Ақпанда инфляция шарықтау шегіне жетеді – зерттеу

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы (AERC) Қазақстандағы инфляцияға қатысты болжамын айлық деректер негізінде ұсынды. 

Ақпанда инфляция шарықтау шегіне жетеді – зерттеу Фото: inbusiness.kz

Бұл жолғы болжамға сәйкес, Қазақстанда 2023 жылдың ақпан айында инфляция жылдық мәнде 21,06%-ды құрап, шарықтау шегіне жетеді.  Салыстырар болсақ, биылғы жылдың қаңтар айында инфляция жылдық мәнде 20,7%-ды құрады. 

"Ақпан айынан кейін Қазақстанда инфляция бәсеңдей бастайды", – деп жазылған хабарламада. 

Наурыздың өзінде AERC Қазақстандағы инфляция 17,84%-ға, ал сәуірде 16,57%-ға дейін төмендейді деп болжап отыр.  

Дегенмен, Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы наурыз-сәуірде инфляцияның баяулауының негізгі себебі ретінде өткен жылғы жоғары базалық мөлшерлемені атап өтті.  

Еске сала кетсек, былтыр инфляция тек наурызда 3,7%-ға, сәуірде 2,0%-ға өсті.

Дегенмен, AERC ақпан айында инфляцияның баяулауын болжайды.  

"Мәселен, ақпан-сәуір айларында Қазақстанда айлық инфляция сәйкесінше 1,01%, 0,95% және 0,92% болады", – деп хабарлады зерттеу орталығы. 

Салыстырар болсақ биылғы қаңтарда айлық инфляция 1,1% деңгейінде болды.

2023 жылы еліміздегі инфляцияға қандай сыртқы факторлар ықпал етеді? 

Дүние жүзінде инфляция баяулауда.  Халықаралық валюта қорының 2023 жылдың қаңтарында жаңартылған WorldEconomicOutlook мәліметіне сәйкес, әлемнің дамыған және дамушы елдерінің көпшілігі инфляцияның шарықтау шегін 2022 жылдың қарашасына дейін еңсерді.

Сонымен қатар, әлемде азық-түлік инфляциясының төмендеуі жалғасуда.

Бұған қоса, Қазақстанның негізгі сауда серіктесі Ресейде жылдық инфляция бәсеңдеді. Тағы бір фактор – теңізде жүк тасымалдау құны төмендей бастады.

Қымбатшылыққа ықпал ететін ішкі факторларға тоқталсақ

Ішкі факторлардың ішінде елдегі ақша массасының динамикасы қазақстандық инфляцияға айтарлықтай әсер етеді.  

Бүкіл 2022 жыл бойы базалық пайыздық мөлшерлеменің ұлғаюына қарамастан, Қазақстандағы ақша массасы тұрақты төмендеу үрдісін көрсеткен жоқ. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ақша массасының өсу қарқыны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ды құрады.

2022 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстанда атаулы жалақы жылдық мәнде 22,9%-ға және үшінші тоқсанмен салыстырғанда 13%-ға өсті.  Былтырғы жылдың соңында номиналды жалақының жоғары өсу қарқыны маусымдық сыйақылар мен мерекелік төлемдер есебінен болды.

Орта мерзімді перспективада инфляцияны төмендету факторы биылғы жылдың басынан байқалған ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты нығаюы болып табылады.

"Теңгеге экспорттаушылардың валюталық түсімдерді сату бойынша міндеттемесі де қолдау көрсетеді.  Валюталық түсімдерді міндетті сату үлесі 75%-дан 50%-ға дейін төмендегенімен, бұл әлі де ұлттық валютаның нығаюының факторы болып табылады", – деп жазылған зерттеуде. 

Жоғарыда сипатталған факторларды ескере отырып, AERC Қазақстандағы жылдық инфляция 2023 жылдың ақпанында жылдық 21,06% деңгейінде шарықтайды деп болжайды.  Бұл ретте ай сайынғы инфляция қарқынының бәсеңдеуі жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу