АҚШ, Германия және Жапонияны басып озды: Қазақстан зейнетақы жүйесі ең тұрақты 8 елдің қатарына енді

1026

Жалпы рейтингте Қазақстан әлемнің 55 елінің зейнетақы жүйесі арасында 29-орынға тұрақтады.

АҚШ, Германия және Жапонияны басып озды: Қазақстан зейнетақы жүйесі ең тұрақты 8 елдің қатарына енді Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Қазақстан зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді орнықтылығы бойынша 8-орынға ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде еліміз 74,4 балл жинаған.

Бұл көрсеткіш зейнетақы жүйесінің болашақта төлемдерді қамтамасыз ету мүмкіндігін, қаржыландыру көздерін, жинақ көлемін және демографиялық өзгерістерге бейімделу қабілетін бағалайды.

Ал жалпы рейтингте Қазақстан 55 елдің ішінде 29-орынға тұрақтады. Қорытынды көрсеткіші 64,8 балды құрап, С+ деңгейімен бағаланды.

Зерттеу барысында сарапшылар зейнетақы жүйесін 50-ден астам көрсеткіш бойынша бағалаған. Олар үш негізгі бағытты қамтиды: зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің ұзақ мерзімді орнықтылығы және оны реттеу мен басқару сапасы.

Үздік ондыққа енген орнықтылық көрсеткішін есептеу кезінде зейнетақы бағдарламаларымен қамтылған жұмыскерлердің үлесі, зейнетақы активтерінің көлемі және халықтың қартаю қарқыны ескерілген.

Сонымен қатар Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару бағыты бойынша 83 балл жинады. Бұл көрсеткіш азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, зейнетақы жүйесінің ашықтығы және жинақтар туралы ақпараттандыру деңгейі негізінде бағаланады.

Зерттеуде Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіне де талдау жасалған. Ол мемлекеттік зейнетақы төлемдерін, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің міндетті жарналарын және ерікті зейнетақы жинақтарын қамтиды.

Айта кетейік, алдыңғы зерттеуде Қазақстанның жалпы көрсеткіші 65 балл болған. Биыл бұл көрсеткіш 64,8 балды құрады. Сарапшылардың бағалауынша, елдің зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді орнықтылық тұрғысынан жоғары нәтиже көрсеткенімен, зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін одан әрі арттыру қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу