АҚШ Путиннің Украинадағы соғысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдамаған

1691

Сондықтан Ресей "соғысты қанша қажет болса, сонша жалғастыруы" мүмкін. 

АҚШ Путиннің Украинадағы соғысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдамаған Фото: wikinews.org

Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғысты тоқтату туралы ұсынысын АҚШ делдалдар арасындағы байланыстардан кейін қабылдамады. Бұны осы жайттан хабары бар ресейлік үш дереккөз "Рейтер" агенттігіне берген сұқбаттарында айтқан.

Путиннің бұл сәтсіздігі Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең қанды қақтығыстың үшінші жылға ұласатынын және әлемдегі ең ірі екі ядролық державаның бір-бірінен қаншалықты алшақ екенін көрсетіп берді.

Америкалық өкілдер болса, Мәскеумен ресми байланыс болғанын жоққа шығарып, Вашингтонның Украинасыз келіссөздерге қатыспайтынын ескертті.

Аталған дереккөздерге жүгінсек, Путин 2023 жылы Вашингтонға ашық түрде және жеке делдалдар арқылы, соның ішінде Мәскеудің Таяу Шығыстағы араб серіктестері  мен басқалардың көмегімен, Украинадағы атысты тоқтату туралы келісімді қарастыруға дайын екендігі туралы сигнал берген.

Путин соғысты қазіргі күйінде тоқтатып қоюды ұсынып, Ресейдің бақылауындағы Украина аумағының ешқайсысын қайтаруға ниет байқатпаған. Кремльдегі кейбіреулердің пікірінше, бұл белгі бейбітшілікке апаратын ең жақсы жол болар еді.

2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың басындағы талқылаумен таныс және атын атамауды сұраған жоғары дәрежелі ресейлік дереккөз "Рейтер" агенттігіне айтқандай, осы мәселе бойынша "америкалықтармен байланыс еш нәтиже бермеген" екен.

Ал екінші ресейлік дереккөздің айтуынша, америкалықтар делдалдар арқылы Мәскеуге хабарласып, Украинаның қатысуынсыз атысты тоқтатуды талқыламайтындарын айтқан. Сондықтан бұл бағыттағы байланыстар сәтсіз аяқталды.

Талқылаулардан хабары бар үшінші дереккөзге жүгінсек,  "америкалықтармен бәрі күйреді, себебі, олар Украинаға қысым көрсеткісі келмеген".

Дегенмен, Кремль, Ақ үй, АҚШ Мемлекеттік департаменті және Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) осы жайтқа байланысты түсініктеме беруден бас тартып отыр.

Зеленский жер беруге дайын емес

Путин 2022 жылдың ақпанында Украинаға мыңдаған әскер жіберіп, Донбасстағы украин күштері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы сегіз жылға созылған қарулы қақтығысты кең ауқымды соғысқа ұластырды.

Украина өзінің өмір сүруі үшін күресіп жатқанын айтады. Ал Батыс Путин басқыншылығын "қырғи-қабақ соғыстан" кейінгі халықаралық тәртіпке қайшы келетін империялық үлгідегі жер басып алу әрекеті деп есептейді.

Украина президенті Владимир Зеленский болса, Ресейдің Украина жеріне бақылауын ешқашан қабылдамайтынын ескертіп, Мәскеумен кез келген байланысқа тыйым салып отыр.

Вашингтонда аты-жөнін атамауды сұраған америкалық шенеунік АҚШ-тың Ресеймен ешқандай келіссөздер жүргізбегенін және Вашингтонның Украинаның сыртынан әрекет етпегенін айтады.

АҚШ өкілінің ойынша, үкіметке кірмейтін ресейліктер арасында бейресми әңгіме болған сияқты, бірақ оған Америка Құрама Штаттарының әкімшілігі қатыспаған.

Путин өткен аптада америкалық ток-шоудың жүргізушісі Такер Карлсонға сұқбат бергенде де Ресейдің "диалогқа" дайын екенін айтты.

Байланыстар

Делдалдар Түркияда 2023 жылдың соңында кездесті, деп хабарлайды үш ресейлік дереккөз.

Төртінші дипломатиялық дереккөз Ресей-АҚШ арасында келіссөздер болғанын айтты. Ресейдің бастамасымен жүргізілген бұл кездесу еш нәтиже бермеген.

Үш ресейлік дереккөздің сөзінше, Путиннің сигналы Вашингтонға жеткізіліп, онда АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан, Орталық барлау басқармасының директоры Билл Бернс және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен кездескен.

Және де бұл жиында Салливанның Путиннің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаковпен сөйлесіп, келесі қадамдарды белгілейтіні туралы идея айтылған.

Бірақ қаңтарда Мәскеуден қоңырау шалынғанда Салливан Ушаковқа Вашингтон қарым-қатынастың басқа аспектілері туралы сөйлесуге дайын екенін, бірақ Украинасыз келіссөздерге қатыспайтынын жеткізген.

"Соғыс жалғасады"

Ресейлік дереккөздердің бірі айтқандай, Мәскеу Құрама Штаттардың Украинаны келіссөздерге итермелемей, қайта оны қаржыландырып жатқанына ренжулі.

"Путин олардың ештеңе істемейтінін білді. Және де ол Батысты екі ай бойы жасақталған байланыстардың тамырына балта шапты деп айыптап отыр", - дейді атын атамаған ресейлік өкіл.

Өзге бір ресейлік дереккөздің сөзінше, Құрама Штаттар Путиннің шынайылығына сенбейді.

"Америкалықтар Путиннің атысты тоқтату ниетіне сенбеді. Ал Путин соғысты доғару мәселесін талқылауға дайын. Екінші жағынан, Путин қанша қажет болса, сонша соғысуға бар", - дейді ресейлік дереккөздердің бірі.

Оның айтуынша, Кремль бұл мәселе бойынша АҚШ-пен одан әрі байланыс орнатудың қажеті шамалы біледі, сондықтан соғыс жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу