АҚШ енді Ресейдің серіктестеріне санкция салуды қарастыруда

5327

Санкциялық "қара тізімге" қазақстандық компаниялар да кірді.

АҚШ енді Ресейдің серіктестеріне санкция салуды қарастыруда Фото: canva.com

АҚШ пен Еуропалық Одақ бұл жолғы жаңа санкцияларын Украинадағы соғыстың екі жылдығы мен оппозиционер Алексей Навальныйдың түрмедегі өліміне орайластырды. 

АҚШ қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемоның түсіндіруінше, санкциялар тек ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенді ғана емес, қажетті тауарларды тасуға көмектесетін үшінші елдердің компанияларын жазалауды көздеп отыр.

Жаңа санкцияларға түсініктеме берген АҚШ Президенті Джо Байденнің айтуынша, Украина жанқиярлықпен шайқасуын жалғастыруда, өзінің тәуелсіздігі мен ұрпағының болашағы үшін қаны мен жанын беруде.

АҚШ лидері осы екі жылда НАТО өз тарихында теңдесі жоқ дәрежеде нығайып, кеңейіп, бірауызды бола түскенін айтты.

Бұл ретте ол "АҚШ бастаған, 50 ел кіретін жаһандық коалиция сол бұрынғыдай Украинаға өмірлік маңызды көмекті бере беретінін" және Ресейді жауапқа тартуды мақсат тұтатынын жеткізді. Дегенмен, Украинаның оқ-дәрісі, снарядтары түгесілуге таяғанына назар аудартқан Байден АҚШ Өкілдер палатасын Сенат мақұлдаған Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасын "тым кеш болмай тұрғанда қабылдауға" шақырды.

Байденнің байламынша, жаңа санкциялар Кремльді бұрынғыдан да көп құн төлеуге мәжбүр етеді.

Америкалық қара тізімнің құпия бөлігі де қарастырылған.

Мәлім болғанындай, оның жаңа санкцияларына "Мир" төлем карталарының ұлттық жүйесі, Татарстанның әскери дрондар (Шахед) құрастыратын "Алабұға" ерекше экономикалық аймағының ондаған кәсіпорны, танктер, суасты қайықтарын, зымырандар, бомбалар, оқ-дәрілер жасайтын және бүкіл Ресей аумағында орналасқан зауыттар ілікті.

Сонымен қатар 3D принтерлер мен сканерлер шығаратын кәсіпорындар, ондаған машина жасау және метал өңдеу кәсіпорындары, ғылыми зерттеу институттары, химия өнеркәсібі кәсіпорындары, электроника мен жартылай өткізгіштер, оптикалық және навигациялық аспаптар және басқаларын жасайтын кәсіпорындар енгізілді.

Олармен қазақстандық компаниялардың ұзақ жылғы байланысы жолға қойылған. Қайталама санкцияға ұрынбау үшін отандық кәсіпорындарға абайлауға, ынтымақтастығын қайта қарауға тура келеді.

АҚШ санкцияларды айналып өтуде Ресейге көмектесетін шетелдік 100-ге жуық компанияға қатысты жаңа шектеулер енгізіп отыр.

Сонымен бір мезгілде Еуроодақ та Ресейге қарсы санкцияларының кезекті 13-ші топтамасын бекітті.  

Еуропалық жаңа санкциялар 106 жеке тұлғаны және 88 компания мен ұйымды қамтиды. Олардың қатарынан ресейлік сот билігінің өкілдері, саясаткерлер, украиналық балаларды заңсыз әкетуге жауаптылар, бизнесмендер және басқалары кірді.

Еуроодақтың 13-ші санкциялық топтамасына: Тула (Алексей Дюмин), ХМАО (Наталья Комарова), Пенза (Олег Мельниченко), Рязань (Павел Малков), Белгород (Вячеслав Гладков) облыстарының губернаторлары, РФ қорғаныс министрлігінің пилотсыз авиациясы орталығының бастығы Александр Федорко, Беларусь Қызыл крест басшысы Дмитрий Шевцов және басқалары, "Авиатек", ВНИИРТ, "МГ-Флот", "Софрахт", Ульянов механикалық зауыты басшылары, Климов патрон зауыты, "Движение Первых" балалар мен жастар ұйымы және өзгесі кірді.

The Wall Street Journal сарапшыларының байламынша, Ресей санкция жағдайында өмір сүруге бейімделіп алды, жаңа санкциялар да оны қаусатпайды және Мәскеудің милитаристік құлшынысын ауыздықтай алмайды. Тек санкциялық тауарларды жеткізудің схема-тізбектерін ұзартады, тиісінше, өнімнің құнын қымбаттатады.

АҚШ Қаржы министрлігінің бағалауынша, 2022 жылы санкциялар қысымымен Ресейдің экономикасы 2,1%-ға құлдырады. Алайда ол сол баяғыдай өзін мықты сезінеді, Росстат дерегінше, 2023 жылы Ресейдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 3,6%-ға өсті.

"Джо Байденнің өзі кезінде Мәскеуге ескерту жасап, егер Навальный түрмеде қаза тапса, қатаң санкцияларын енгізетінін уәде еткен. Соғыстың басталуының екінші жылдығына орай да қатаң санкциялар күтілген. Енді сарапшылар бұл пакеттің ерекше қатаң екеніне шүбәланып отыр. Ресей экономикасының үстінен қаптаған қабат қылып жапқан санкциялардың іс жүзінде тиімділігі шамалы болып шықты. Санкциялардың жұмыс істемейтінін ресейлік ақпарат құралдары жиі қайталап, таратады. Бірақ санкциялардың тиімділігінің төмен болып тұрғанын тәуелсіз экономистер де растайды", – деді BBC экономикалық сарапшысы Ольга Шамина.

Сарапшылар тиімсіздіктің бірнеше себебін атап көрсетеді. Біріншіден, Ресей санкцияларды орағытып өтудің жаңа тәсілдерін жылдам тауып алуда. Мәскеу соғысын әрі ұластыруға керекті заттардың өзге елдер арқылы жеткізілімінің аса күрделі тізбектерін жолға қойды.

Оған шетелдік қаптаған делдал фирмалар тартылатыны сонша, ұштығын табу қиын. Салдарынан, шамамен 70 пайыздайы шетелдік құрауыштардан тұратын әскери ұшақтар, дәлдікті зымырандар, дрондар өндірісі Ресейде жоғарғы қарқынға ие болды.

Екіншіден, Ресей санкция аясында мұнайының бағасына қойылған шектеулерді көлеңкелі флотының көмегімен оңай бұзуда. Бұл экономикасына шетелдік валютаның тұрақты тасқынын қамтамасыз етті. Әйтпесе, Ресейде долларды, еуроны, иенаны, фунтты пайдалануға тыйым салынған. Олар допинг сияқты Ресейдің бойына қуат құяды.

Мысалы, Американың өзі ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерінің аса ірі импорттаушысына айналды. Тікелей емес, Үндістан арқылы сатып алады. Үнділер оны құжат бойынша өзінің тауары ретінде өткізеді. Eurostat дерегінше, 2023 жылы Еуроодақ елдері ресейлік мұнайды, мұнай өнімдерін және газды 29 миллиард еуроға сатып алды. Осылайша, Батыстың өзі Мәскеуді қажетті қаражатпен қамтып жатыр.

Үшіншіден, экономистер қазіргі күйде санкциялардың жеткілікті түрде қатаң еместігіне назар аудартады.

"Санкциялардың тиімділігін арттырудың анық, алайда күрделі саяси тәсілі – Ресейдің серіктес елдеріне қарсы санкциялар енгізу. Ресей мұнайын жалғыз өзі сата алмайды, қандай да бір шет мемлекет оның көлеңкелі флотын өзінде тіркейді, тағы біреуі оның шикізатын шекті бағадан қымбатқа алады. Өзге елдердің банктері сұр импорттың төлемдерін өткізеді. Қосарлама мақсаттағы, әскери өнімдер Ресейге жетуі үшін тиісті тізбекке Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай сияқты елдердің компаниялары мен банктері қатысады. Бұл делдал елдерге, әсіресе, Қытайға санкция салу – ауыр саяси шешім. АҚШ та, Еуропа да ол елдермен арасын суытқысы келмейді. Бірақ бәрі соған бара жатыр. Санкциялық тізімдерде шетелдік тұлғалар мен компаниялар жиі бой көрсете бастады", – деп жазады BBC.

Бұл жолы Батыстың жаңа санкциялық тізіміне Қазақстанда, Үндістанда, Таиландта, Шри-Ланкада, Кипрде, Қытайда, Дубайда, Германияда, Түркияда, Қытайда тіркелген компаниялар пайда болды.

Бірқатар ақпарат құралдары қара тізімге қазақстандық Elem Group кіргенін жазуда. Бұл ЖШС электрондық компоненттерді, өнеркәсіптік жабдықтарды және запастық бөлшектерді тасумен, логистикасымен айналысады. Қазақстанда тіркелген нақты қандай компанияларға санкция қолданылатыны кешірек белгілі болуы мүмкін.

Осы арқылы санкциядан табыс табуға ұмтылған өзгелерге белгі беріліп отыр.

Халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, АҚШ билігі Қазақстан, Түркия, Қытай банктеріне қысым жасап, Ресей мен оның азаматтарының ақша аударымдарын, төлемдерін өткізгені үшін қайталама санкциялар салынатынын ескертуде. Нәтижесінде, біраз есепшот бұғатталған көрінеді.

Қорыта айтқанда, Батыстың жаңа санкциялары сұрапыл қатал, аяусыз емес. Бірақ олар жаңа тенденциядан хабар берді. Ендігі күрес Ресейдің серіктестеріне соққы беруге бағдарланбақ. Дегенмен, Америка және ұжымдық Еуропа Ресейге көмектесетін елдерге тұтасымен санкция салмайтынын, соққылар нақты, нысаналы болатынын, салдарынан ірі компаниялар, жүйе құраушы банктер зардап шегуі, банкрот болуы мүмкін екенін білдірді.

Жаңа Үкіметтің әлі күнге еңсе тіктеп кете алмай жатқан қазақстандық экономиканы жайратып алмауы үшін алдағы іс-қимылдарында, жоба-жоспарларында осы сын-қатерді де ескергені маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу