Қатар АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде ілгерілеушілік бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 1news.az басылымына сілтеме жасап.
БАҚ-та Таяу Шығыста жаңа әскери соққылар болуы мүмкін деген хабарламалар тарағанына қарамастан, АҚШ пен Иран қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге ниетті. Бұл туралы Қатар Сыртқы істер министрлігінің БАҚ және коммуникациялар департаментінің директоры Ибрагим Сұлтан әл-Хашми айтты.
"Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында ықтимал соққы туралы хабарламалар пайда болды. Алайда, біз екі тараптан да қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу қажеттігі туралы оң мәлімдемелер айтылып жатқанын байқап отырмыз", – деді дипломат брифингте.
Оның сөзінше, келіссөздерде ілгерілеушілік бар әрі делдалдар бұл бағытта белсенді әрекет етіп отыр.
Ибрагим Сұлтан әл-Хашми дүйсенбі күні Қатардың премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдель Рахман Әл Танидің Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенін айтты. Жүздесудің жақсы өткені, келіссөздер ілгерілеушілікке қол жеткізуге бағытталғаны атап өтілді.
Қатар АҚШ пен Иран арасындағы жанама келіссөздердегі негізгі делдалдардың бірі болып отыр. Қараша айының басында қатарлық делегация Тегеранға сапарлап, Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчимен қақтығысты реттеу жолдарын талқылады.
Әмірліктің сыртқы ведомствосы хабарлағандай, Вашингтон мен Тегеран Қатардың ұсыныстарын пысықтап жатыр.