АҚШ президенті Дональд Трамп әскери қолдау көрсетпеген НАТО одақтастарына үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-қа сілтеме жасап.
Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ұлыбританияны да сынға алды. Ол жақта авиациялық отын тапшылығы болуы мүмкін деген ақпарат тараған.
"Ормуз бұғазындағы жағдай салдарынан авиациялық отынға қол жеткізе алмай отырған барлық елге, соның ішінде Иранды "басып алу" операциясына қатысудан бас тартқан Ұлыбританияға айтарым бар. Біріншіден, отынды АҚШ-тан сатып алыңдар, бізде ол жетіп артылады. Екіншіден, кеш болса да батылдық танытып, бұғазға барыңдар да, керек отынды өздерің алып кетіңдер", – деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, енді НАТО елдері АҚШ-қа арқа сүйемей, өздері үшін күресуді үйренуі тиіс.
"АҚШ ол жақта сендерге көмектесу үшін бармайды. Себебі сендер де бізге қолдау көрсетпедіңдер. Иран іс жүзінде әлсіреді. Ең қиын бөлігі артта қалды. Қажет мұнайды өздерің өндіріп алыңдар!", – деді АҚШ президенті.