"Abraham Lincoln" ұшақтасымалдағыш тобы Таяу Шығыстағы АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) жауапкершілік аймағына жетті. Бұл туралы қолбасшылықтың баспасөз қызметі X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі уақытта Abraham Lincoln ұшақтасымалдағыш тобы Таяу Шығыста өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау үшін орналастырылды", – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, Орталық қолбасшылық кемеге және оның бортындағы ұшақтарға қызмет көрсетіп жатқан теңізшілердің суреттерін жариялады. Баспасөз қызметі суреттердің 26 қаңтар күні ұшақтасымалдағыш Үнді мұхитында қозғалып бара жатқан кезде түсірілгенін нақтылады.
Әскери күштер ұшақтасымалдағыштан бөлек, аймаққа қосымша F-15 және F-35 жойғыш ұшақтарын, жанармай құятын ұшақтарды, әуе шабуылына қарсы қорғаныстың қосымша жүйелерін орналастырған.
22 қаңтар күні Израильдің Haaretz басылымы АҚШ-тың Таяу Шығысқа USS Abraham Lincoln ұшақтасымалдағышын жібергенін жазды. Келесі күні АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранға қарай АҚШ-тың ірі флотилиясы бара жатқанын айтты. Ол Вашингтон Тегеранды жіті бақылап отырғанын жеткізді.
Кейін Израильдің тағы бір арнасы АҚШ-тың жақын арада Иранға шабуыл жасауы мүмкін екенін хабарлады. БАҚ-тың мәліметінше, демалыс күндері АҚШ пен Израильдің әскери басшылығы кездескен. Кездесу барысында америкалық тарап шабуыл туралы әлі нақты шешім қабылдамағанын, бірақ ықтимал операцияға дайындықтың барлығы аяқталғанын айтқан.
Айта кету керек, бұған дейін Иран көсемі Трамптың қоқан-лоққысынан кейін арнайы бункерге жасырынғанын жазғанбыз. Иранның жоғары лауазымды шенеунігі кез келген шабуылды Иран жаппай соғыс ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Дональд Трамп Иран халқын наразылықты жалғастыруға шақырды. Осылайша ол наразылық білдірушілерге қолдауын жеткізді.