Ол Associated Press агенттігіне берген сұхбатында АҚШ-тың ұйымға 160 миллион доллар аударғанын мәлім етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Яғни, Америка Біріккен Ұлттар Ұйымының қарызын ішінара төлеген. Төлем өткен аптада жасалған және БҰҰ-ның тұрақты операциялық бюджетіне аударылған.
Айта кетейік, ақпан айының басындағы жағдай бойынша, Вашингтонның БҰҰ алдындағы жалпы қарызы шамамен 2,19 миллиард долларды құрайды. Бұл – барлық мүше мемлекет қарызының 95%-ы.
Сондай-ақ, АҚШ бітімгершілік операциялары үшін 2,4 миллиард доллар және трибуналдар бюджетіне тағы 43 миллион доллар қарыз болды.
Қаңтар айының соңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйымның қаржылық ережелері қайта қаралмаса жағдайдың қиын екенін растады. Ол барлық 193 мүше елді жарна төлеуге шақырып, егер олай болмаса, ұйымның жақын арада құлдырау қаупі бар екенін ашық мәлімдеген еді.