АҚШ пен Иран атысты 45 күнге тоқтатуды талқылап жатыр

Axios дерегінше, бұл – соғысты тоқтатудың ең ауқымды дипломатиялық бастамасы.  

АҚШ пен Иран атысты 45 күнге тоқтатуды талқылап жатыр Фото: AP Photo / Vahid Salemi

Қазіргі уақытта АҚШ, Иран және аймақтық арағайын елдер 45 күндік уақытша атысты тоқтату жөніндегі шарттарды талқылап жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Келіссөздерге Мысыр, Түркия және Пәкістан арағайын ретінде қатысып отыр. Сонымен бірге Дональд Трамптың арнайы өкілі Уиткофф пен Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи арасында жазбаша деңгейдегі тікелей дипломатиялық байланыс жүруде. 

Келіссөздер қарқынына қарамастан, Axios жақын 48 сағатта аралық келісім жасалуы "төмен ықтимал" деп бағалайды. Тараптар бірқатар негізгі талаптар бойынша ортақ шешімге келе алмай отыр. 

Егер келісім орындалмаса, қақтығыс Иранның азаматтық инфрақұрылымына кең ауқымды соққылар жасалуы мүмкін жаңа кезеңге өтуі ықтимал. Бұл Парсы шығанағындағы мұнай-газ және су инфрақұрылымына да айтарлықтай қауіп тудырады.

Уақытша атысты тоқтату үшін Иран 2 негізгі тетігін беруге дайын емес. Мұны әу бастан-ақ байқатып келеді. Біріншісі, Ормуз бұғазын жабу немесе ашуды бақылау құқығы. Бұл Тегеранның басты қысымы саналады. Екіншісі, байытылған уран бағдарламасы. Бұл да – батыспен саудаласуда стратегиялық құрал. Тегеран үшін бұл екі фактор – АҚШ-пен келіссөздегі ең күшті позиция.

Бүгінде АҚШ пен Иран келісімінің тағдыры әлі де шешілер емес. Егер 45 күндік мораторий жөніндегі құжат әзірленбесе, Парсы шығанағындағы жағдай энергетикалық нарықтар мен бүкіл аймақтық қауіпсіздікке әсер ететін жаңа, қауіпті кезеңге өтетіні анық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу