АҚШ пен Еуропа елдерінің арасына жік түсті

319

Кейінгі жылдары жаһандық саясаттағы тәртіптің теңселе бастағаны анық көрінді. 

АҚШ пен Еуропа елдерінің арасына жік түсті Фото: emigras.ru

Венесуэлада бір түнде ойран салған АҚШ енді Дания қарамағындағы Гренландияға көз тігіп, 80 жылдан бері тату қарым-қатынаста болған Еуропамен арасын суытты. Енді қандай оқиғалар болуы мүмкін?

Мәселе мінберлерде айтылды

Тараптардың бір-біріне қарсылығы өткен аптада, Швейцарияның Давос қаласында өткен жиын қарсаңында анық байқалды. Ал оның алдында, Еуропалық Одақ пен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың әлсірегені Брюссельде өткен көшбасшылардың төтенше саммитінде де басты тақырып болған. Саммитте Еуропа көшбасшылары Дональд Трамптан өздеріне құрмет көрсетуді талап етті.

Кәрі құрлық көшбасшыларының сөзінше, АҚШ президенті Гренландияны тартып алу үшін Еуропа елдеріне кедендік баж салығын енгізу арқылы қысым көрсетуге көшпек.

Бір қарағанда, бұл елдер бір одақ астында – НАТО құрамында. Соған қарамастан Дональд Трамп одақтастарын қыспаққа алудан тайынбайтын секілді. Өткен аптаның сәрсенбі күні Трамп күтпеген жерден өз ұстанымынан бас тартып, НАТО Бас хатшысы Марк Рюттенің арағайындығымен Арктика қауіпсіздігі жөнінде ұзақ мерзімді келісімге келуді жөн санағаны мәлім болды.

Осыдан кейін Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен өздерінің Трамптың аумақтық талаптарына қарсы тұра алғанын жария етті. Бұған қоса ол Еуропалық одақ енді өзінің экономикалық қуатын нығайтып, АҚШ-тан тәуелсіз болуға шақырған.

Дегенмен Трамптың аннексионистік амбицияларынан туындаған дағдарыстан кейін еуропалықтар әлі де алаңдап отыр. Оның үстіне Трамптың НАТО Бас хатшысымен жасаған келісімінің егжей-тегжейі әлі жарияланбады.

Бұл тұста Франция президенті Эммануэль Макрон "жағдайды бақылап отырғанын, қауіп-қатер төнген жағдайда қолында бар құралдарды пайдалануға дайын" екенін мәлімдеп үлгерді. Яғни, қарулы қақтығыстардың ықтималдығын жоққа шығармаған.

Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен Ақ үймен Гренландияға қатысты мәселелерді талқылауға дайын екенін хабарлаған. Ол АҚШ-тың Гренландияға көз тігуін ашық түрде "қызыл аймақты басу" деп санап отыр.

Трамптың тарифтік қоқан-лоққыларынан кейін "АҚШ-қа әлі де сенуге бола ма?" деген сауал қазір батыс елдерін мазалай беретін сыңайлы. Қазір көшбасшылар дипломатия жолына салып, барынша АҚШ президентінің Гренландияны басып алу жоспары жөніндегі райынан қайтаруға ұмтылып отыр.

Көп ұзамай Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда да бұл мәселе айтылмай қалмады. Әсіресе, Франция басшысы Макрон Америкаға қарата жауап шаралары болатынын ашық айтты.

Еуропа өз әскерін жасақтай ма?

Дәл осы дау жалғасып жатқан тұста Испания билігінің өкілдері өзгеше бастама қозғады. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте мен АҚШ басшысы Дональд Трамптың келісімі жөнінде одақтастардың өздері де білмейтін болып шықты.

Әзірге Еуропалық Одақ елдері келісімде не айтылғаны жөнінде ақпарат беруді сұрап отыр. Сондықтан Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Марк Рютте мен Дональд Трамптың келісімін айыптауда.

– Мен одақтас елдердің барлығының сыртқы істер министрлерімен сөйлестім. Олар да тек хабарландыруды білетін болып шықты. Талқыланған барлық мәселелер НАТО кеңесінің қарауына алынуы керек, – деген.

Келіссөздер жөнінде АҚШ тарапы да толық ақпарат бермеген. Тек аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қол жеткізгендерін хабарлады. Бұған қоса, НАТО-дағы ықпалын күшейтіп, Гренландияда орналасқан америкалық базалардың санын арттыруға мүмкіндік беретіні жазылған.

Испанияның сыртқы істер министрі Гренландияның болашағы туралы шешімді тек Гренландия мен Дания халқы ғана қабылдай алатынын алға тартқан. Бұған дейін Трамп Гренландияны толық сатуға қатысты келісім жасалмайынша, Дания, Франция және Германия мен еуропалық елдерге тариф енгізетінін айтып, сес көрсеткенін білеміз. Бірақ Дания билігі бірнеше рет өз аумағы сатылмайтынын мәлімдеді. Сауалнамаға сәйкес, халықтың едәуір бөлігі АҚШ құрамына кіргісі келмейді екен.

Бір қызығы, Испанияның сыртқы істер министрі АҚШ-тың әрекетін қабылдауға болмайтынын айтып, қарсы тұру жайын қозғаған. Бұл үшін "Еуропалық армияға" қадам жасау керек екенін алға тартты.

– Егер біз бейбітшілік орнаған жер болып қала бергіміз келсе, ешкім бізге соғыс ашып немесе күш көрсетуге тырыспауы үшін шектеулер керек. Ең алдымен еуропалық қауіпсіздік саласында пікірлестер коалициясы құрылып, содан кейін қорғаныс саласындағы кәсіпорындарымызды интеграциялап, еуропалық армия жасақтауымыз қажет, – деп нақты айтқан Альбарес.

Жалпы, жаһандық саясатта жағдай тұрақты емес, БҰҰ-ның іс жүзінде қауқарсыз екені, арасы еш ажырамайтындай көрінген АҚШ пен Еуропаның бір-бірімен қарсыласуы – осыған дәлел. Енді кәрі құрлық елдері Украинамен қақтығысқан Ресейді ғана емес, алпауыт АҚШ-ты да бақталасы ретінде бақылап отыратын сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу