске асуы бұдан да ұзаққа созылды, өйткені ол толыққанды өмірге жолдама алуы үшін қаптаған нормативтік-құқықтық қаулыларды қабылдау қажет еді. Олардың толық тізімі "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Премьер-министрінің 2026 жылғы 13 ақпандағы №16-ө өкімімен бекітілді.
Реформаның ауқымын осының өзінен-ақ аңғаруға болады. Бір ғана "суперзаңды" жүзеге асыру үшін 48 қаулы әзірленіп, түрлі келісімдерден өткізіліп, қабылдануы қажет болды. Бұдан бөлек, Қазақстан балаларының құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілетті органдар, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар сияқты жаңа құрылымдар құрылды.
Бұл жұмыс жалғасуда: барлық облыстар мен үш мегаполистің әкімдіктері "Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидаларын, түрлерін және мерзімдерін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақы мөлшерлерін бекіту туралы" әкім қаулысын әзірлеп, бекітіп жатыр. Аты айтып тұрғандай, бұл құжаттар полицияға және басқа да құқық қорғау органдарына көмектескен азаматтарға сыйақы беруге, сондай-ақ қоғамдық көмекшілер институтын күшейтуге бағытталған.
Мәселен, Астанада қоғамдық көмекшілерге олардың белсенділігіне қарай 34 600 теңгеден 86 500 теңгеге дейін сыйақы төлеу жоспарланған. Алайда бұл төлем тоқсанына бір реттен артық берілмейді. Бұл жөнінде бұған дейін Астана қаласы полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаев Марат Өмірбаев мәлімдеді.
Мәжілістің бұрынғы депутаты Болат Керімбектің түсіндіруінше, жаңа заңның басты жаңалықтарының бірі – тек тәртіп сақшылары ғана емес, енді барлық құқық қорғау органдары төл қоғамдық көмекшілері топтарын қалыптастыра алады. Заңнамаға сәйкес, құқық қорғау органдарына прокуратура, ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі жатады. Сонымен бірге Ұлттық ұлан мен әскери-тергеу органдары да қоғамдық көмекшілерінің әлеуетін пайдалана алады.
"Бұған дейін қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қоғамдық көмекшілерді тек ішкі істер органдары ғана тарта алатын. Ал, жаңа заң барлық күш құрылымдарына осындай мүмкіндік берді. Қоғамдық көмекшілер алғыс хаттармен, сыйлықтармен, мемлекеттік наградалармен, құрметті атақтармен және ақшалай сыйақылармен марапатталатын болады", – деді экс-депутат.
Әйтсе де, басқа құқық қорғау органдары бұл институтты енді ғана қалыптастыра бастады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл заң қабылданғанға дейін республика бойынша 20 мыңнан астам қоғамдық көмекшісі тіркелген. Олардың көмегімен бір жылда 300-ден астам қылмыс ашылды, 15 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. 2025 жылы оларға сыйақы төлеуге 128 миллион теңге бағытталған.
"Қоғамдық көмекшінің атқарған жұмысы үшін біз сыйақы беруге ұсыным жасаймыз. Бірақ бұл жалақы емес. Қоғамдық көмекшінің куәлігі болғанымен, ол ай сайын еңбекақы алмайды. Бұл іске қоғамға пайда келтіруді көздейтін, патриот азаматтар келеді. Егер көмекші нақты нәтижесімен дараланса, алдымен оған әкімшілік баға беріледі, содан кейін ұсыным жасалады. Әкімдіктердегі комиссия мәселені қарап, сыйақы сомасын бекітеді. Егер қоғамдық көмекші резонансты қылмыстарды ашуға немесе басқа құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектескісі келсе, оған ешқандай шектеу жоқ", – деп түсіндірді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Енді әрбір құқық қорғау орғаны өз қоғамдық көмекшілерін грамоталармен, тіпті сыйлықтармен марапаттай алады. Ал, көмекшілердің қалай жұмыс істейтіні, қандай сыйақы алатыны ведомстволық бұйрықтармен реттеледі. Мұның барлығы "Заң мен тәртіпті" орнықтыруға жұртшылықты кең жұмылдыруға бағытталған.
Заңға сәйкес, құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын қоғамдық көмекшілерді көтермелеу шараларына мыналар жатады:
- алғыс жариялау;
- грамотамен наградтау;
- ақшалай сыйақы төлеу;
- білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу;
- ұйымға, кәсіпорынға көтермелеу туралы ұсынулар жіберу;
- құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан адамдар үшін мемлекеттік наградамен және құрметті атақпен наградтау туралы ұсыныстар енгізу жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің өзге де шараларын қолдануға құқылы. Көтермелеу мәселелері меморгандардың ұсынуы бойынша азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссияда қаралады. Ең қызығы, бұл мүмкіндік тек куәлігі бар қоғамдық көмекшілермен шектелмейді.
"Егер қоғамдық көмекшілер ретінде жергілікті атқарушы органдарда тіркелмеген азаматтар құқық бұзушылықтың алдын алуға, жолын кесуге немесе оны ашуға ықпал етсе, комиссия осы заңда белгіленген тәртіппен оларды да көтермелеуге құқылы. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсiнiң фото- және бейнежазбасын қоса бере отырып уәкiлеттi органдарға хабарлама жiберген азаматтар ҚР заңнамасына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi бойынша құқық бұзушыдан өндiрiп алынған айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен көтермеленуi мүмкiн", – деп жазылған осы заңның 47-бабында.
Полицияның "қоғамдық қолғанаттары": кім көмекші бола алады?
Жаңа заң төңірегіндегі ең қызу пікірталастардың бірі қоғамдық көмекшілердің өкілеттіктеріне қатысты өрбіді. Құқық қорғаушылардың тұжырымдауынша, биылдан бастап профилактика мақсатында қарапайым азаматтарға белгілі бір жағдайда полиция атынан күш қолдануға рұқсат берілді. Яғни, қоғамдық көмекшілер бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды өкілеттікке ие болды. Кей сарапшылар мұны мемлекет күш құрылымдарының жекелеген функцияларын қоғам өкілдеріне бере бастады деп бағалайды.
Бұл ретте полицияның "қоғамдық қолғанаттарының" біліміне қатысты арнайы талаптар жоқ. Бірақ енді ішкі істер органдары оларды учаскелік полиция пункттерінің базасында құқықтық даярлықтан өткізуге тиіс.
Жалпы, Қазақстанда қоғамдық көмекшілер институты жаңадан пайда болған жоқ. Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға бұрыннан тартып келеді. Бірақ биылдан бастап олардың мәртебесі мен өкілеттіктері айтарлықтай кеңейді. Полицияның "серіктестері" құқық қорғау органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауға қатыса алады. Оларға арнайы куәліктер де беріле бастады. Кейбір құқық қорғаушылар тіпті жоғары білімі жоқ қоғам өкілдеріне мұндай құзырдың берілуіне алаңдаулы.
Соған қарамастан, қоғамдық көмекшілер қозғалысы кеңейіп келеді. Биылдың өзінде 60 мыңнан астам қазақстандық полицейлерге, прокурорларға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне көмекке келді. Олар хабар-ошарсыз кеткендерді, қылмыскерлерді іздеуге қатыса алады, немесе ірі концерттерде, спорттық матчтарда және басқа бұқаралық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қадағалай алады.
Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі қоғамдық көмекшілердің қызметі қатаң бақылауда болатынын мәлімдейді. Өйткені кейбір адамдардың өз мәртебесін бас пайдасына пайдалануы немесе өкілеттігін асыра сілтеуі мүмкін екені де жоққа шығарылмайды. Мысалы, куәлікті орынсыз көрсету немесе белгілі бір проблеманы "шешіп беремін" деп уәде ету секілді жағдайлар орын алуы ықтимал.
"Қоғамдық көмекшілерге полиция өкілеттіктерін иемденуге тыйым салынады. Олар процестік әрекеттерге араласа алмайды, арнайы құралдарды қолдануға құқығы жоқ және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеуге тиіс. Барлық әрекеттер заң шеңберінде және уәкілетті органдардың бақылауымен жүзеге асырылуы қажет", – деп нықтады ІІМ.
Айта кетерлігі, қылмыспен күресуге, қаскөйлерді ұстауға және құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосқысы келетін кез келген азамат қоғамдық көмекші бола алады. Ол үшін адамның кәмелет жасына толуы және соттылығының болмауы жеткілікті. Үміткер полицияға өтініш пен қажетті құжаттарды тапсырады. Осыдан кейін жергілікті әкімдіктер жеті күн ішінде оны қоғамдық көмекші ретінде есепке қояды.