АҚШ алдағы екі ай ішінде Сирияда қалған мыңға жуық әскери қызметкерін толық әкетуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Үш америкалық шенеунікке сілтеме жасаған The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Пентагон Сириядан барлық әскерін әкетуге дайындықты бастап кеткен. Ақпаратқа сәйкес, бұл процесті екі айдың ішінде аяқтау көзделіпп отыр. Осылайша АҚШ-тың Сириядағы шамамен 10 жылға созылған әскери қатысуы толық тоқтатылады.
Осы айдың басында АҚШ өз күштерін Сирия, Иордания және Ирак шекарасындағы стратегиялық маңызы бар Эт-Танф гарнизонынан, сондай-ақ Сирияның солтүстік-шығысындағы Шеддади әуе базасынан шығарған. Дональд Трамп әкімшілігі "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қарсы күрестің аяқталуына байланысты Сирияда әрі қарай америкалық әскер ұстаудың қажеттілігі жоқ деген пайымға келген.
Ақ үй әкімшілігі Сирия үкіметімен тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатуды мақсат етіп отырғаны да белгілі болды. АҚШ-тың Анкарадағы елшісі және Сирия бойынша арнайы өкілі Том Баррак бұған дейін Сириядағы америкалық әскери базалар саны сегізден үшке дейін қысқарғанын және алдағы уақытта бір базаға дейін азаятынын айтқан болатын.